Су ішіп семіріп барамыз
Қазір қай дүкенге кірсеңіз де самсап тұрған сусынға көз сүрінеді. Сырт бейнесі бірінен-бірі әдемі, көз тартатын түрлі-түрлі соктар, нектарлар, лимонадтар, суық шайлар, минералды сулар тізбек-тізбегімен бой түзеп тұр. Теледидардағы жарнамалары да жанға жағымды. Жарнамашылардың сөзіне сенсек, тіпті жұмақтың суындай. Алайда олардың құрамында не бары жайлы ешкім бас қатырып жүрген жоқ. Ең бастысы – шөл басса болғаны.
Нұрбек, Алматы қаласының тұрғыны:
– Шынымен де, дүкеннен сусын сатып алғанда оның шығарылған уақытына да, құрамына да көңіл бөлмейді екенмін. Суық болып, шөл басса болғаны. Ал қонақ келгенде дастарқанға қою үшін жақсы болар деген оймен сырт көрінісі әдемі, сәл бағасы қымбаттауын аламыз.
Сусын сатып, ақшаның мұхитында жүзіп жүргендерге де керегі сол. Оларды тұтынушының денсаулығы қызықтырмайды. Олар үшін ең бастысы – пайда табу. Өкінішке қарай, сол сусындардың құрамын да, жарнамасын да бақылап жатқан ешкім жоқ. Стандарттау, метрология және сертификаттау саласы мамандарының айтуына қарағанда, олар жаңа шығарылатын тауарларға тексеру жүргізіп, талапқа сай болған жағдайда ғана сәйкестік туралы сертификат береді. Ал дүкенде сатылып жатқан тауарлардың адам денсаулығына зияндығын СЭС мамандары жылына бір рет жоспарлы түрде немесе тұтынушылардан шағым түскен жағдайда тексереді екен.
Салтанат БӨПЕЖАНОВА, Алматы қалалық Алатау ауданы бойынша МСЭҚБ тағам нысандарын қадағалау бөлімінің жетекші маманы:
– Барлық дүкендерді үнемі тексеріп отыру мүмкін емес. Мемлекеттік санитариялық-гигиеналық қадағалау басқармасы мамандарымен дүкендерден және қоғамдық тамақтану орындарынан азық- түлік өнімдері 2010 жылдың 28 мамырында № 299 Кедендік одақ шешімімен бекітілген «Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылау) жататын тауарларға қойылатын санитарлық- эпидемиологиялық және гигиеналық бірыңғай талаптар» құжатына сәйкес, жоспар бойынша жылына бір рет зертханаға алынып тексеріледі. Сондай-ақ тұтынушы уланып қалған жағдайда шағым бойынша тексеру жүргіземіз. Кей жағдайда комитеттен нұсқау келгенде, сол негізде тексереміз.
Осындай олқы тұсты ұтымды пайдаланған кейбір алаяқ кәсіпкерлер, сәйкестік туралы сертификат алып алған соң, сапа жайын ұмытып, пайда табу жолын қарастырады. Сусынға қосылуы тиіс табиғи өнімнің орнына арзан химиялық қоспалар қосады. Ал енді бірі қара суға химиялық дәмдеткіштер, бояулар, қант дәмін беретін қоспалар, лимон қышқылын қосып, сусын деп сата береді. Ал заттаңбаға (этикетка) көзге көрінер-көрінбес етіп, барды- жоқты тізіп жазып қояды.
Мән-жайдың ақиқатын білмек болған мамандар дүкендерде саудаланып жүрген сусындарды сатып алып, зертханаға тапсырып, бейресми сараптама жүргізген. Сараптама нәтижесі сусын құрамының заттаңбада көрсетілгенмен сәйкес келмейтінін анықтаған. Ал кейбір сусын құрамында адам денсаулығына зиянды қоспалар бары белгілі болған. Зертхана мамандары жергілікті «Тархун», «Саяны» және «Байкал» атауын иеленген сусындарды ішуге жарамсыз деп тапқан.
Төрегелді ШАРМАНОВ, академик, Қазақ тағамтану академиясының президенті:
– Расымен де, бүгінде дүкенде сырты жылтыраған сусынның неше түрі бар. Оның ішінде өзге елдікі де, өзімізде жасап шығарылатыны да жетерлік. Өкінішке қарай ,олардың арасында адам денсаулығына зиянын тигізетін сусындар да кездеседі. Оны көпшілік біле бермейді. Мысалы, көп сусындардың құрамына әртүрлі химиялық қоспалар мен аса көп мөлшерде глюкоза қосылады. Құрамындағы қант пен көмір қышқылы мөлшерден көп болғанда, ол семіздікке ұрындырады. Ал семіздік жүрек қан-тамырлары ауруына, қант диабетіне әкеліп соқтырады.
Ал енді табиғи шырындар (натуральный сок) жайлы сөз қозғайық. Бүгінде табиғи шырынның атауы да, бағасы да әртүрлі. «Мөлшері бірдей, бірақ бағасының әртүрлі болуы оның құрамындағы табиғи шырынның мөлшеріне байланысты» дейді мамандар. Олардың айтуына қарағанда, табиғи шырын деп жүргеніміз шәрбәт екен. Яғни шәрбәт құрамында 10-нан 50 пайызға дейін табиғи шырын, ал қалғанын су, қант, лимон қышқылы, дәмдеуіштер мен ароматизаторлар құрайтын көрінеді. «Бағаларының әртүрлі болуы да табиғи шырын мөлшеріне байланысты» дейді мамандар.
Сондай-ақ мамандар дүкенде сатылатын квас сусынының бірде-бір талапқа сай келмейтінін айтады. Ал энергетикалық сусындар жайлы мамандар дерегі мүлдем адам шошырлық. Зерттеу жүргізген валеолог-дәрігерлердің мәліметінше, энергетикалық сусындар адамға қуат бермейді, керісінше, адамның бойындағы артық қуатын сорып алады. Яғни адамға өмір бойына белгілі бір мөлшерде қуат беріледі. Қуат таусылғанда адамның тіршілігі тоқтайды. Мамандардың пайымдауынша, энергетикалық сусынды шамадан тыс пайдаланғанда адам бойындағы қорда тұрған қуат бөлінеді. Нәтижесінде, адам өмірі қысқарады. Зерттеу нәтижесі энергетикалық сусындар құрамында адам денсаулығына зиянды таурин және глюкуронолактон заттарының бір шөлмектегі мөлшері рұқсат етілген шамадан 250 есе артық екенін анықтаған. Ал кейбір энергетикалық сусын құрамында кофеин мен спирт бар екені белгілі болды. Мұндай қоспаның адам денсаулығына аса зиян екенін мамандар мәлім етіп отыр.
Сондықтан да мамандар сусын ретінде белгілі бір мөлшерде шай, какао, кофе ішуді ұсынып отыр. «Ең абзалы, нағыз табиғи сусын – қымыз бен шұбат ішу» дейді мамандар. Өйткені қымыз бен шұбат тек сусын ғана емес, олардың адам денсаулығына тигізер пайдасы мол.
Күләш ШЫНЫБАЕВА, балалар дәрігері:
– Сонау ерте заманнан-ақ тағам болып келген қазақ халқының ұлттық сусыны қымыз бен шұбатты дүйім жұртшылыққа мойындата алмай жүргеніміз көңілге қаяу түсіреді. Бұл сусындардың өкпе ауруларына, әсіресе, туберкулезге қарсы қолданылатыны ерте кезден-ақ белгілі болған. Бүгінгі таңда қымыз бен шұбаттың емдік қасиетін ғалымдар дәлелдеп берді. Құрамында А, В1, В12, Д, Е, С витаминдері бар қымыз туберкулез, гастрит, холецистит, энтерит пен энтероколиттің асқынған түрлеріне, жүрек қан-тамырлары, жүйке және асқорыту жүйелеріне, қан айналымын жақсартуға, тоқішек пен асқазандағы жараға ем.