Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік келтірген дәйек бойынша, биыл Шығыс Қазақстан облысына нормасынан алты есе көп қар түскен. Бүгіндері аталған облыста табиғат мінезін сан құбылтып тұр. Өңірдің бір жағын түтеген боран қалың қарға орап, жүріске жол бермей жатса, тағы бір жағында Қытайдан ескен жылы желдің салдарынан Тарбағатай тауында еріген алапат қардың суы етегіндегі елді мекенді алып кеткен. Соңғы мәліметтер бойынша, Тарбағатай ауданында 30-дан астам елді мекен, 19 қыстау тасқынға бой алдырған. Адам шығыны тіркелмеген, бірақ қырылған төрт түлік малда есеп жоқ. Бір деректер бойынша, ұсақ малды санамағанда, арам өлген ірі қараның басы 11 мыңға жеткен. Аймақтағы ауыр жағдайды есепке алсақ, келтірілген бұл цифр өсе түседі деп болжануда. Қалай дегенмен де, «біткен іске сыншы көп» демекші, қазір ел арасында осы апаттың келтірген шығыны мен зардабын шектеуге болатындығы айтылып қалуда.
Бұл төтенше жағдай аталған өңірге деген табиғаттың салған бір сыны болса, сол секілді ол қиын-қыстау сәтте халқының алдында басшыларын тезге салған «есебі» болды деп айтса да болады. Бұлай дейтін себебіміз – мұндай жағдайдағы әкімқаралардың мақсаты айқын: тасқыннан ауылын аман алып қалу еді. Әрі бұл апат жаппай орын алғандықтан, оны еңсеру ісі елдің көз алдында өтті. Сондықтан оның дәйектерін өзгертіп, мағынасын жақсартып көрсететін қағаз жүзіндегі есептен айырмасы жер мен көктей.
Әрине, басынан тағдырдың небір сынын өткізіп, шар болаттай ширыққан басшы мұндай қиын-қыстау кезеңде даурықпадан гөрі, нақты іске ден қояры сөзсіз. Тарбағатайлықтар қазір сондайлардың біріне Ойшілік селосының әкімі Жұмангүл Баяхметованы жатқызады. Ол – 20 жылдан астам уақыт осы өңірде әртүрлі басшылық қызмет атқарған, осы елді мекеннің де, табиғатының да мінезін жақсы білетін кісі. «Ауа райы күрт жылуы мүмкін» дегенді ести салысымен, қасына ауылдың төрт жігіті мен екі тракторын ерткен сол әкім әйел тау жотасындағы қалың қар мен топырақтан бөгет жасап, алдын ала таудан еріп келер судың арнасын ауыл сыртына қарай бұрып жіберген, сөйтіп Ойшілік тасқыннан дін аман қалған. Ал, керісінше, Көкжыра ауылының әкімі апат орын алар күннен бір апта бұрын ауданға «жоғарылап» кетіпті. Сөйтіп, жазықта жатсадағы, тасқын суына бой алдырған ол ауылды тұрғындары тастап кетуге мәжбүр болған. Қазір Көкжыра ауылы тұрғындарының бірі – Сәтбайды, бірі аудан орталығы Ақсуатты паналауда. Онда да аурухананың, мектептің, өрт сөндіру мекемесінің суық ғимараттарын. Егер алдын ала қағылған дабылға құлақ асар Ойшіліктегідей әкімқара болғанда, Тарбағатай ауданының басқа да елді мекенін аман алып қалуға болар ма еді?.. Осы жағынан алғанда, жергілікті әкімшіліктегі кадр мәселесін тағы бір қырынан қарау өздігінен сұранып тұрған секілді. Ал бір ауылды жұттан аман алып қалған Жұмангүл апайдың еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп есептейміз.
Жалпы, бүгінгі жергілікті әкімшіліктегі кадрдың қадірі туралы саясаттанушылар өз пікірін былайша білдіреді.
Шәріпбек ӘМІРБЕК, саясаттанушы:
– Негізі, кез келген төтенше жағдайда әкімнің міндеті – апаттан ауылды аман алып қалу. Алайда Қызылағаштағы жайтты ескерсек, Жұмангүл апайдікі – ерлік. Сондықтан ол кісі бізде қандай мақтау-марапат түрі бар, соның бәріне лайық деп білемін.
Қазір көп әкімқаралар өз еркімен бастама көтермек түгіл отырған орнынан оңайшылықпен қозғала қоймайды. Көпе-көрінеу желдірме сөзге әлдеқандай болып, кеудесіне «нан» піскен басшыдан қайыр күтудің де қажеті жоқ. Осы жағынан алғанда, кадр сапасы, әсіресе, өңірлер бойынша өзекті екенін байқатып қалады. Қазір – ақпараттық технология заманы. Халық бәрінен хабардар болып отырады. Сондықтан оларды алдап-арбау мүмкін емес. Ендеше, өңір басшылары да заман талабына жауап беріп, халықтың көкейіндегі барлық сауалға шынайы жауап беруге тырысуы керек. Халықпен бетпе-бет жүздессін, сайт арқылы тілдессін, бірақ бірде-бір мәселені күмән туғызатындай етіп жасырып-жаппауы тиіс. Оларда әмбебаптық жетіспейді. Ал бүгінгі заманның әкімқаралардан талап етері – осы.
Уәлихан ТӨЛЕШОВ, саясаттанушы:
– «Күннің күрт жылуы мүмкін» деп ескерту жасалған, осы мәселемен айналысқанның орнына, аудан әкімі кадрлық өзгерістерге басын қатырады. Неге?.. Апатты жағдайда бір ауылды басшысыз қалдыру – жауапсыздық. Әрине, осы бір мысал Жұмангүл апай секілді басшының бізде жетіспей жатқандығын байқатады. Олай болса, мұндай кадрларды қадірлеу керек. Мүмкін, ол кісіні аудан орталығына сайлау керек шығар. Осындай адамдардың қатары көбейе берсе, жергілікті билік функциясынан ауытқымайды, барлық жағдай бақылауда болады. Қызылағаштағы жағдай жергілікті биліктің өз қызметін атқармай отырғанын байқатты. Мұның өзі – үлкен апат. Басшысы тұрғындарының қамымен емес, бір дөйдала іспен айналысып жүрген, қараусыз, бақылаусыз жатқан бізде елді мекендер көп. Сондықтан оларды облыс басшылығы анықтап, мәселені шешуі керек. Олай болмаса, аталған мәселемен үкіметтік емес ұйымдар және тағы басқа саяси институттар айналыссын.