«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шылым ретінде шегетін шөп қоспаларға (микстер) тыйым салды» делінген ведомствоның бейсенбі күні таратқан хабарында.
Баспасөз парақшасында айтылғандай, 20 қаңтарда республиканың мемлекеттік бас санитарлық дәрігері міндетін атқарушы Нұрқан Сәдуақасов «Санитарлық-эпидемияға қарсы күрес (алдын алу) шаралары туралы» қаулысына қол қойды.
Құжатта осындай шегетін Genie, Smoke relax your mind, Rush, Damiana chocolate, Effya және Spice шөп қоспаларының халыққа зияны туралы айтылады. Себебі олардың құрамында психотроптық әсері жағынан тетрагидроканнабинол іспеттес заттар бары анықталған.
Сондай-ақ қаулыда шөп қоспаларын әкелгенде, жасағанда, таратқанда инфекциялық емес аурулар мен уланулар жаппай орын алу мен таралу қаупінің пайда болу мүмкіндігі айтылады.
Қазақстандағы қолданыстағы заңнаманың негізінде облыстардың және Алматы мен Астана, сондай-ақ ҚР көліктегі бас санитарлық дәрігерлеріне республика аумағына инфекциялық емес аурулар мен уланулар жаппай орын алу және таралу қаупін тудырарлық шегетін шөп қоспаларды (микстерді) алып келуге тыйым салу керектігі тапсырылды.
Сондай-ақ оларға ішкі істер органдарымен бірге айналымдағы шегетін шөп қоспаларын (микстерді) анықтау мен оларды алу бойынша тексеру-қадағалау шараларын жүргізіп және шегетін шөп қоспаларын анықтаған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сай тыйым салу-шектеу шараларын қолдану тапсырылды.