Тарбағатай тасқынмен әлек

Табиғат апаты Ақсуатты әбігерге салып жатыр. Ауылдарды топан су жайлағалы аптадан асты. Бұрынғы Ақсуат, қазіргі Тарбағатай ауданына қарасты 20 елді мекен – су астында. Ауылдағы жағдай ауыр, ақ түтек боранның салдарынан Семейден шыққан гуманитарлық көмектің де жетуі мұңға айналды. Табиғат апаты төтенше қызметтердің дайын еместігін көрсетті. Өңірде арнайы техника жоқтың қасы. Бұқараның тек құжаттарын алуға шамалары келген. Баспана мен дүние-мүлік тіпті төрт-түліктің түгелі су астында қалды. Қазір аймақта ауа райы құбылмалы. Температура бірден төмендегендіктен, су басып қалған баспаналар мен мал-жан түгелімен тірідей мұз құрсауында қалды.

Оралтай ТАЛАСБАЕВА, Көкжыра ауылының тұрғыны:
– МЧС-тан бір ғана машина жүрді, өз көзім көрді. Осы Сәтбаев мектебіне келгенімізге, міне, төртінші күн. Алғашқы күндері жағдайымыз жаман болды, балалар мен үлкен адамдар еденде жатты. Халықтың басына түскен қиын жағдайдан ашындық, жан-жаққа хабарласа алмадық, байланыс техникаларымызды, интернетті істетпеді. Жағдайымыз ауыр.

Тасқын Үштөбеден басталды
Ақсуаттағы алапат тасқын алдымен Үштөбеден басталды. 17 наурыз күні өңірде күн райы бірден +23 градусқа көтерілген. Жылдағыдан бес-алты есе артық түскен қардың төрттен бір бөлігі көзді ашып-жұмғанша еріді. Өкпетінің баурайындағы халықтан береке кетті. Қызыл су екі үйге еніп, бірнеше қора-жайды шайып кетті. Баспаналар құламағанмен, қоралар қопарылып, мал басы шығынға ұшырады. Арнасынан асқан Боғас өзені ауылдың кіре берісіндегі маңызды көпірді алып кетті. Кешке қарай күн бірден 0-градусқа түспегенде, қазір ауылдың орнында қалар, қалмасы беймәлім еді...

Сәбидің шетінеуіне кімді кінәлаймыз?
Үштөбе мен Қызылкесік арасы 40 шақырымдай болса, бұл жерден аудан орталығы Ақсуатқа дейін – 140 шақырым. Қыс қылаң бергелі маңайдағы ауылдармен қатынас үзілген. Жол әлі күнге ашылмай тұр. Аршитын техника атымен жоқ. Әсіресе сырқат жандар үшін жағдай шиеленіскен. Айы-күні жеткен екі әйелді босандыруға ауылдың дәрігері қауқарсыз болғандықтан, облыс орталығынан тікұшақ шақыртқан. Тағы бір жас босанатын ананы Ақсуатқа жеткізе алмағандықтан, ауылда босандырған. Өкініштісі сол, сәби ана құрсағында шетінеп кеткен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жас ананың өмірі де сол күні қауіп үстінде болыпты. Әйтеуір ауылдың бас дәрігері әйелді ажалдан аман алып қалыпты.

Қайрат НҮРЕКЕШОВ, Үштөбе ауылының тұрғыны:
– Жол қатынасы жоқ. Елдің отын-суы, азық-түлігі таусылды. Тасқыннан аман болғанымызбен, жолдың жоғы әбден жанымызға батты. Ең бастысы, бізге трасса саламыз дегелі бірнеше жыл болды. Әне бюджетке кірді, міне кірді дейді де, бәрі құрғақ уәдемен шектеледі. Трасса болмағандықтан жолды ешкім тазаламайды. Көпбалалы аналардың жағдайы қиындап кетті. Ақсуаттан екі тягачпен азық-түлік келе жатыр деген, ақшасына болсын, әйтеуір, жіберіп жатыр. Малдар қырылып жатыр. Жем мен шөп тапшы. Біздің малдар жайылыммен шығатын. Оның түгелі биыл қар астында қалды. Көмір де таусылғалы қашан. Әйтеу отыны, қиы барлар бір-бірінен сұрап, өлместің күнін кешіп жатыр. Дәрі-дәрмек деген мүлде бітті. Ауыл дәрігері телефонмен ауданға шығып, көрінгенге тапсырады. Оған жол жоқ болса, кім қол ұшын созады?

Үштөбеліктерден әлі қауіп сейілген жоқ
Үштөбеде 200-дей отбасы түтін түтетіп отыр. Бүкіл ауылда үш телефон. Оның бірі ауыл тұрғыны Қайрат Нүрекешовтің үйіне орнатылса, енді бірі – мектепте, ал үшіншісі – тікелей байланысқа шығатын телефон. Аяқасты оқыс жағдай болса, ауылдағы ағайын Қайрат ағаның үйіндегі жалғыз телефонға телміреді. Жергілікті халықтың сөзіне қарағанда, өңірден әлі қауіп сейілген жоқ. Өйткені Тарбағатай-Өкпеті бауырындағы қалың қар әлі қозғалмаған. Кешелі бері Үштөбеде күн қайта жылына бастапты. «Егер өткендегідей күн қатты ысып кетсе, етекте отырған ағайын топан судың құрбаны болуы әбден мүмкін», – дейді ауыл халқы.

Мейрам ОРАЛОВ, Ақсуат ауылының тұрғыны, қарт журналист:
– Ащы да болса шындық жақсы. Мен бір шындықты айтайын. Негізі, қаңтарда әкімдердің есеп беруі кезінде осы тасқын мәселесі көтерілген. Ел азаматтары жергілікті биліктің құлағына сол кезде құлаққағыс еткен болатын. Олар қам-қарекет жасамады. Мен осы өңірде 40 жыл журналист болып жүрмін. Мұндай қар суы кезінде де болған. Тек бір айырмашылығы – ол кезде күш көп. Әрбір фермаға екі-үштен трактор бөлінетін. Қазір халықтың қиналғаны қыстың қаттылығынан емес, күштің тапшылығынан. Сосын тағы бір жайт, көкжыралықтар көктемде, күзде шабындықты суаратын. Науқан аяқталғанда судың арнасы жабылмай қалған. Бұл жайтқа да жергілікті билік атүсті қараған. Әкімшілік қадағалау керек қой. Ал Көкжыраның әкімсіз отырғанына жылға тақады. Әкім жоқ. Алдындағы әкім кетіп қалды. Әкімсіз қаңғырып қалған халықтың мұңын айтар жан болмады ғой. Тағы бір мәселе, Тарбағатай ауданы бойынша 17 әкімшілік болса, Көкжыра – Ақсуат пен Ақжардан кейінгі үшінші үлкені. Ал ақжарлықтар болса, келіп жатқан күшті өздеріне қарай тартып жатыр. Оларда бірен-саран болсын техника бар.

 

Қызылкесіктегі бір көпірдің құрылысы басталды
Қызылкесіктің әкімі ауыл жағдайына алаңдайтын дәнеңе жоқ деп отыр. Серікбек Қонысбаевтың айтуынша, ауылдың жоғарғы бөлігіндегі көпірдің құрылысы басталып кеткен. Ол үшін Зайсаннан мамандар, арнайы техникалар келген. Қажетті материалдар жеткізіліп жатыр. Әкімнің сөзіне сенсек, бұрын тек жаяу адамдар өтетін ағаш көпірдің орнын енді үлкен-үлкен автокөліктер өтетін керемет көпір салмақ. Ал республикалық маңызы бар тас жолдағы (ауылдың төменгі бөлігіндегі) екінші көпірді қалыпқа келтіру үшін қазір мамандар жұмыс істеп жатыр. Алдымен жобасы жасалады. Бірақ құрылысы қашан басталары беймәлім. Бірақ осылай болғанмен, халық үрейден сейіле алар емес. Өйткені маңайда тау-тау болып жатқан қарды аршитын техника жоқ. Күн бірден ысып кетсе, жаңадан салынатын көпір тұрмақ, бүкіл ауыл топан суда қалуы ықтимал. Ал маңайдағы қыстақтардағы мал шығынында есеп жоқ.

Гу-гу...
Қызылкесікке кеше бір машина шөп жетіпті. Бір түгі 800 теңгеге дейін шырқаған. Бірақ небәрі бір сағатта мал азығы талан-таражға түсіп, жоқ болған. Ал ауылдағы АИ-80 маркалы бензиннің құны – 90 теңге, солярка атымен жоқ. Сықсаң таппайсың. Жарық сөнгенде елдер бір-біріне «қасықпен» солярка сұрап жүгірісіпті. Құныққандар онсыз да қиындыққа тап болған ауыл халқын қанап әлек. Жемнің құнын 1500 теңгеден сатса, ұнның қабын 2300, 2500 теңгеден саудаға салуда. Онсыз да тиын санап отырған халық ашуға мініп, наразы болып жатқан көрінеді. Бір үйге су толып кетіпті. Иесі шыр-шыр етіп жүр. Ал кейбіреулердің моншаларына дейін су басқан. Құлағалы тұр. Елде тамақ таусылған. Дүкендер бос. Үштөбеліктер шай жоқтығынан сама қайнатып отыр екен. Аягөз бен Ақсуат арасындағы жол әлі күнге ашылмаған.

Босып жүрген халықтан береке қашты
Қызыл судан Ақсуаттың ірілі-ұсақты бірнеше ауылдары зардап шекті. Олар Қызылкесік, Жәнтікей, Көкжыра, Көктүбек, Серіктес, Қызылжұлдыз, Қожагелді, Есім сынды ауылдар. Баспаналарын топан су жайлаған халық қазір сол маңдағы ауылдарға шоғырландырылған. 20 мыңнан артық адам Сәтбаев, Тана мырза, Қарғыба, Қарасу ауылдарындағы мектептерді, бала-бақшаны паналап жатыр. Аудан орталығы Ақсуаттағы интернаттар мен мектептер де халыққа лық толы. Бір емес, бірнеше ауыл баласы қайда оқиды, бұл әзірге басы ашық мәселе. Өз үйі – өлең төсегін сағынған халықтан маза қашты. Алды күйзеліс пен түрлі сырқатқа шалдығып жатыр. Соңғы түскен мәліметтер бойынша, аймақтан жеті мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. 400-дей үйді тасқын шайып кетті. Ал мал шығынында тіптен есеп жоқ. Өңірде 35 мыңға тарта мал қырылған.

Бақытгүл САДУБАЕВА, Көкжыра ауылының тұрғыны:
– Ең біріншіден, оқушылар білімсіз қалатын болды. Көкжыра мектебінде 620 оқушы бар, соларды қайда апарады, ата-аналары болса мына жақта, балалары Ақсуатта жатыр. Балалар ата-аналарынан ажырап, қалай сабақ оқиды. Көктүбектегі жағдай да осындай. Мектепті су алған. Мұғалімдердің кредиттері бар, оны қалай төлейміз, балаларымыз ақылы оқуда оқиды, оны қайтеміз?

Ауылдар жарықсыз отыр
Тасқыннан Қарғыба өзеніндегі көпір де бүлінді. Ол арқылы өтетін автокөлік қозғалысына тыйым салынды. Көкжыра, Серіктес, Жәнтікей ауылдарында электр жарығы жоқ. Елді мекенде болған төтенше жағдайлар жөніндегі министр Владимир Божко бұл тасқынның бірінші толқыны, алда жағдай бұдан да ушығуы мүмкін екенін жасырмады. Әзірге тұрғындарға көрсетіліп жатқан көмек мардымсыз, техниканың өзі Өскеменнен үш күн жолда қалып, әрең жеткен.

Керуен кетті ауылға
Қазір тасқыннан зардап шеккен өңірге ел азаматтары барынша көмек көрсетіп жатыр. Таяуда Семейден екі «КамАЗ» көлігіне тиелген аса қажетті заттар мен киімдер, азық-түлік, дәрі-дәрмек тиеген керуен жолға шықты.

Ал наурыздың 22-де «Нұр Отан» партиясының Семей филиалы Тарбағатай ауданындағы Көкжыра ауылына 15 тонна гуманитарлық жүк тиелген «КамАЗ» көлігін аттандырса, келесі күні Тарбағатай ауданының топан судан зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсету қоғамдық штабының төрағасы Нәдірбек Әпсәләмов екінші керуенді өзі бастап кетті. Осы жерде айта кетейік, табиғат апатының залалы тиген ауыл халқы үшін Семейде арнайы штаб құрылған болатын.

Семейден таңғы сағат сағат 9.30-да аттанған көлікке 25 тонна жүк тиелген. Оның алты тоннасы Семейдегі орталық мешіттің ұйымдастыруымен жиналса, «Қызыл крест» қоғамы 674 килограмм киім-кешек, былғары-тері зауыты ұжымы аяқ киімдер, жылы күртешелер берген. Көлікте азық-түліктен ұн, нан, макарон өнімдері, қант-шай бар. Қан қысымын төмендетуге, жүрек ауруларына т.б. арналған дәрі-дәрмектер мен жас сәбилерге арналған керек-жарақтың бәрі дерлік ұмыт қалған жоқ.

Бұл бастамадан Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Е. Сыдықов, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры М. Ескендіров, Семей бухгалтерлік колледжінің, кәсіби бухгалтерлер институтының директоры Бақытбек Мәзімбаев, №17 отбасылық-дәрігерлік емханасының бас дәрігері Айдын Нұрдыбаев, Қазақ гуманитарлық-инновациялық заң университетінің ректоры Шырын Құрманбаева, «Қайнар» университетінің ректоры Ләйлә Маусымбаевалар да тыс қалмапты. Ауылдағыларға көмек беруге зейнеткерлер мен кейбір мектеп оқушылары да үлес қосып жатыр.

 Осы керуенмен бірге шығып, екі көлік көмір жеткізбек болған ақсуаттық жерлесіміз Мұрат Керімбаев көмір тиеген көліктердің Семейге жетіп үлгермеуіне байланысты бүгін аттанбақ.

Айта кететін бір жайт, жергілікті жердегі дүкендерде де азық таусылған. Сондықтан алыстан жеткен тасымал азық-түліктің де «алты айлық азық» болмасы анық. Ал бір үйде бірнеше отбасы шоғырландырылғандығын ескерсек, қысылтаяң жағдайға тап болған халықтың бір жапырақ нанды да үнемдеп жеуге мәжбүр болып отырғаны шындық.

Жүк көлігін бастаған екі жеңіл көліктегі топ қандай да болсын көмекке зәру болып отырған Тарбағатай ауданына осылайша жол тартты.

Тасқын алған өңірдегі қардың қалыңдығы мен өзен арналарын бұру қиындық келтіруде. Арнайы құрылған комиссия үйлердің жағдайын тексеріп, қырылған мал басын санап жатыр. Облыс әкімінің сендіруінше, соған байланысты тұрғындардың әрқайсысына өтемақы төлеу туралы шешім қабылданатын болады.

Нәсен СЕМБАЕВ, ел ағасы, еңбек ардагері:
– Қаламыздағы белгілі ел азаматтары бас болып, ауылдағы ағайынға көмек көрсетуге жұртты жұмылдырып жатыр. Бастамашы топтың ішінде Қазақ қаржы-экономикалық академиясының президенті Нәдірбек Әпсәләмов, дербес зейнеткер Болат Сапоров, СЭС бастығы Бағлан Шегедеков, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей аймағы бойынша өкіл имамы Тыныштық қажы Яхияұлы сынды көптеген азаматтар бар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста