Асыл тұқымды мал өсіру әлемдік тәжірибеде өте қымбат тұратын, жоғары технологиялық жоба болып табылады. Жоғары тұқымды малдың эмбриондарын алып, жасанды жолмен жай тұқымды малға салып, одан асыл тұқымды мал алуға болады. Бұл эмбрион кемі 1000 доллар тұрады. Әлемдік нарықта оның бағасы да жыл сайын қымбаттап барады. Бірақ АҚШ-тан 20 мың долларға сиыр тасығаннан арзандау. Расы – осы.
Дауға айналған Дайрабайдың сиырлары емес, отқа май тамызған америкалық сиырлар Парламент отырысында көкпар тартқан көн тулақтай болған-ды. Алпауыт елден «ұшып келетін» сиырыңыздың жол пұлы да оңай емес. 600 мың теңгеге шығады екен. «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ төраға кеңесшісі Оңғар Дауылбаев: «Елімізде асыл тұқымды мал жоқтың қасы», – деп уәж айтқан болатын. Төраға кеңесшісінің уәжіне тағы да құлақ ассақ, алда тағы да 3 миллион бас Зеңгі баба тұқымын сатып алуымыз керек екен...
Елімізде асыл тұқымды мал болған. Бұрын. Әлі де бар. Бірақ аз. Алайда асыл тұқымды қазақстандық сиырларды көбейту – қолда тұрған тірлік. Тек құлық болса болғаны. Теңіз асып, тау асып келгенімен, жерсіне алмай, ажал құшатын қымбат сиырларға құмбыл болғанша, өзіміздікін өсіруге ынта болсын деңіз. 2004 жылы қабылданған Бюджеттік кодекске сәйкес, «Мал дәрігерлік қызметі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жабылған болатын. Сол жылдарға дейін тәп-тәуір қызмет атқарып келген кәсіпорынның алар орны ерекше еді. Осындағы мал дәрігерлері малды емдеумен қатар, асылдандыру ісін де қоса атқарып келген-тін. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында 2002 жылы 122 ұрықтандыру бекеті жұмыс істеп, 42,5 мың бас мүйізді ірі қара қолдан ұрықтандырылған. Ал 2005 жылы қолдан ұрықтандырылған сиырлар саны 100 мыңға жеткен болатын. Алайда осы жылдан кейін малды асылдандыру ісі ілгерілеудің орнына кейінге кеткен. Астанадағы «Асыл түлік» орталығы асыл тұқымды малдың ұрығын әр өңірге таратып беретін. Ал Кеңес Одағы кезінде «Асылтұқыммалбірлестігі» атты арнайы мекеме жұмыс істеген. Ондағылар одақтың түкпір-түкпірінің бәрін асыл тұқымды мал ұрығымен қамтамасыз етіп отыратын. Осында тұқымдандырушылар, яғни осеменаторлар жұмыс істеген. 2005 жылғы баға бойынша ұрықтың әр дозасы 140 теңгеге бағаланған екен. Салыстырар болсақ, ұрық құны Ресейде – 7 долларға, шетелдерде 15 долларға бағаланған...Бүгінде осы саланың тамырына су жүгірту қажет болып тұр.
5 литр ғана сүт беретін жай сиырларды асылдандыру арқылы олардың келесі ұрпағын 20-30 литр сүт беретіндей дәрежеге жеткізу де өз қолымызда тұр.
Мал тұқымын әр тарапқа жеткізумен қатар, оны сақтау мәселесі де көлденеңдеп алға шығады. Мәселен, сұйық азоттың бір келісі – 50 теңге, натрий нитраты ерітіндісінің біреуі – 20 теңге, сонымен ұрық жеткізу қымбаттай береді. Ал ғылыми бағыт бойынша қолданылатын Дюар ыдысы сияқты жоғары технологиялы аспаптар да қымбат тұрады. Ғалымдардың айтуынша, бүгінде кей аймақтарда асыл тұқымды малдың 1-2 пайызы ғана қалыпты. Бұрындары елімізде асыл тұқымды, етті ақбас сиырлар болған. Оларды Ресей мен Қазақстанның ғалымдары бірлесіп ғылыми тәжірибе арқылы шығарған болатын. Кезінде бұл үлкен ғылыми жаңалық ретінде жоғары бағаланған еді. Олжасы, бұл тәжірибе ретінде қалып қоймай, өндіріске ендіріліп, еліміз қаншама пайдаға кенелді! Тіпті халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде де жоғары бағаға ие болған-тын. Өкініштісі, көрменің алдын бермейтін сол ақбас сиырлардың қазіргі таңда азы ғана қалды. Сондай-ақ оңтүстік аймақтың табиғатына әбден бейімделген, бүгінде тігерге тұяғы қалмай барады деп айтуға шақ тұрған әулиеаталық сиырларды да көбейту мәселесі күн тәртібіне шығуы тиіс.
Шетел деп телмеңдей беруге болмас. Қолына мол қаражат ұстатса, қазақстандық ғалымдарымыз да біраз тірлік тындырар еді. Әттеген-айы – сол ғой, баяғы қаржы тапшылығы. Аяқты тұсаулай беретін. Егер дәл осы саланың көлеңкесіне күн түссе, елімізде айналдырған 10 жылдың ішінде асыл тұқымды малдың санын мыңдап, тіпті миллиондап көбейтуге болар еді. «Оңтүстік-Батыс» ғылыми-зерттеу орталығының мамандары осы сала бойынша бірнеше жоба жасағанымен, Үкімет тарапынан қолдау таппай келеді. Мәселен, жылына кемінде 5000 литр сүт беретін сиыр тұқымын асылдандыратын бірнеше жоба жасалды, алайда ол жобаларды жүзеге асыру арманға айналып келеді. Және де сырттан әкелініп жатқан асыл текті малдың ұрығын алып, сақтап қоюға болады. Сол ұрықтармен жергілікті жерлердегі өнімділігі төмен сиырларды ұрықтандырсақ, ұтарымыз мол болмақ.
Эмбрион көшіру әдісі бүгінде әлемдік деңгейде кеңінен қолданылып жүр. Қытайдың кез келген ауылында эмбрион пункті бар. Бір мақтанарлығы, ең алғаш эмбрион көшіру әдісін қазақстандықтар қолданған. Осыдан тура 41 жыл бұрын, яғни 1970 жылы елімізде Фазыл Мұхаметқалиев деген ғалым Алматыдағы биологиялық институтта өзге ғалымдармен бірлесе отырып, осы әдісті қолданып, асыл тұқымды мал алған. Бұл Кеңес Одағы үшін үлкен жаңалық болатын. Әйтсе де бұл іс әрі қарай қолданылмай, тасада қалып кетті. Есесіне өзге елдер осы тиімді әдісті пайдаланып, үлкен нәтижеге қол жеткізіп отыр. Сөйтіп, ірі жетістікті уыстан шығарып алған жайымыз бар. Жасырары жоқ, бүгінде еліміз мал өнімдерінің 60 пайызын шеттен әкеледі. Президент 2016 жылға қарай ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізіп, осы мақсатқа 130 миллиард теңгелік несие ресурстарын бөлу туралы міндет жүктеді. «Оған қол жеткізудің төте жолы – сырттан сиыр тасу емес, қолда бар малды асылдандыру» дейді мамандарымыз. Әрі арзан, әрі тиімді жол...
Мүсәтіллә Тоханов, «Оңтүстік-Батыс» ғылыми-зерттеу өндірістік орталығының бөлім бастығы:
– Бүгінде «Асыл түлік» орталығы осы сала бойынша үлкен бағдарлама жасап жатыр. Ұрықтың бағасын 180 теңгеге көтерді. Осыған байланысты осеменаторларға әр сиырды ұрықтандырғаны үшін 300 теңгеден төлейді. Алдағы уақытта осы салаға көптеп көңіл бөлінсе, үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болар еді.