Биыл 24 қыркүйекте іске кіріскен Серік Ахметов басқаратын сегізінші Үкіметке 100 күннің бедері болып қалды. Әрине, жүз күнде тау қопару, үлкен істерді еңсеріп тастау мүмкін емес. Әйтсе де Серік Ахметов Үкіметінің осы кезге дейінгі үш ай ішінде бұрыннан жоспарланған қадау-қадау істерге батыл түрде білек сыбана кірісіп кеткені байқалды.
Реформаларға кіріскен Үкімет
Бұған дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған және елдің көптеген салаларын бір кісідей білетін Серік Ахметовтің үкіметбасылыққа тағайындалуы бұрынғы Үкіметтердің саясаты мен бағытын жалғастырауға мүмкіндік береді. Бұл осы кезге дейін тұрақтылықпен жұмыс істеп келе жатқан Үкіметтің үйлесімді ырғағын сақтап, негізгі бағыттар бойынша даму динамикасын жалғастыруға себін тигізді. Елбасы Н.Назарбаев Үкіметбасылыққа Серік Ахметовтің кандидатурасын ұсынған кезде оның Үкімет қабырғасында көптеген бағдарламалар мен маңызды шаруаларды жасауға ұйытқы болғанын, бұрынғы үкіметтің қолға алған бағытын жалғастыратын лайықты тұлға екенін атап өткен болатын. Бұл жауапты қызметтердің барлық сатысынан абыроймен өткен Серік Ахметовтің аса тәжірибелі басшы, білікті экономист, шебер менеджер, аймақтардың ахуалын жетік білетін басқарушы кадр ретінде Елбасының өзі үлкен сенім артқанын, Президенттің сарабдал саясатын ойдағыдай іске асыра алатын тұлға екенін білдірсе керек.
Кәрім Мәсімовтен кейін эстафетаны жалғастырған Серік Ахметов Үкіметі құрамы жаңа есімдермен толықты. Олар: вице-премьер Қ.Көшербаев, сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов, экономикалық даму және сауда министрі Е.Досаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Әбденов. Бұл Үкіметте Премьер-министрдің бірінші орынбасары деген лауазым жоқ, тек орынбасар бар. Мұның өзі Серік Нығметұлының жоғары жауапкершілік пен шаруашылық жағынан белсенді әрекет етуіне жағдай жасайды. Министрлер Кабинетінің кадрлық құрамының көп өзгеріске ұшырай қоймағаны да бұрынғы Үкіметтердің бағытымен сабақтастығын сақтайтынын көрсетсе керек. Қалай дегенмен, Серік Ахметов Үкіметінің құрамы мықты. Үкіметте екі мәрте министр креслосын жаңартқан салмақты шенеуніктер жетерлік, мәселен Е.Досаев, Н.Қаппаров, Е.Ыдырысовтарды айтуға болады.
Басқа шенеуніктердей емес, атынан ат үркетін қызметтердің басын қайырған Серік Ахметовтің жүзі жылы, мінезі жібектей деседі жұрт. Ол технократ кадрлардың өкілінен саналғанымен, ұлтжанды басшы ретінде төл мәдениетті ешқашан қалтарыста қалдырған емес. Қарағанды өңірінде әкім болып тұрған кезде бірқатар қазақ мектептері ашылды, тарихи тұлғаларға ескерткіш орнатылды, иісі қазаққа ортақ ақын-жазушылардың, «Қазақ магниткасы» атанған Теміртаудың жарты ғасырлық мерейтойлары дүрілдеп өтті. Премьер-министр Серік Ахметовтің Үкімет отырыстарын мемлекеттік тілде өткізіп жүргені, министрлердің қазақ тілінде баяндама жасауға көшуі қуантарлық жайт.
Моноқалаларды дамыту, Қолжетімді баспана-2020 бағдарламасын одан әрі жалғастырып, қоғамда өзекті болып отырған жастар мәселесін шешуге Үкіметтің айрықша ден қоя бастағанын жақсылыққа баладық.
Қай жұмыста болмасын оның артынан шу шыққан емес, әлдебір топтардың қатарынан да аты аталмайды, қандай да бір көлеңкелі бизнестің артынан құлағы қылтиды дей алмаймыз. Үкіметбасының мінезі жібектей болғандықтан ба, ешқандай топтармен текетірес байқалмайды, тіпті Үкімет мүшелерінің арасында болатын амбициялық қайшылықтар туралы дерек жоқ.
Жаңа Үкіметтің өзіндік стилі – стратегияға басымдық беру
Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2050 жылға дейінгі жаңа стратегиясы Үкіметке стратегиялық саясатты жүзеге асыруды міндеттейді. Жаңа стратегия Үкіметті бұдан да ауқымды, ұзақмерзімді, кешенді жұмыстарды атқаруға жұмылдырады. Серік Ахметов Үкіметінің жұмыс стилі мен сипатының ерекшілігі де осында болса керек.
Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» 2050 жылға дейінгі жаңа стратегияны жүзеге асыру тұрғысындағы жалпыұлттық жоспар жасалды. 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бекітілді. Осы кезге дейін шегеріліп келген «Халықтық ІРО» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бірінші болып 2012 жылы «Халықтық IPO»-ға «ҚазТрансОйл» АҚ шығады. Одан кейін 2013 жылы IPO-ға «KEGOC» АҚ, «Казмортрансфлот» ҰТКК» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ және «КазТрансГаз» АҚ шығарылады.
«Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы және Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған салалық бағдарламасының жобасы жасалды.
Алыс-жақын мемлекеттермен стратегиялық әріптестік, көрші елдермен тығыз ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейе береді. Жаңа Үкіметтің сыртқы саяси бағытының өзегі де осы. Премьер-министр Серік Ахметов 100 күн ішінде Германияға, Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға жұмыс сапарымен барып, ондағы әріптестерімен кездесті. Астанада бірқатар елдердің Үкімет басшыларымен кездесіп, бизнес-форумдар өткізді. Шетелдік мәртебелі қонақтармен Астанада кездесті.
Елдегі Қостанай, Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарын аралап, Жаңаөзен қаласының жағдайымен танысып, жұртшылықпен кездесіп қайтты. Бұл Серік Нығметұлының кабинеттік емес, нағыз істің, шаруаның адамы екенін байқатты. Өңірде басшылық ете жүріп ысылған, жергілікті ахуалды жете білетін Серік Ахметовке Қазақстанның кез келген аймағындағы жағдаяттар мен мәселелер таңсық емес.
Іскерлік, басшылық тәжірибесі мол Серік Нығметұлы қай салада болмасын өз ісінің білгірі екенін дәлелдей білді. Тәжірибелі экономист-практик ретінде сауатты және жауапты басшы екенін мойындатты. Көлік және коммуникация министрі бола жүріп 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясын қабылдап, оның бірқатар ірі жобалар, атап айтқанда, Астана-Бурабай жол құрылысы, Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасын жүзеге асыруға атсалысты. Қарағанды облысын басқарып тұрған кезде үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаларды іске асыру бойынша өңірді бүкіл ел бойынша алға шығарды. Қарағанды облысын басқарып жүрген кезде аймақтың базалық өнеркәсібі саласын дамыту концепциясын әзірлеуді ұсынды. Өндірісті облыста сол кездері 12 жаңа өндіріс орны ашылып, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Кредиторлар халықаралық ұйымы Ресейдің Орлов облысы, Украинаның Қырым аймағымен бірге Қарағанды облысы да ТМД-ның ең динамикалық дамушы аймақ номинациясын иеленіп, «Инвестициялық періште» сыйлығын алған еді. Бұл жағынан келгенде, Серік Ахметовті аймақтар жайын жақсы білетін елдегі санаулы топ-менеджерлердің қатарына қосуға болады. Еңбек жолын Қарағанды металлургия зауытында қарапайым токарь болып бастаған Серік Нығметұлын қазіргі Үкімет басшысы биігіне көтерген де ерен еңбек пен кәсіби біліктілік екеніне дау болмаса керек.
Елбасымыз айтқан қазіргі әлемнің дамуын айқындап отырған «үшінші индустриялық революция» дайын болу қажеттігі тұрғысынан келгенде С.Ахметов Үкіметі атқаруға тиісті шаруа аз емес. Елбасының Қазақстан-2050 жобасы Үкіметке аймақтармен тығыз жұмыс істеуді міндеттейді. Себебі келесі жылдан бастап жергілікті жерлерде әкімдерді сайлау қолға алынбақ. Бұдан өзге бұрындары алты-жеті облыс республикалық бюджеттің донорлары болып саналатын, ал қазіргі Атырау, Ақтау және Алматы болып отыр. Аймақтар жайын реттемейінше, әлеуметтік мәселелерді, стихиялы урбанизация үрдісін үйлестіру мүмкін емес. Оның үстіне бірқатар отандық басылымдарда аймақтық даму жөніндегі министрлік құру жөнінде айтылып қалды. Теміртау қаласын, Қарағанды облысын басқарған С.Ахметов Үкіметі аймақтардың әлеуетін көтеру бағытында біраз шаруа жасайтынына шүбә жоқ.
Сайып келгенде, алдағы уақытта Серік Ахметов Үкіметінің алдында ДСҰ-ға кіру, Қазақстан-2050 стратегиясында белгіленген басымдықтарды іске асыру секілді қыруар міндеттер тұр. Жүз күнді артқа тастаған жаңа Үкімет алдыға қойған шаруаның бәрін еңсеріп жатыр деу ағаттық болар, дегенмен Елбасы тапсырмаларын тыңғылықты орындап, әлеуметтік жаңғыру бағытында көп жұмыстар атқаруы керек.