Шыбын өсіріп те пайда табуға болады
Істің көзін тапқан адамға ауадан да ақша жасауға болады. Бұл – бұрынғының емес, бүгінгінің тәмсілі. Бұған шыбын шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің ісі дәлел бола алады. Иә, расында да, ызыңдап адамның мазасын алатын шыбын-шіркейден де шаш етектен пайда табуға болады екен.
Тамара Қахарбек облыс орталығындағы іргелі мекеменің биолабораториясында аға лаборант болып қызмет ететін. 80-жылдары. Өзінің қызметін бүге-шігесіне дейін білетін білікті маман сонау 90-жылдары жұмыссыздық қыспаққа алған шақта көптің қатарын толтырып, нәпақасыз қалған еді. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргенінде бір күні шаруа қожалықтарына егістіктер мен бау-бақшаларға зиянын тигізетін зиянкестерді құртатын шыбындардың аса қажет екенін біледі. Содан оны өсіріп-бағуға білекті түрініп, белсене кірісіп кетеді. Әрі өзіне де таңсық жұмыс емес. Білікті маман ол үшін не қажет екенін бағамдап, тез-ақ бейімделіп кетеді. 10 жылдан астам уақыттан бері ауыл шаруашылығына аса қажетті шыбындарды өсіріп-бағумен айналысып келеді. Тұрғын үйінің ауласына шағын ғана үйшік тұрғызып, базардан үш литрлік шыны банкілер сатып алады. Сөйтіп, Ташкенттен 40 мың теңгеге үш литрлік банкі толы көбелектің балаңқұрттарын (личинка) сатып әкеледі. Ондағы мамандардың ақыл-кеңесін де құлағына құйып келеді. Осы салада мол тәжірибесі бар өзбекстандық мамандар шыбын өсірудің қыр-сырын үйретеді. Оның әр 5 грамында 1400 балаңқұрт болады екен. Қасықпен алып, алты банкіге бөліп салады. Ұсақ балаңқұрттарды өсіріп-баптау да оңай емес. Олар қалдықтармен, шіріндімен қоректенеді. Әр шыны ыдыстағы балаңқұрттар күніне 3 грамм шіріндімен қоректенеді. Оны қолға түсіру де: қиынның қиыны. Олардың «жемін» кейінірек Алматыдан алдыратын болды. Бір артықшылығы: қорек бұзылмайды әрі ұзақ уақыт сақталады.
15-20 күнде шыны ыдыста көбелектер пайда болады. Оларды арпа қалдықтарымен, құрғақ сүтпен, сары қантпен қоректендіреді. Жүгері ұнынан быламық жасап, оған қант, сүт, май қосады. Балаңқұрттар асқа келгенде өте талғампаз.
Оларды осылай 20 күн бағу керек. Белгілі уақыттан кейін артында балаңқұрттарын қалдырып, көбелектер өледі. Осы қалған балаңқұрттарға шыбындарды жібереді. Онымен қатынасқа түскен шыбындардан сегіз күннің ішінде майда шыбындар қаптап өсіп шығады. Әр үш литрлік банкіде 10 мыңнан астам балаңқұрт өсіп-өнеді. Оны кейінірек жүздеген банкіге өндіруге болады. Осылайша, аз уақыт ішінде кіп-кішкене құрттардан мыңдаған, миллиондаған шыбын өсіріп, сатуға болады. Осыдан нан жеп отырғаннан кейін осы салаға қатысты жаңалықтарға да құлақ түре жүреді.
Жуырда осындай шыбындардың құс фермалары мен балық шаруашылығына да қажет екенінен хабардар болды. Сондай-ақ шыбындар фармацевтикалық тауар өндірісімен айналысатындарға, тағам мен косметика өндірісіне да аса қажетті өнім екен. Осындай тауарларға конхиолин атты зат қажет екен. Ол шыбынның балаңқұрттарында болады. Оның 1 грамы әлемдік нарықта 27 АҚШ доллары тұрады. Бірақ әлемдік нарыққа жол қайда, әзірге егістіктегі зиянкестерді құртумен айналысатын шыбын өндірісімен ғана шектеліп тұр. Осындай қат тауардың құнын білетін шаруа қожалықтарының иелері – Тамараның үнемі сатып алармандары. Еліміздің өзге өңірлерінен де сұраныс түсіретіндер көп. Бүгінде Тамара шыбын өндіруші кәсіпкер ретінде танымал. Ауылшаруашылық зиянкестерін құрту үшін бір гектарға 200 шыбын керек екен. Тамараның 1 000-нан аса қанатты тауары 3 мың теңге тұрады. Оны шыны ыдыстан келесісіне ауыстырып санаудың өзіндік есебі бар. Қыс айларында 15 банкіні келесі көбейтуге сақтайды. Оны көбейту кезеңі наурыз айынан қазан айына дейін жалғасады. Науқан кезінде балаңқұрттарды асырайтын үйшікті үнемі жылы ұстау үшін от жағады. Тауардың өсімтал болуы үшін бөлме температурасы 35 градустан төмен түспеуі тиіс. Оларды өсіру мен баптау оңай шаруа емес. Өңірде әзірге мұндай сирек кәсіп түрімен айналысатын жалғыз өзі ғана. Сұраныс та аз емес. Еңбегін ақтайды.
Тамара ҚАХАРБЕК, кәсіпкер:
– Ұсақ іс болып көрінгенімен, еңбегі тым ауыр. Егістіктердегі зиянкестер көбейіп кетсе, өнімнің шығымдылығы да аз болатыны белгілі. Сондықтан да сол зиянкестердің көзін жоюда шыбындар таптырмас құрал болып отыр. Экологияға байланысты болар, зиянкестермен күресетін шыбындар жоғалып барады. Сол себептен де қолдан өсіріп отырмыз.
Иә, зиянды жәндіктің де тигізер пайдасы мол екен. Жаз айларында қара құрттай қаптап, ызыңдап мазаны алатын шыбын-шіркей егіннің бітік шығып, мол өнім алуына септігін тигізетінін біреу біліп, біреу білмейді. Ал шыбын шаруашылығымен айналысатындар саусақпен санарлықтай ғана. Тіпті жоқтың қасы деуге де болады. Қамбаға түсер астықтың мол болуы үшін аянбай тер төгіп жүрген Тамараның еңбегі расында мақтауға тұрарлықтай.