Шымкентте тойхана иелері шу шығарды
Тойдан қағылған тойханалар Шымкент әкімдігінің алында жиналып шу шығарды. Рестораторлар мен аспаздар, асабалар мен музыканттар Тойхана ашылсын! деп талап қойды.
"Карантин тым созылып кетті", деп әкімдік алдына жиналғандардың ұраны бір. Талабын айта келгендер арасында кәсіпкерлер ғана емес. Асаба мен аспаздар және әншілер мен бишілер бар.
"Екі жарым айға созылған қамау табысымыздан айырды", дейді жиналған жұрт.
Шәрипа НҰРБЕКОВА, ТОЙХАНА ӘКІМШІСІ:
- Бәрі тойханамен байланысты ғой... Тамадаң да, әншің де, видео камералар да..қанша жұмыстағы қыздарымыз жылайды, кредиттері бар бәрінің. Бізге хотя бы 100-150 адамға дейін тойхананы ашып берсе, кішкене жұмыс жүрсе қарапайым халық жұмысын жасап, бала-шағасын бақса дейміз.
Сандуғаш ТЕМІРБАЕВА, АСПАЗ:
- Біздің тойханада үш жүздей адам істейді официанттарымен қосқанда. Небір студенттеріміз жүр, квартирада тұрады. Мен повор боп жұмыс істеймін. Енді ашылсын деймін. Күнімізді көруіміз керек шығар, біз де бірдеңе ішіп-жеуіміз керек шығар. Жоқ біз саусағымызды сорып өмір сүрмейтін шығармыз.
Шымкентте бүгіннен бастап кейбір мейрамханалар мен дәмханалар жұмысын бастады. Алайда, 50 адамға дейін деген шектеу бар. Рұқсат етілген мекемелер тізіміне тойханалар кірмей қалыпты. Жергілікті рестораторлар осыған наразы. "Тым құрғанда жүз адамдық тойға рұқсат берілсін", дейді тойхана иелері.
Мақсұт ИСАХОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Күнделікті жұқтыруы 7 пайыздан аспайтын жағдай боп тұрақтанса кішкене жағдай ондай тойханаларға да болашақта рұқсат беріледі. Бірақ әлі жағдай тұрақтанбай жатыр. Тойханаладың иелері әзірше тоймен емес, кафе-ресторан ретінде жұмыс істеуге құқығы бар толық.
Қазақы той - Шымшаһарда жылына төрт мезгіл үзіліссіз жүреді. Тойханаларға тапсырыс бірнеше ай бұрын беріледі. Рұқсат берілмесе күзгі тойлар, талай рестораторды тығырыққа тірейтін сияқты.
Марал ЖҰМАКЕЛДІ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:
- Реализацияға 3 млн-ға товар алғам. Ол кредит емес. Ол күтпейді сіздер сияқты рассрочка. Бұл кісілерге жеңілдік бердіңіздер, бізге ше?.. біз не істейміз?..Біздің арендамыз бар, осы айдың 15-не төлеңдер деп тұр. Басымызда 200 мың арендамыз бар. Оны қалай төлейміз?..
Жергілікті атқару органдары, "аренда мәселесін шешіп береміз", деп отыр. Бірақ, ол мәселенің қалай шешілетінен атқамінерлер ашып айтпады.
Әкімдіктегілер тойханаларды арыз-талабын осы аптада қарастырмақ. Арнайы құрылатын штаб отырысы алдағы сәрсенбіге белгіленді. Тойханалардың талабы қабылданатын болса, онда шымкенттіктер күндізгі үштен, кешкі тоғызға той өткізе алуы мүмкін.