Сиқырлы таяқ ойлап тапқан қария енді электронды шежіре жасап шығарды
Ақтөбелік зейнеткер Сұлтанбек Тәшенұлы әулеттің кодталған шежіресін түзудің жаңа технологиясын ойлап тапты. Өнертапқыштың жаңа жобасы бойынша шежіре ішінде қыздар мен күйеу балалар да жазылған.
Ертедегі қазақ шежіресінің ауыз екі тілмен тарағанын білеміз. Кейін жазбаша түрде басылып шықты. Ал бүгінгідей ғылым мен техниканың дамыған заманында одан басқа да мүмкіндіктерді пайдаланып жатыр қолынан келгендері. Ақтөбелік қария осы мүмкіндікті жібермей, жаңа заман стилінде жұмыс жасаған. Заманауи талапқа сай, электрондық нұсқада жазылған шежіреден жан-жақты толық мәліметтер алуға болады.
Сұлтанбек ТӘШЕНҰЛЫ, өнертапқыш:
–Шежіреге тек ата-тегін ғана емес, қызы мен күйеу баласын да қосып, бүтін отбасы туралы толық мәлімет беруді ойладым. Алдымен қыз бала, күйеу бала және олардан тараған жиендердің бәрін бір парақ қағаздың екі бетіне код қойып, арнайы кестеге сыйыстырдым. Бұрын өз басым қыз балалардың шежіреге енгізілгенін көрмедім. Қазақ шежіресінде мұндай жаңалық бұрын-соңды болмағандықтан, бәзбіреулер ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрді бұзуға хақың жоқ деп дауласуы әбден мүмкін. Менің жаңалығымда шежіре әдетінше басталады да әкеге келгенде басқаша өрбиді. Барлық мәлімет А4 форматындағы қағазға сыйып-ақ тұр.
Шежіреде қазақтың 30-ға жуық туыстық атауы бар. Әке, бала буын, немере буын, шебере буын деп бес бөлікке жіктелінген. Әр буын алфавит бойынша бас әріптермен бөлінген және әртүрлі түске боялған. А-әке, Б-бала. Б1, Б2,... деп жіктелген бөлігі бірінші бала, екінші бала деп түсіндіріледі. Бір әкеден тараған ұл-қыздың есімі, оның үрім-бұтағы жазылады. Парақтың екінші беті де бос емес. Мұнда шежіресі жазылған адам туралы толық мәлімет бар. Кестедегі адамның туған жылы мен күні, тұратын жері, қан тобы туралы дерек бар. Сонымен қатар бұл парақтан адамның мүшел жасы мен жұлдызнамасы туралы да ақпарат алуға болады. Шежіренің басты ерекшелігі штрих белгісі. Ол өз руынан ба, әлде келін не күйеу бала ма осы жағын ажыратып береді.
Әулеттің кодталған шежіресіндегі «әке» буын уақыты келгенде жеті ата орнына өтеді. Орнына үлкен ұрпақ келіп, шежіре тәртіппен жалғаса береді. Мұнда аталған атаулардың дәстүр бойынша өзіндік жолы, тәртібі бар. Күйеу баланың арнайы сыбағасы –төс болса, төрден орын жоқ. Жиенге бәсіре атайды. Келін әулеттің үлкенін сыйлайды. Бажа-абысындар тату болады. Осылардың бәрін орындап өскен ұрпақ ұлтжанды, саналы, өнегелі болмақ,-дейді Сұлтанбек Тәшенұлы.
Айтпақшы жаңа жоба ақсақалдың алғашқы жаңалығы емес. Бұдан 1-2 жыл бұрын қойшыларға арналған сиқырлы таяқ ойлап тапқанын қария туралы баспасөз өкілдері жарыса жазғаны естеріңізде болар? Таяқтың сиқырлылығы сол, оның көмегі арқылы иен далада қой қайтарған шопанның өзі әлемде болып жатқан жаңалықтарды лезде алып отыруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ оның ұялы телефон қызметін атқара алатын да ерекшелігі де бар еді. Тіпті қажетті әуендерді тыңдайтын тетіктері де қарастырылған. Қазіргі күні бұл бастама кең түрде қолдау тауып, оны мемлекеттік тапсырыспен жасау жағы қарастырылып жатыр. Бұдан кейін қария араға жыл салып намаз уақытын айна қатесіз көрсететін мұсылман сағатын ойлап тапқанын да жұртшылыққа ұсынды. Мешіт қызметкерлерінің басты көмекшісіне айналған бұл жаңалық көп ұзамай-ақ жамағаттың сұранысына ие болды.
Өнертапқыш өз жобаларының қай-қайсысына да ұлттық патент беретін мекемелерден рұқсат алып, заңдастырып алған. Қызығушылық танытатындар болса, кез келген уақытта қай бұйымын да жасап беруге әзір.