Смартфонның пайдасы көп пе, зияны көп пе?

Смартфонға телміріп, жатса-тұрса телефонын жанынан тастамайтындар қатары күннен-күнге артып келеді. Жастың да, жасамыстың да ғаламторға шұқшиып отырғанын кез-келген қоғамдық орындардан көруге болады. Ал жастардың, оның ішінде оқушылардың телефонға телміруі зияндылығынан бөлек, баланың білім алуға деген ынтасын жоятынын білеміз бе? 

Еліміздегі ғалымдар мен дәрігерлер 12 жасқа толмаған балаларға смартфон беруге болмайтынын ескертуде. Себебі жоғары дәлдіктегі электромагниттік сәулелер балалардың денсаулығына зиян келтіреді. 

Күні кеше халық қалаулылары бағалы смартфондарды оқушылардың мектепте ұстауына тыйым салу жөнінде бастама көтерді. Сенат депутаты Динар Нөкетаева: «Оқушыларға интернет модульдері мен фото, видеокамералары бар құрылғыларды пайдалануға шектеу қою керек», – деген ұсыныс білдірді. Біздіңше, негізгі шешімді қабылдайтын – мұғалім мен ата-ана. Ендеше, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» мәселені қалай шешпек керек? Смартфон мұғалім мен оқушыға кедергісін тигізбеуі үшін не істеуге болады? 

Шолпан АЙБОЛОВА, Шымкенттегі №69 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі: — Менің ойымша, баста­уыш сынып оқушыларына телефон мүлде қажет емес. Біріншіден, ол баланың қауіпсіздігі үшін қажет болса, екіншіден, сабақ үстінде ештеңеге алаңдауға жол бермейді. Бірақ оқушылардың көпшілігінде қарапа­йым телефон бар. Араларында қымбат смартфон ұстайтындары да жеткілікті. Оның да өзіндік себебі бар. Қаламыздағы білім ұяларының барлығы дерлік «wі-fі» желісіне қосылған. Соның паролін білген оқушылар тіпті сабаққа да ерте келеді. Сөйтіп, түрлі ойындар жүктеп, видеоларды көріп отырады екен. Ал оған ешкім мән беріп жатқан жоқ. 

Баласының болашағына алаңдаған ата-аналар ойланса екен. Өйткені телефон баланың балалығын ұрлайды, санасын улайды. Сондықтан педагог ретінде оқушының телефон ұстағанына түбегейлі қарсымын. 

Лаура ШЫҢҒЫСБАЕВА, №16 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: – Бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Оқушы заман көшінен қалмай, жаңа технологияларды мең­гергені дұрыс. Егер барлығы біз қалағандай болса, әрине. Қазіргі таңда мектепте бірімен-бірі ойнап жатқан ұлды да, қызды да көрмейсіз. Есесіне, топырлай телефон қарап отырғанын байқауға болады. Көп оқушының сөздік қоры аз, тілі шорқақ, себебі олар бір-бірімен ойнамайды, тілдеспейді. Ал ойын баланың ой-өрісін, сөйлеу тілінің жетілуін, еркін пікір алысу, диалог түрінде өзара сөйлесу машықтарын қалыптастырады. 

Жоғары сынып оқушыларында бұл мәселе күрделене түскен. Мектепішілік тест тапсырған кезде де жауаптарды телефоннан ала салуды құп көретіндер жетіп-артылады. Ізденбейді. Ойланбайды. Олардың сабақ үстінде түрлі әлеуметтік желіде отыруы да мүмкін ғой. Виртуалды қарым-қатынас адам бойындағы шынайы қабілетті азайтып, бала кезден бойымызға сіңген табиғи және коммуникативті білімді жоятынын ескермейміз. Барлығын заманға итеріп қойдық. Кезінде біз сол телефонсыз-ақ оқыдық емес пе? 

Ал ата-аналар баласының қауіпсіздігі үшін керек десе, қолдарына жай қарапайым телефон ұстатуы керек қой. Қолында қымбат телефон ұстаған бала оны шұқылауын қоймайтынын өзіңіз де жақсы білесіз. Сондықтан қымбат смартфондарға шектеу қою керек. Бұл негізінен жоғары сынып оқушыларына қатысты айтылатын әңгіме. Өйткені мұғалімнің іс-қимылын қалаған кезінде әлеуметтік желіге салып, мазаққа айналдыруды тоқтататын кез жетті. Ал одан құтылудың жолы – баланың қауіпсіздігі үшін қарапайым телефон ұстату ғана.

Асылғаным апа, зейнеткер: – Мен зейнеткермін. Немеремнің сабақ кезінде тығылып телефонға үңіліп отыратынын келінім жиналысқа барған сайын мұғалімі жиі айтып жібереді. Ескер­туімізге назар аудармайтыны еркеліктен болар деп жүргенбіз. Бірақ уақыт өткен сайын немеремнің телефонға тәуелділігі артпаса, кемитін емес. Оны­сын бермей қояйын десең, қатарынан қалдырғың келмейді. Берсең, жағдай мынадай. Байқаймын, соңғы жылдары оқуы да нашарлап барады. Барлығы осы ғаламтордың кесірі. Бала біткеннің бәрі күндердің күнінде ойлану, есеп шығару, білімге ұмтылу дегенді қоя ма деп қорқамын. 

Әлима БОРАНБАЕВА, көпбалалы ана: – Менің ойымша, әр мектептің өзінің ішкі заңы болуы керек. Егер оқушы мектепке қабылданарда ата-анамен арнайы келісім-шарт жасасып, телефонның «мәселесін» шешіп алса, бәлкім мұндайға бас қатырмас па едік? Оқушыға тыйым салған сайын ол телефонды тығылып ұстайды. Сондықтан барлығы бір келісімге келгені дұрыс. 

Мәселен, қала сыртындағы бір мектепте оқушыларының телефонын мұғалімі жинап алады екен. Сабақ аяқталған кезде қайтарып беретін көрінеді. Бұл – жалпы мектеп оқушыларына қойылған бірдей талап. Есесіне мұғалім оқу процесі кезінде ойы бөлінбей сабақ түсіндіреді, оқушы ештеңеге алаңдамай, бар зейінімен тыңдайды. 

Мұхамедәли, №62 мектептің 8-сынып оқушысы: – Ата-анама қайда жүргенімді айтуым керек болса, сабақтың аяқталатын уақытын күтудің қажеті жоқ, телефонына хабарлассаң жетіп жатыр. Телефонның осы жағынан пайдасы бар, бірақ зияны жоқ деп те айта алмаймын. Сабақ үстінде бір-бірімізге «смс» жіберіп, мұғалімнің жұмысына кедергі келтірген кездеріміз көп. Ашуланған мұғалім талай мәрте телефонымызды алып та қойған. Содан кейін өзіме уәде бердім, мектепке телефон апармаймын деп. Телефонды үйде, содан кейін үйірмелерге барған кезде ғана пайдаланамын. Қатарластарыма да осыны айтып жүрмін. 

...Қысқасы, біз сөйлескен кісілердің пікірі смартфоннан зиян көп дегенге саяды. Сананы жаулап, виртуалды әлемде қалықтаған баланың сабақпен ісі болмайтыны рас. Бүйткен оқушының ата-ана мен ұстазын тыңдай қоюы да екіталай. Сондықтан ұл-қызымыз телефонның зардаптарын тартпай тұрып, қазірден шектеу қоюға тиіспіз. 

Д. МЕДЕУОВА

www.zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста