Шымкенттегі мектептен шу шықты: бастауыш сынып оқушылары мектепке кіре алмай отыр
Шымкенттегі Әлия Молдағұлова атындағы № 29 орта мектептен шу шықты. Бастауыш сынып оқушыларын мұғалімдерімен жекеменшік мектепке ауысуға мәжбүрлеп жатыр. Бұл туралы олардың ата-анасына да ескертілмеген, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы. 
"Неге бұлар 10-11-ді алмайды? Себебі 10-11 бір-екі жылда бітіріп кетеді. Бұлар бізге сіздер тегін оқисыздар деп айтып отыр. Бірақ жарты жыл тегін оқиды екенбіз де, жарты жылдан кейін ай сайын 15 мың6 20 мыңнан төлеп отырады екенбіз. Оны қалтасы көтеретін ата-ана бар, қалтасы көтермейтін ата-ана бар", - дейді Гүлдана Танкебева есімді ана. 
"Біздің балаларымызды басқа мектепке лақтырып жатыр. Бұлай істеуге болмайды ғой. Бүгін білдік, біздің баларымыз басқа мектептің тізімінде тұр. Ол мектепте балаларға жағдай да жоқ. Сынып бөлмелері тым тар, 8 шаршы метр ғана. Ғимараттың жанында жатақхана бар. Автотұрақ бар. Кім көрінген жүретін орын. Балаларымыз үшін қорқамыз", - дейді Марина Дмитриенко есімді ана. 
Телеарна мәліметінше, мектеп үш ауысымды. 800 орындық мектепте бүгінде екі мыңнан аса бала оқиды. Наразы топтың сөзінше, мұнда әлдекімдердің мүддесі тұруы мүмкін.
"Бәрімізді "Таным" етіп, жекеменшік мектептің атына ауыстырған. Сол мектепке кетесіңдер. Бізге "бүкіл бастауыш сол жаққа кетесіңдер" деп жатыр. Біз осыған түбегейлі қарсымыз. Себебі біз мемлекеттік мектепке сиысып келе жатырмыз. Сиысамыз да және үш ауысымды болмауы керек деп жатыр. Оған біз келісеміз. Біздің жанайқайымыз: бізге мектепті жалға алып берсін", - дейді бастауыш сынып мұғалімі Артықгүл Оразбекқызы. 
 
Ал білім басқармасының басшысының сөзінше, жекеменшік мектеп ауысуға ешкімді мәжбүрлеу болып жатқан жоқ. Тіпті білім ақылы беріледі деген әңгімені де жоққа шығарды.
"Ашылған мектептің мақсаты мектепті тегін, ешқандай ата-аналардан бір тиын ақы алмай стандарттық білім беруге және ұстаздарға 100 пайыз айлық жалақысын төлей отырып оқытуға келісімін беріп отыр. Бұл жекеменшік болғандықтан бұлардың мақсаты - баланы барынша аз сыныптарда балаларын толымдылығын алып, сапалы білім беру", - дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.