Сол зұлмат енді қайталанбасын деп...
АЛЖИР мұражайы 2007 жылдың 31 мамырында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен салынып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің 10 жылдығына, жаппай қуғын-сүргіндердің басталуының 70 жылдығына, Алашорда үкіметінің 90 жылдығына орай ашылды.
Содан бері мұражай концепциясындағы негізгі мақсат пен міндет – сталиндік репрессиялар тарихы жайында қоғамның көзін ашу, естеліктерді сақтап, өткен кезеңнің негізгі құнды жәдігерлері арқылы сол дәуірдің рухани ахуалын жаңғыртып, көпшілікке көрсету.
АЛЖИР мемориалды мұражай кешенінің қасиетті аумағына аяқ басып, суретші-сәулетші Сәкен Нарыновтың туындысы, 18 метрлік «Аза тұту аркасы» немесе «Қасірет қақпасынан» өткен кезіңізде басыңызды иіп, аруақтарға тағзым етесіз. Оның іргесінде Польша, Грузия, Украина, Әзірбайжан елдерінің 1930-1950 жылдары Карлагтың 26-нүктесі, кейін Р-17 еңбекпен түзеу АЛЖИР лагерінде (Акмолинский лагерь жен изменников Родины) тұтқында болған отандас әйелдерге қойған белгі тастар сап түзейді. Қақпаның сол қапталында шұбырынды заманның елестері – «Сталиннің вагоны» мен тікен сыммен қоршалған лагерь көрінісі орын алған.
Мұражай ғимаратына қарай жүргеніңізде жол екі гүлзарға жалғасады. Оң жағыңыздағы қоладан құйылған «Күрес және үміт» композициясы осы өмірден үмітін үзбей, бостандықты аңсаған әйел бейнесін сомдаса, сол жағыңыздағы «Түңілу мен әлсіздік» композициясы шарасыздық пен азаптан қажып әлсіреген, бостандықтан күдерін үзіп, тығырыққа тірелген тұтқын ер адамның образын бейнелейді. Бұл композициялардың авторы – белгілі мүсінші Жеңіс Молдабаев. Ал мемориалды мұражай кешенінің сәулетшісі – профессор Сәкен Нарынов.
Мұражай ғимаратына кіргенде суретші Сембіғали Смағұловтың тарихи оқиғалар желісімен сомдаған суреттер галереясын зерделей отырып, еңселі экспозиция залынан келіп шығасыз. Еңсесі биік үш қабаттан тұратын мұражай ғимаратының дөңгеленген залы ақ тастан қаланған он екі қанатты киіз үй ішіне енгендей әсерге бөлейді. Ортасындағы түңлігі түрілген ақ шаңырақтан күн нұрының сәулесі түсіп, жан-жағынан айналдыра сүйеп тұрған бетон ақ уықтар ақ түспен әрленген керегелер басына сүңгіген. Оның бірінші қабатының ортасындағы «Өмір гүлі» атты композиция қара тасты қақ жарып шыққан гүлдің көрінісін бейнелейді.
Мұражай ғимаратын сыртынан қарап, ішіне кіргенде, расында, құпия сыр жасырған сандықшаның қақпағын ашқандайсыз. «Өмір гүлінің» аспанында «Еркіндік және еркінсіздік» композициясы шырмалған темір торлар ішінде бостандықты аңсап 15 ақ көгершін аласұрады, бірқатары талықсып құлап, қалғаны үмітін үзбей еркіндікті аңсап алысуда.
Мұражайдың бірінші қабаты әділетсіздіктің қалпына келуі 1993 жылы 14 сәуірде Президент Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңынан бастау алады. XVIII ғасырда басталған патшалық Ресейдің отарлау саясаты, Кенесары ханның ұлт-азаттық соғысы, Алаш қозғалысының бой көтеруі, Азамат соғысы, 1920-1930 жылдардағы кәмпеске мен аштық, 1937-1938 жылғы жаппай қуғын-сүргін тарихи кезеңдерін қамтиды.
Екінші қабатқа көтерілер сатыда АЛЖИР лагерінде болған әйелдердің тұтқындалғанға дейін түскен фото жинақтарымен безендірілген фото-коллажды көресіз. Мұндағы жәдігерлер АЛЖИР тақырыбына тереңдей үңілдіреді. Екінші қабатқа көтерілгенде «Құрсау» инсталяциясы ойыңды қыспаққа алады.
Лагерьдің жалпы аймағының көрінісі мен тұтқын әйелдердің күннің суығында Жалаңаш көлінің жағасынан қамыс ору жұмыстарына айдап апарылуын АЛЖИР диорамасы бейнелейді. Диорама темір тормен қоршалған «Тігін барағына» жалғасып, кейбір келушілер аңдаусызда тірі тұтқын тігіншіні көргендей үркіп қалған жағдайлар да болған. Сол сұрапыл зұлмат жайлаған, жазықсыз жандардың тағдырлары тәлкек етіліп, ар-намыстары аяққа тапталып, белсенді содырлардың жемтіктері болып кете берген заманды қайта тірілтетін көрініс «Жазықсыз жандарды тергеу бөлмесінде» бейнеленген.