Зымыраған уақыт. Әне-міне дегенше тағы бір оқу жылы артта қалып барады. Жоғары оқу орнын бітірген түлектер қолына диплом алып, үлкен өмірге аяқ басқалы тұр. Соның бірі өзіммін. Алайда қолымыздағы диплом жұмысын кім, қалай жазғаны бөлек әңгіме.
Диплом жұмысы – бұл жоғары оқу орнында қаншама жыл алған білімнің қорытындысы, нәтижесі десе де болатындай. Сондықтан диплом жұмысына соңғы курстан бастап-ақ кірісіп кеткен едім. Оны жазу үшін ең алдымен таңдап алған тақырып бойынша қыруар мәлімет жинау қажет. Осы мақсатта Алматының Ұлттық кітапханасынан шықпай, күні бойы әдебиеттерді ақтарумен болдым. Сондай әдеттегі күннің бірінде басқа университетте оқитын құрбым қоңырау шалды. Бала күннен бірге өскен екеуміз оқуға қатар түсіп, осы жылы бітірмекпіз. Амандық сұрасқаннан кейін, «диплом жазатын танысың бар ма?» деп, сұрақты төтесінен қойды. Мұндай әңгімеден хабарсыз мен не дерімді білмей, аңтарылып қалдым. Таңырқап қалғанымды дауысымнан байқаса керек, жағдайын тәтпіштеп баяндап берді. Оның айтуынша, жұмыс жасап жүргендіктен диплом жазуға уақыты жоқ екен. Ал оқу жылының аяқталуына санаулы күн қалды. Ендігі қалғаны диплом жұмысына тапсырыс беріп, сатып алу ғана. Жағдайына қанығып, мүмкіндігінше көмектесетінімді білдірдім. Бірақ көкейімде сансыз сұрақ туындап, жауабын білмекке асықтым. Диплом жұмысын кімдер жазады? Жазатын адамның білімі қандай? Жұмыстың бағасы қанша?
Олжалы «орда»
Парталас достардан сұрастыра жүріп, мұндай қызмет түрін ұсынатын жердің мекенжайы анықталды. Ол Алматыдағы жерасты жолдарының бірінде орналасқан екен. Келім-кетімі көп бұл жерді осы қызмет түрінің «ордасы» десе де болады. Мұнда студенттерге қажетті барлық қызмет түрі бар. Қарапайым қағаз көшіріп басудан диплом жұмысын жазуға дейін қамтылған. Сонымен бірінші дүргіршекке кіруге оқталдым. Бірақ бойымды түсініксіз бір сезім билеп, бейне бір заңға қайшы әрекетке баратын адамдай ыңғайсыз күйде болдым. Алайда қызығушылығым артып, алға беттедім. Дүңгіршектің терезесіне үлкен әріппен «Тапсырыс бойынша диплом жұмысы» деген жазуды іліп қойған. Барлығы кезек күтіп тұрған студенттер. Мен де сол қатарға қосылдым. Мұндай кезекті көріп, бұл жердің олжалы «ордаға» айналғанын еріксіз мойындайсың. Біршама уақыт өткеннен кейін менің де кезегім келді.
– Диплом жұмысын жазасыздар ма?
– Иә. Қандай тақырыпта?
Осылайша әңгімеміз басталып кетті. Егжей-тегжейін білмек болып тағы сұрақтарымды үсті-үстіне қоя түстім. Бұл жерде диплом жұмысының бағасы 60 мың теңгеден басталады екен. Бет көлемі 100-ден асса, бағасы 80 мыңға көтерілетін көрінеді. Бәрінен бұрын қатты қызықтырғаны жұмыстың сапасы еді. Оны да сұрадым. «Сапасы жақсы, оқытушылар жазады», – деп «саудагеріміз» ашықтан-ашық айтып отыр.
Келесі дүңгіршекке өттім. Оның сыртқы жарнамасында диплом жұмысы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Бірақ ішіне кіріп сұрай қалсаңыз, қызмет көрсетуге әзір.
– Сіздерде дипломды кім жазады?
– Оны айта алмаймыз (қулана күлімсіреді).
– Онда диплом жұмысының сапасына қалай сенуге болады?
– 100 пайыз сапалы. Оған сене берсеңіз болады. Тіпті біз диссертация да жазамыз. Кейде Астанадан да тапсырыс келеді.
Енді бұған қалай қарайсыз? «Ештеңеге таң қалуға болмайды» деген рас екен. Тағы біреуіне кірдім. Ол жер мұндай «бизнеспен» айналыспайтын болып шықты. Бұған аз да болса іштей қуанып қалдым. Диплом жұмысы төңірегінде тағы бір «қызық» мәліметке қанық болармын деген оймен келесі бір дүңгіршекке бас сұқтым. Іші толған қағаз, компьютері бар бөлмеде бірнеше кісі қызмет көрсетеді. Кірген бойда бұл жерден осыған дейінгілерден естімеген бір ақпаратты білдім. Егер сіз іздеген тақырыптағы дипломдық жұмыс олардың компьютерінде дайын күйінде болса, бағасы да соған орай арзандау түседі екен. Мәселен, 15-20 мың теңгенің шамасы. Ал егер ол тақырып еш жерде сақталмаған әрі қиындау болса, бағасы да көтеріле түседі. Айтпақшы, тапсырыс екі аптаның ішінде дайын болады. Тек бастапқы жарнасын беріп кетуіңіз керек. Ол дегеніміз, 10 мың теңге. Қалай бастапқы жарна төленеді, диплом жұмысын жазу процесі солай басталады.
Ғаламтордағы
«ғажайып»
Бүгінде екінің бірі ғаламторда отыратыны белгілі. Бүкіл әлем ғаламтордың шырмауына түсіп, соған тәуелді болған заман емес пе?! Осыны ойға алып, ғаламторды ақтара бастадым. Мүмкін біз іздеген қызмет түрі мұнда да кездесіп қалар. Әлбетте, диплом жұмысының сан мыңдаған түрін ұсынатын сайттар жетіп артылады екен. Ең қызығы, бұл сайттар тек осындай жұмыс түрімен айналысатын секілді. Мұндай сайттар, әрине, тек диплом жұмысын ұсынумен ғана шектеліп қалмайды. «Қазақша рефераттар», «Курстық жұмыстар», «Қазақша презентациялар», «Қазақша тесттер», «Электрондық оқулықтар» сынды бөлімдері бар. Бұл порталдарда жұмыстың бағасы студент үшін, тіпті қолжетімді. 500 теңгеден 2 000 теңгеге дейін. Дайын диплом жұмысына қол жеткізу үшін бар болғаны сілтеме бойынша ақшаңызды жіберсеңіз болғаны. Бәрі дайын. Қалтаңыз қомақты болмаса да, азын-аулақ қаржыға диплом жұмысының электронды нұсқасы қолыңызға жетеді. Міне, ғаламтордың «ғажайыбы» осында.
Біз көрген, білген дүниелер бұл мәселенің шеті ғана. Ал шынтуайтына келгенде, біздің әрбіріміз мұндай дүниені күнделікті өмірде кездестіріп, естіп жүргеніміз жасырын емес. Бірақ соған орай белгілі бір нәтиже болып жатқаны шамалы. Мәселенің негізгі түйіні де осында...
Тақырыпқа орай
Жас қазақ: Елімізде шығармашылық ұрлыққа ұрынған ғалымдардың есімі халыққа түгелдей жариялансын деген ұсыныс айтылды. Осыған орай арнайы заң қабылдау қажет пе?
Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты:
«Жасыратыны жоқ, қазір бізде шығармашылық ұрлық көбейіп барады. Шетелдің мұрағатынан тапқан тарихи дерегіңді екінші біреу пайдалана салады. Бір жиында сөйлеген сөзіңді басқа біреу «ұрлап», мақаласына қосады. Меніңше, шығармашылық ұрлықты ғалым да, ақын-жазушы да, композитор да, сәулетші де, техникалық инженер де жасауы мүмкін. Бұған тосқауыл қою қажет. Мысалы, біреудің кандидаттық диссертациясын тұтасымен көшіріп алған ғалымның қылмысын ғылыми кеңес әшкерелеу керек. Сол оқу орнында немесе ғылыми ортада есімін жариялаған жөн. Яғни, оның диссертациясын қорғатпау үшін ешқандай заңның керегі жоқ. Өйткені заң қабылдаған соң, жаза қолданылады. Біреудің еңбегін көшіргенге қандай жаза қолданасың? Ең абзалы, Жазушылар одағы, Композиторлар одағы сияқты шығармашылық бірлестіктерге ұрлықты әшкерелейтін құқық беруге тиіспіз. Ол үшін «Мәдениет туралы», «БАҚ туралы» және «Телерадиохабарларын тарату туралы» заңға өзгеріс енгізуге болады»