Сұлулық салондарында тазалық жоқ
Қазір аяқ басқан сайын – сұлулық салоны. Оларда көрсетілетін қызмет түрлері де көп. Алайда сол сұлулық салондарында тазалық талаптары керемет сақталады деп қазір сеніммен ешкім айта алмайды. Сәнді шаш үлгісін жасатам, иә болмаса аяқ-қол тырнақтарын егетем дегендердің ішінде бастарына ауру жамап алғандары да жоқ емес.
Сұлулық салондарында тазалық жоқтығын тексеру жүргізген санитар-эпидемиолог мамандар айтып отыр.
Рузалия ШАКИРЗЯНОВА, Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының коммуналдық нысандарды қадағалау бөлімінің бастығы:
– Ақтөбе облысында 282 шаштараз болса, оның 82-сі – тырнақ егеп беретін сұлулық салоны. Ал 12-сінде әртүрлі татуаж жасап береді. Осы сұлулық салондарының 30 пайызына жуығында маникюрлік құралдарды зарарсыздандыру деген мүлдем жоқ. Құралдар тұрмақ, керек десеңіз, адам кіріп-шығып жатқан сұлулық салонының ішін жуып-тазаламайтындары да бар. Тіпті тазалайтын құралдармен жабдықтауға бас қатырмағандары да кездесті. Анықталған жайттар бойынша 423 мың теңгеге 49 айыппұл салынды.
Қазір газет беті түрлі татуаж жасап, шаш қиып береміз деген хабарландыруға тұнып тұр. Тіпті үйге келіп те жасап береді. Олар өздерінің осы әрекеттері арқылы В және С гепатиттерін жұқтыру сияқты адам денсаулығына қатер төндіретіндіктерін сезбейтін секілді. Өйткені олар бірнеше мәрте қайтара қолданылатын пышақ, қайшы, егеу сияқты құралдарын уақытында және тұрақты түрде зарарсыздандырып тұрмайды. Тіпті мұнда жұмыс жасайтын қызметкерлердің өздері уақытында тексеруден өтпейді екен. Талап бойынша сұлулық салондарында күн сайын шеберлердің қолдарында жара, сызаттардың бар-жоқтығы тексеріліп, арнайы журналға жазылып тұруы керек. Тазалықтың сақталмайтындығынан тұтынушылар бейхабар, барлық қауіп-қатер осы сұлулық салонынан екенін біле қоймайды. Олай дейтініміз, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазір жер шары бойынша 400 млн адам созылмалы В гепатитімен ауырады, ал С гепатиті қоздырғышы барлар одан үш есе көп. Сондықтан қауіп-қатер деген аяқ астында дегендей, сұлулық салонына барамын деп жүріп, сау басымызға сақина тілеп алудан сақтанайық.