Соқыр камерамен қылмыстың жолын қалай кесеміз?
«Баяғы жартас – бір жартас». Қанша жерден алдын алу шараларын жасап, қауіпсіздікті күшейтсе де, қылмыс саны азаяр түр танытар емес. Керісінше, еселеп өсіп келеді. Жыл басынан бері Атырауда 2961 ұрлық тіркелді. Бұл, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 27,1 пайызға артық. Қылмыстың ұрлықтан басқа түрлері де жетерлік. Қыруар ақша шығындап алған дабыл қаққыш қондырғылар мен бейнекамералардың «көмегі» кем болып отыр. Облыстық ішкі істер департаментінің басқарма бастығы Даниил Макатуха «Қауіпсіз қала» бағдарламасының орындалуы жайлы берген есебінде облыс орталығына 266 бейнебақылау камерасы орнатылғанын, қазір олардың бәрі де интеллектуалды жүйе арқылы жұмыс жасап тұрғанын айтты. Және тағы 500 камера алу үшін құжаттар жасақталып жатыр. Осы жердегі бір мәселе – бағдарлама аясында алынған 191 камераға жалғанатын оптикалық кабельдерді жүргізудің кешеуілдеп жатқаны. Полиция подполковнигі: «Бұған «Қазақтелеком» АҚ есепшотына тиісті қаржының уақтылы аударылмағаны себеп», – дейді.
Камераның «көзі көрмейді»
Бейнекамера бар екен деп сенуге тағы болмайды. Техниканың аты – техника. Түнгі мезгілде қазіргі бейнебақылау камералары айналасындағы аумақты бақылауда ұстауға қауқарсыз. Мұны ішкі істер департаментіндегілер де жасырмайды. «Қараңғылық кезінде түрлі түсті анықтай алатын камера жоқ, – дейді облыстық ішкі істер департаменті техникалық қызмет басқармасының басшысы Д.Макатуха.
– Оптикалық құралдарда матрица сезімталдығы деген ұғым бар, сондықтан түнгі мезгілде түсірілген бейнелер ақ-қара нұсқада беріледі. Бейнебақылаудың электронды жүйесінде инфрақызыл прожекторлар орнатылған, ол арқылы құқық қорғау қызметкерлері қаланың жарықтандырылмаған жерлерін де байқай алады».
Алдағы екі жылда облыс орталығындағы әлеуметтік нысандарды толықтай ішкі бейнебақылаумен қамту жоспарда бар. Жергілікті бюджеттен бұл мақсатқа 413 млн теңге қаралып отыр. Қаладағы тәртіпті қадағалау үшін осынша көлемде ақша шығындау өз-өзін ақтай ма? Бұл сауалға ІІД өкілдері әртүрлі құқық бұзушылыққа жол бергені осы бейнебақылау камералары арқылы анықталған тұлғалардың бүгінге дейін төлеген айыппұлдары 1 миллиард теңгеден асқанын айтып жауап берді. Алдағы уақытта тек облыс орталығы ғана емес, Құлсары қаласы да осындай игіліктермен қамтамасыз етілмек.
Учаскелік полицияның уайымы көп
Қылмыстың алдын алуда учаскелік полиция қызметкерлерінің рөлі үлкен. Облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Мұрат Демегенов облыс бойынша 179 учаскелік инспектор жұмыс жасап жатқанын айтады. Алыстағы ауылдарды айтпағанда, Атырау қаласының өзінде кадр тапшылығы бар. 500 мыңнан астам тұрғыны бар облыс үшін әлі де біраз полиция қызметкерлері керек. Бірақ олардың санын толтырып қойғаннан да ештеңе өнбейді. Себебі сол барының өзінде қазір не отыратын орны, бас сұғар кеңсесі, қызметтік телефоны түгел емес. Көпшілігі жергілікті әкімшілік үйінің бір бөлмесін паналап отыр. Ауылдарда тіпті түнгі уақытта қылмыс жасағандарды апарып хаттама толтыратын орын жоқ, әкімшілік ғимаратында бұл кезде қара құлып тұрады.
Жалпы білім беретін оқу ошақтарында да мектеп инспекторлары жетіспейді. Мұны облыстағы 195 мектептің 146-сында инспектор жоқтығы дәлелдейді. Тіпті көпшілігінде о баста бұл лауазымға штаттық бірлік те қаралмапты.
Сын айту, мін тағу, әрине, оңай. Бірақ қарапайым полиция қызметкерінің жұмысы да рақат емес. Мысалы, Атырауда ащы судың артына түскен әйелдерді «ауруынан» айықтыратын орын жоқ. Құқық қорғау қызметкерлері мұндай әйелдердің үстінен құжат жасақтап, көршілес Орал қаласындағы наркологиялық диспансерге жолдауға мәжбүр. «Жыл басынан бері ішкіліктің соңына түскен бес әйел Оралға жіберілді, енді кезекте тағы да үшеуі тұр», – дейді М.Демегенов.
Жол полициясы пәрменсіз
Қылмыс жайлы сөз еткенде, жол-көлік оқиғаларын да айналып өтуге болмайды. Биылдың өзінде еліміз бойынша 2273 адамның ажалы күре жолдың бойында болыпты. Облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жәнібек Шәріпов биылғы тоғыз айдың ішінде 364 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін айтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42,2 пайызға артық. Әсіресе республикалық маңызға ие Атырау-Астрахан тас жолы көп қауіп тудырып отыр. Жыл басынан бері бір ғана осы жолдың бойында 21 апат тіркелді. 13 адам қаза тапты. Жараланғандары қаншама? 1986 жылы салынған бұл жолдың қазір көретін түрі жоқ, әбден тозған, шұрқ тесік, ойқы-шойқы. Аймақ басшысы алдағы үш-төрт жылдың көлемінде жаңа жол салынатынын айтып уәде берген. Оған дейін қаншама адамның ажалы осы жолдан болатынын ойлаудың өзі қорқынышты.
Жол полицейлері жүргізген сараптама нәтижесінде Атыраудағы республикалық маңызды жолдардың 477 шақырымы ақауы бар, 590 шақырымы көлік қозғалысына қауіпті деп танылыпты. Онсыз да жетісіп тұрмаған жолмен көлікті құйғыта жөнелетін жүргізушілердің де кінәсі жоқ емес. Белгіленген жылдамдықты арттыратындар саны көп. Жол-көлік оқиғаларынан зардап шегетін балалардың да саны өсуде. Жыл басынан бері осындай 102 оқиғаның салдарынан тоғыз бала ажал құшты.
Көлік қозғалысын реттейді дейтін бағдаршамдарға қатысты проблема әлі де бар. Облыс орталығына қосымша 18 бағдаршам орнату үшін өткен жылдың күзінде қаржы қаралған болатын. Бірақ жыл айналса да, қаражат бөлінсе де, іс өнбей тұр.