Сексеуіл селдіреп, киік құрып барады
Ғалымдардың болжауынша тірі организм түрлерінің соңғы он жылдықтардағы жер бетінен жоғалу шапшаңдығы эволюцияның табиғи жылдамдығынан бес мың есе қарқынды көрінеді. Ал биологиялық түрлердің азаюы алдағы елу жылда өткен ғасырдағыдан екі есе шапшаң жүретін сыңайлы. Ал көпшілігіміз қай түрдің сиреп немесе жоғалып бара жатқанын, қайсысын сақтап қалуға мүмкіндік бар екенін біле бермейміз. Нәтижесінде, сирек кездесетін, тез азаю үстіндегі өсімдіктер мен жануарлар туралы мәліметтердің аздығынан, тіпті жоқтығынан көптеген түрлер, әсіресе, Арал теңізінің жергілікті балықтары республикамыздың «Қызыл кітабына» енбей қалған.
Сыр өңірінде бұрын тіршілік етіп, қазір жоғалуға айналған, тіпті жоғалған деуге болатын көптеген аң-құстар мен өсімдіктер әлемі бар. Мәселен, қазіргі таңда қорғауды қажет ететін арқар, қаяз, бекіре, бірқазан, гепард, қызылқұм қойы, кесел секілді жан-жануарларды көзіміздің қарашығындай сақтау лазым. Сондай-ақ, тез азайып кеткен, тиісті қамқорлық жасалмаса, біздің жерден құрып кетуі мүмкін қарақұйрық, құлан, ақ дегелек, кезқұйрық, жалбағай, қарабай, сұңқылдақ аққу, бұлдырықты да назардан тыс қалдыруға болмайды. Әлі де сақтап қалуға болатын дуадақ, ақбөкен, жабайы шошқа, қырғауыл, ондатр, өте сирек кездесетіндіктен аз зерттелген жалман, мәлін, үш башайлы ергежейлі қосаяқ, қарақал, сабаншы, шағыл мысығы секілді жүгірген аң мен ұшқан құстар да сондай қамқорлықты күтеді.
Қайсыбір кезеңде ел арасында «Ақ бөкен өмірі азаймайды», «Жабайы шошқаға өлім жоқ» деген туған жер табиғатының тағдыры аса толғандыра қоймайтын немқұрайлы пікірлер естіліп қалып жатты. Осындай теріс көзқарастар нәтижесінде республикамыздың «Қызыл кітабына» енгізілген жүзге жуық аң-құстардың тең жартысы біздің облыстан шығуына әкеп соқтырып отыр. Табиғат жүгенсіздікті кешірмейді. Адамдардың тәңірі жаратқан фаунамыз (жан-жануарлар) бен флорамызды (өсімдіктер), тіпті пайдасыз, қарапайым ғана жәндіктің өліміне жол беріп, себеп болуға құқы жоқ.
Ұзақ жылдар бойы жергілікті экология тақырыбын зерттеп келе жатқан ардагер ағамыз – Оразбай Қосанов «Жоғалған биологиялық түр – қайталанбас құбылыс. Біз осыларды айтып – насихаттау арқылы көпшіліктің экологиялық сауатын ашуға көмектесуді мақсат тұттық. Өйткені, біздің түсінігімізше, табиғат тағдырының тәлкекке түсу себебі адамдардың экологиялық сауатсыздығынан, қоршаған ортаны қорғау туралы тәрбиенің мардымсыздығынан болып отыр. Адам баласының табиғатты жыртқыштықпен пайдалануының қайғылы тарихын, құлқынның құлы болған адамдардың баю мақсатында әлем бетінен жан-жануарлардың түрлерін қалайша азайтып, тіпті жойып жібергенін көрсетуіміз тиіс. Мен сол тақырыпта бірнеше кітаптар жаздым» дейді.
Сыр өңіріндегі экологиялық жағдай қазіргі таңда әлем жұртшылығын алаңдатып отырған жайы бар. Атамекен атырабы апатқа ұшырап, топырақ уланды. Оразбай ағамыз өндіріс орындары басшылары және өз өлкесін шын сүйетін азаматтардың қоршаған ортаға қамқорлық сезімін оятқанымыз артық емес екенін айтады. Көп болып қолға алса қоршаған ортаның азып-тозуы тоқталып, тірі дүние әлемі өзінің тарихи қанасына қайта оралады. Жұмыр басты жандар табиғатты қалай жараласа, табиғаттың оларды аяусыз жазалайтынын атышулы, әйгілі, бірнеше елдің ризығы болып тұрған айдынды Арал тағдыры талай адамды толғандырды.
Топырақ тұзға бөгіп, дария гербицидке толып кеткендіктен құландар атамекенін тастап кетті. Қызылордалық қанаттылардың біразы бейтаныс жаққа бет түзеген, қарақұйрықтар құрудың аз-ақ алдында тұр. Сексеуіл тоғайы селдіреп сиреді. Иә, бұны айтуға табиғаттың тілі жоқ, ал адамның табиғатсыз күні жоқ. Табиғат адамдарсыз-ақ құлпырып гүлдене алады, ал адамдардың табиғатсыз күн көруі мүмкін емес.
Балықтар түрлерін қорғайтын – Қамыстыбас көлі қорығы, ақбөкендер санын көбейтетін – Құланды мен Телікөл, азайып бара жатқан, құрып кету қаупі бар өсімдіктер түрлерін көбейтуге қолайлы мекен – Қарғалы, бірегей көлдер жүйесі эталоны ретінде Қандыарал қорықтарын ұйымдастыру шаралары көпшілік көңілінен шығатын нақты жобалар екені белгілі. О.Қосанов ағамыз осы орайда бірқатар ұсыныс-пікірлерін ортаға салып отыр. Мәселен, Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы мен Тораңғылсай және Қарғалы қаумалдарының материалдық жағдайын күшейтіп, қайтадан қалпына келтіруді қолға алу керек. Өйткені, қолда бар алтынымыздан айрылып қалу қаупі бар. Байқоңыр ғарыш айлағының зиянды зардабын ашық айтудан және аймақты жалға беруден түсетін пайданың облысымызға тиісті үлесін талап етуден қаймықпай, табандылық көрсету керек. Қолданыстағы табиғат қорғау заңдарының (әсіресе, браконьерлермен) бұлжымай орындалуы қадағаланып, қылмыстың қатаң шаралары қолданылса, өйткені табиғаттың заңын қаперіне ілмеушілер сексеуілді сиретіп-селдіретіп, киіктерді құртып, теңіздің тартылуына себебін тигізді. Зұлымдық әрекетке немқұрайлы қарауға болмайды.
Ең өкініштісі, облыс көлемінде, республикамыздың басқа аймақтарына қарағанда, жабайы аңдар мен өсімдіктердің түрлері де, сандары да күрт азайып кетті. Сондықтан білім беру орындарында экологиялық білім мен тәрбиенің берілуін анықтап, нақтылап және бақылап отыруды мемлекеттік деңгейге көтеру керек. Өйткені, табиғатты аялай білетін, адамгершілігі мол, экологиялық білімі мен мәдениеті жоғары жас ұрпақ тәрбиеленбей істің ілгері жылжуы қиындап кетті.
Әрбір тұрғын кіндік қаны тамған өңірдің табиғатына жанашырлық танытқанымыз абзал. Осы аймақта түтін түтетіп, тал бесігіміздің таңы үміт пен күдік араласа атып отырғандықтан айналамызға бей-жай қарауға болмайды. Кейінгі ұрпақты тас-талқаны шыққан табиғатпен бетпе-бет қалдырып кетсек, біздің азаматтығымызға сын емес пе?