Оңтүстіктегі осы бір тау баурайындағы ауылдың табиғатының сұлулығын айтуға тіл жетпейді. Көкке көмкеріліп, тау жағалай орналасқан ауылдың халқы да дархан пейілді. Ұлттың ұлағатынан хабардар, құймақұлақ қариялар да осында. Ауылды аралап келе жатсаңыз көшедегі келіндеріне дейін танысын, танымасын иіліп тұрып сәлем салады. Тамсанасыз. Бір жағы таң қаласыз да. Сан ғасырлық салт дәстүрдің қаймағын бұзбай сақтаған ауылда жуырда бір «бүлік» шыққан. Заманын түлкі болып шалуға бейімденген біраз жастар ауыл қарттарына «жеті атадан да асып кеттік қой, қыз алысуға болатын шығар, ауылда отырып қалған қыздар мен сүрбойдақтар көбейді» деген әңгімені көңірсітіпті. Ауыл ақсақалдары жүгенсіз жастарды тиып тастаса керек. Содан қайтып бұл әңгімені қоздатқандар сап тиылған құсайды... Ия ақсақалының алдын кесіп өтпеген, дуалы ауызды дана қарттарының уәжіне тоқтаған ауыл жастарының да көрегендігі де болар. «Алаш айнасы» осы мәселені зерттеп көрген еді.
Жеті атаға жетпей қыз алыспау қазақ тарихында жазылмаған заң болып қала беретіні анық. Әрі ғылыми жағынан да құптарлық-ақ. Дала заңына бағынған, жеті ата түгілі 14, 21 атадан асып кетсе де қыз алыспай отырған қазекемнің кейінгі ұрпағы осы қаймағы бұзылмаған ұлттық салт-дәстүрімізді ұстана ала ма? Мәселе осында. Мұндай мәселе еліміздің өзге өңірлерінде де жоқ емес. Кейде «руы басқа ғой, бір емшек ембесе болды»деп ағалы-қарындасты бауыр адамдардың ұл-қыздарын үйлендіруі де жиі шаң беріп қалатын болып жүр. Өзара туыс болып келетін мұндай некеден туылған балалардың туа біткен тұқым қуалайтын аурумен ауыратынын ғылым баяғыда-ақ дәлелдеп қойған... Ертеректе жеті атаға жетпей үйленгендерді өзгелерге үлгі болмасын деп аластап, ала бие сойып, теріс бата беріп елден қуған. Мұндай мысалдарды тарих парақтарымен растауға болады. Ондай неке баянды болмай, бақыттары ұзаққа созылмаған. Бір рудан болғаннан кейін ағалы-қарындасты бауырдай болып келетін жандардың некесіне дүйім ел қарсы шығып, бетіне түкірген. Жақын ағайындар, туыстар арасында құдандалы болу масқара екенін жастардың құлағына сіңіріп, қатаң ұстап, некеге тұруға тосқауыл болған. Үлкеннен өнеге алып өскен жас сол себептен де алдымен елін, руын сұраған. Ғылым, білімнен хабары жоқ болса да ата-бабамыздың көрегендігіне технологиясы мықты дамыған Америка, Жапония, Қытай сияқты алпауыт мемлекеттер ешбір елде жоқ қазақтың осы бір салтына қатты қызығатынын жаһанға жар салып та жүр. Әлемді таң қалдырудан таймаған ғажайыптар елі атанған жапондар қазақтың жеті аталық қан құрамын зерттегенде қайран қалған екен. Жеті атаға дейін қыз алыспау қазақтан өзге халықтың бірде-бірінде жоғын ғылыми тұрғыда дәлелдеген соң таң тамаша болыпты. Бабасының бойындағы ізгі қасиет қанның тазалығы арқылы ұрпағының бойына қайтсе де даритынын олар беске білсе керек. Неге шетелдіктер қазақ баласын асырап алуға құмар? Тарих беттерін парақтап отыратын олар қан тазалығына қатты қызығатын болса керек. Генофондтарын жаңғырту үшін қазақтың ұл-қызына сол себептен құмбыл...
Генетика ғылымына жүгінсек, жас сәбилердің кембағал, кеміс, туабітті аурушаң болып дүниеге келуінің басты себептерінің бірі - осы жақын туыстар, ағайындар арасындағы некенің кесірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінсек, дүние келген сәбилердің шамамен 10-12 пайызы туыс адамдардың некелесуінен туындайтын түрлі тұқым қуалайтын аурулармен ауырады екен. Генетика ғылымының зерттеуінше хромосомалардың өзгеруіне байланысты болатын бірнеше тұқым қуалайтын аурулар анықталды. Ондай ауруларға Клайнфельтер, Шершевский-Тернер, Даун аурулары жатады. Даун синдромы жаңа туылған 700 баланың бірінде кездеседі. Клайнфельтер ауруымен тек ер адамдар ауырады. Шершевский-Тернер ауруы әйелдерде кездеседі. Ондай жағдайда жыныстық жағынан кеш пісіп-жетіледі, сол себептен бедеу болып қалады. Бой да, ойы да өспей қалады. Бұл аурулардың барлығына тән белгі ақыл есі кем, ауытқушылық тән. Әрі өмір жастары қысқа болып келеді. Мамандардың айтуынша олардың барлығы көбіне туыс, жақын ағайындар арасындағы некеден пайда болады. Генетика заңдылығы бойынша бір атадан тараған ұрпақтың некелесуі қай жағынан алып қарағанда да дұрыс емес. Өйткені ондай адамдардың генінде ұқсастық басым болады. Үйленіп үй болар алдында сезімнің жетегінде кетпей болашақ ұрпақтың қамын ойлау керек дейді генетиктер. Расында генетиктердің сүзгісінен өтудің сөкеттігі жоқ, әрине.
Рабиға Айдарбекова, зейнеткер:
Бір атаның балаларының некеге тұруы жиі болмаса да арагідік кездесіп қалатыны рас енді. Бірақ мұндай «ала жіптен» аттағандарды ешкімнің де құптамасы анық...Ауылдық жерлерде аақсақалдардың аталы сөздеріне тоқтайтын ақылды жастар жетерлік. Ал қалада ше? Батыстың батпағына батып бара жатқан жастар жеті атаға қарар ма екен деген қаупім басым. Тек бүгінгі ата-аналар ұрпағының бойына ұлттық қасиеттерімізді сіңіре алса ғана бұл қауіптен алыс боламыз.
Алма Қасымбекова, медицина ғылымдарының кандидаты:
Өзара жақын туыс, рулас адамдардың некеге тұруын салт-дәстүр де, ғылым да, медицина да қолдамайды. Егер осындай оспадарсыздық орын алған жағдайда олардың ұрпақтары түрлі тұқымқуалай берілетін аурулардан ада болмайды. Түрлі неврологиялық, психологиялық ауытқушылықтар да солардың еншісінде. Сондықтан да мұндай қауіпті қадамға бармас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесуге қам жасау керек. Яғни болашақ ұрпақтың қамы бірінші орында тұруы тиіс.
Шетелдіктер қазақ баласын асырап алуға неге құмар?
Последние статьи автора