Шетелдік браконьерлер қазақты қашанғы басынады?
Қазақ «іштен шыққан жау жаман» деуші еді. Сырттан келген жау одан бетер асып түскен сияқты бұл күні. Еліміздің, жеріміздің байлығын жалмауыздай жалмап бара жатқан шетелдік браконьер жау болмағанда кім болады?! Қожайынсыз үйді қонағы билейдінің кері осы шығар, сірә.
Ата-бабамыз табиғатқа жанашырлықпен қарады. Өзімнен қалғаны ұрпағыма бұйырсын деген ниетпен өмір сүрді. Аңға шықса да, балық ауласа да тұқымын тұздай құртудан қашты. Ал бүгінгінің браконьері ашкөз, тойымсыз. Тамақ асыраудың қамымен емес, сайрандаудың, қызыққа бөленудің даңымен көзіне көрінгенді қынадай қырғанына мәз. Жарайды, өз тентегімізді өзіміз тиятын халықпыз ғой. Бірақ, қазақтың байлығын өзге елден келіп, үріп ішіп, шайқап төгіп жатқандарға тым болмаса «қой» дей алмай отырғанымыз қалай? «Біз ержүрек халықтың ұрпағымыз», «Намысты қолдан бермейміз» деп жел сөздің жетегінде кетіп, сөзге шешен, іске мешел боп қалғанымыз-ау сонда. Әйтпесе, іргедегі қалың орыс қазаққа заңсыз аң аулатпақ түгілі орманынан саңырауқұлақ та тергізбейді. Құрт-құмырсқа жейді деп менсінбейтін Қытайдың шекарасынан сол құрт-құмырсқа секілді жыбырлап та өте алмайсың. Қазақта бәрі ашық-шашық, келіңдер, теріңдер, аулаңдар, атыңдар. Бұл не жалпақшешейлік сонда?
Қытай демекші, осыдан екі-үш жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысында құрт теру науқаны қызды. Марқакөл мен Қатон-Қарағайдың тау-тасын қопарып, құрт іздегендер Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген таушымылдық гүлінің түбіне жете жаздаған. Себебі, әлгі құртыңыз гүлдің тамырын талғажу қылады екен. Құрт жинау науқанының қызуына Қытайдағы оның бағасының аса қымбаттығы әсер етіпті. Қытайлар одан обыр дертін емдейтін дәрі жасайды. Өздеріндегі құрт атаулыны теріп тауысқасын көршілер Қатон жаққа қарамай қайтсін. Арзан ақшаның иісі шықса бел шеше кірісетін біздікілер дереу құрттан да бизнес жасап ала қойды. Талай браконьер кеден мен шекарада ұсталды, айыппұл төледі, сотталды. Біздегі заңның осылдығынан бұл әрекеттің түбіріне түбегейлі балта шабылмады. Неге десеңіз, бізде баға жетпес байлығымызға, құны шексіз қазынамызға жанашыр жүрек, қамқор көзқарас мәдениеті қалыптаспаған. «Қытай келіп ала ма, шүршіт келіп тонай ма, әлде орыс талап жей ме, ең бастысы ақша берсе болды» деген ой түптің түбінде өзімізді орға жығарын әлі де түсінбей, не түсінгіміз келмей келеміз.
Сайын даланың еркесі киіктің тағдырын алдымен өзіміз қарауылға алдық. Қарнымыздың ашқанынан емес, Қытайға сататын басындағы екі тал мүйізі үшін даланы қан сасыттық. Бұлай жалғаса берсе қазақ даласындағы киік Африканың саваннасындағы мүйізтұмсық секілді құрып кетері анық. Жақында Зимбабве билігі бір мүйізтұмсықты атып алған браконьерді 16 жылға соттады. Ал сіз бір киікті атып алып, дәл осындай ауыр жазаға кесілген бір қазақстандық немесе шетелдік браконьерді білесіз бе? Әрине, білмейсіз. Өйткені, қымбат көлік мініп, сыбайласу мен ұйымдасудың ең ұтымды тәсілдерін шебер меңгерген «аңшы» көкелер алдырмайды. Ұсталса жағаласып, төбелесіп, сотқа жеткенше істі сиырқұйымшаққа айналдырып, сытылып шығады. Осы тұста ащы болса да мойындауға тура келетін шындық бар. Яғни, біз африкалықтардың ақылы мен сана-сезімі жеткен мәселеге әлі маңайлаған да жоқпыз.
«Ойбай, Каспийдегі балықты ресейліктер аулап бітіретін болды» деп дабыл қаққалы бірнеше жыл. Содан бері не өзгерді? Жақсы жағына қарай өзгерген ештеңе жоқ. Мәселен, Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре балығы 2010 жылы шамамен 3,3 млн. дана болған. Ал 2012 жылы қалғаны 1,3 млн. ҚР Бас прокуратурасы берген мәліметке сүйенсек, балықты браконьерлік жолмен аулау өнеркәсіптік ауқымға шығып кетіпті. Бұл дегенің күніне бірнеше ондаған тонна балық қапқа салынып, кететін жағына кетіп жатқанын білдіреді. Қазақстанның теңіз қазынасына Ресейдің құрамындағы дағыстандар, қалмақтар, Әзірбайжан мемлекетінің тұрғындары ерекше құмар көрінеді. Өзінікін тауысып, өзгенің қазанына көз алартқан келімсектер жүйрік қайықтарымен жергілікті инспекторларға жеткізбей кетеді екен. Мына қызықты қараңызшы, неге екені белгісіз біздің Үкіметтің қаулысында отандық инспекторлардың қайығына орнатылатын мотордың күшіне шектеу қойылған. Нақты айтқанда 40 аттың күшінен артық моторды орнатуға рұқсат жоқ. Ал шетелдік браконьерлердің байдасына (қайық түрі) 200-250 аттың күші бар мотор қойылады. Басқаша айтқанда тышқан мен мысықтың ойыны секілді. Осыдан кейін «браконьерді қуып жетіп, ұстай алмадың» деп балық қорғау инспекциясын қалай кінәлауға болады? Әлде бұл жыл сайын неше түрлі жүйрік катер-кемелермен толығып жатқан еліміздің теңіз флотының қауқарының кемдігі ме? Әйтеуір көкейді тескен сұрақ көп.
Шетелдік браконьер бізді басынбауы үшін не істеуіміз керек? Сөз жоқ, заңды қатайту керек. Мысалы, Иранда қара уылдырық сатқан адамның басы кесіледі. Әрине, біз дәл осылай жасай алмаймыз. Дегенмен, заң қатаймаса келімсектердің төбемізде тайраңдап кететінін күнделікті көріп отырмыз. Заңнан бөлек табиғатқа деген өзіміздің жанашырлық сезімізді оятпасақ қалған істің бәрі бекер. Ойланайық, ертең бүгіннен басталады.