Ақтөбеде бұрынғы жүнді алғаш өңдеу зауыты аумағында сауда-логистика орталығы салынатын болды. Өндірісті калайда қайта қалпына келтіру, шаруашылық айналымын жақсарту мақсатында бұл жобаны «Ақтөбе ӘКК» АҚ ұсынды. Және олар бұрынғы зауыт базасында жаңа индустриялық аймақ пайда болса, онда облыс көлеміне қаржы құйылатыны анық екенін дәлелдеп отыр.
Орталықтың аумағы 38 гектарды құрайды, қоймалар мен өндірістер көлемі – 142 мың шаршы метр. Орталық бойынша бес тораптан жүретін вагон айналымы тәулігіне – 200 дана, автокөлік саны 270 дана болады деп күтілуде. Ол үшін өнеркәсіптік инфрақұрылым керек. Ал инфрақұрылым жасау үшін сауда-логистикалық орталықтың атқаратын рөлі үлкен болмақ. Әлеуметтік кәсіпкерлік кәсіпорны ұсынып отырған жобада жылыжай, суармалы егістік, бордақылау және дайындау алаңдары, қоймалар салынатыны көрсетілген.
Жоба иелері мұны Хоргоспен салыстырады. Шынымен де, Ақтөбенің географиялық орналасу жағдайы келіп тұр: теміржол, автомобиль жолы, оның ішінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізі Шығыс пен Батыстың орталығына айналуы әбден мүмкін.
Мұның бәрі еліміздің экономикалық дамуына орайластырылған. Әлемдік экономикаға кірігу, сыртқы экономикалық байланыстың дамуы, Қазақстанның Кедендік одаққа кіруі еліміздің ұлттық, экспорттық, импорттық және транзиттік тауар айналымын арттыра түседі.
Серғазы ИСЕМБАЕВ, «Ақтөбе ӘКК» АҚ басқарма төрағасы:
– Бұл жобаны қолға алуға Ақтөбе қаласының географиялық жағдайы әсер етті. Ақтөбе қаласы алдағы уақытта Шығыс – Батыс, Батыс – Шығыс бағыттарындағы халықаралық транзиттік ағынның негізгі қатысушысына айналуы мүмкін. Оған жағдай бар. Қытай, Орталық Азия, Еуропа мемлекеттері осы әлеуетті пайдалана алады. Ал бұл ақтөбеліктерге еуроазиялық тауар айналымын реттеп отыруға, содан табыс табуға мүмкіндік береді.
Сауда-логистика орталығы салынатын болды
Последние статьи автора