Семейдегі теміржол көпірі апатты жағдайда тұр
Семейдегі Ертіс өзені арқылы өтетін теміржол өткелі құлаудың аз алдында тұр. 80 жылдық тарихы бар көпір осы уақытқа дейін бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Алғаш болып көлік прокуратурасы дабыл қағуда.
Бұл көпір Қазақстан мен Ресей Федерациясын, сондай-ақ еліміздегі алыс-жақын шет мемлекеттерді жалғап тұрған күретамыр десе болады. Бір тәулік ішінде қарт Ертістегі осы теміржол өткелі арқылы 40-қа тарта пойыз өтеді. Оның ішінде жолаушылар және жүк пойыздары да бар. Таяуда көпірді қатаң тексеруден өткізген көлік прокуратурасы оның қауіп төндіріп тұрғанын анықтады.
Дулат СЕРІКБАЕВ, Семей қаласының көлік прокуроры:
– Ертіс өзені бойындағы теміржол көпірі апатты жағдайда. Аталған көпір 1929 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеуден өткізілмеген. Прокуратурамен жүргізілген тексеріс барысында бірнеше заңбұзушылық анықталды. Бұл көпір Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясын бірге қосады. Сондықтан да бұл объект стратегиялық жағынан маңызды болып табылады. Аталған факт бойынша бас көлік прокуратурасына ақпарат жолданды.
Прокуратурадағылардың мәліметінше, осыған дейін көпірдің су астындағы бетондары ағымдық жөндеуден өткен. Ал үстіңгі бөлігі сол қалпы қалып қойыпты. Бүгінгі таңда өткелдің пойыз өтетін жерлеріндегі темір конструкцияларына қатты зақым келген.
Әзірше көпір үстінде ешқандай апат орын ала қойған жоқ. Тек «қауіпсіздік үшін» деп өткелден өтетін пойыздардың жылдамдығына шектеу жасалды. Бұрын сағатына 45-50 шақырымды бағындыратын жүрдек темір көліктер қазір небары 25 шақырым жылдамдықпен қозғалуда. Тағы бір айта кетерлігі, өткел стратегиялық нысан болғандықтан, оған 30,40 жылда бір рет күрделі жөндеу жүргізілуі тиіс. Көлік прокуратурасындағылардың айтуынша, «Қазақстан теміржолы» АҚ бюджет тапшылығына байланысты осы уақытқа дейін көк тиын қаржы бөлмей келген. Іс насырға шаппай тұрғанда төтенше жағдайдың алды алынса жарар еді.