Сарыптан сақ болыңыз!
Республика бойынша жылына 1,5-2 мыңдай адам сарып ауруын жұқтырады екен. Ал сарып ауруының адамға малдан жұғатынын ескерсек, індеттің көп тарауына халықтың сарып туралы білмеуі себеп болып отырған секілді. Сондықтан да мамандардың «халыққа сарып ауруынан сақтану туралы мағлұмат берсеңіздер екен» деген ұсынысын қанағаттандыруды біз де жөн деп таптық.
Сарып немесе сал ауруы (бруцеллез) – адамдарға ауру малдан жұғатын, адам денесінің буын, жүйке, жыныс мүшелерінің зақымдануына әкеліп соғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Статистикалық деректерге жүгінсек, ел аумағында 2012 жылы 1509 адам сарып ауруын жұқтырса, 2013 жылдың тоғыз айында 1179 адам сарыптан зардап шеккен. Сондай-ақ жекеменшік мал шаруашылығы дамыған облыстарда малды бағып, оларға күтім жасау үшін балалар мен жасөспірімдердің еңбегін пайдалану балалар арасында сарып ауруының көбеюіне әкеліп соғуда. Нақты айтар болсақ, бүгінгі таңда сарып дертіне шалдыққандардың 12,5 пайызын 14 жасқа толмаған жеткіншектер құрап отыр. Төрт түлік мал сарып ауруын жұқтырудың негізгі көзі болып табылады. Оның ішінде: уақ малдың үлесі 61,5% болса, ірі қара мал үлесі 18,4% болып отыр.
Сарып ауруы қатерінің бірі – ауру қоздырғышының (бруцелла микробы) сыртқы ортаның әсеріне өте шыдамды болуы. Қоздырғыштар сүт өнімдерінде 25 күнге дейін, мал терісінде үш-төрт ай, суда бес ай, топырақта екі-үш ай тіршілік етеді. Ал салқын жерде белсенділігін одан ұзақ мерзімде сақтайды. Ауру малдың ішіндегі ең қауіптісі уақ мал (қой мен ешкі), өткен жылы ауырған адамдардың 66,7%-ы ауруды уақ малды бағып-күту кезінде жұқтырған. Ауру қоздырғыштары сыртқы ортаға ауырған малдың тезегі, қиы, зәрі, шуы тағы басқалар арқылы бөлініп, тарайды. Малдың ақсап жүруі, аяқ буындарының ісінуі, көбінесе саулық малдың желініне ісік пайда болуы, іш тастуы, еркек малдың (бұқа, қошқар, теке т.б.) енінің ұлғаюы сияқты өзгерістер сарып ауруының белгісі болып табылады. Мұндай жағдай байқалғанда мал иесі уақыт оздырмай мал дәрігеріне хабарлауы тиіс.
Аурудың негізгі белгілері
Ауру қоздырғыштары адам денесіне әсіресе мал төлдету, оны бағып-күту, ауру малды сою, жіліктеу, немесе жүнін қырқу кезінде тері арқылы енеді. Ал күнделікті тұрмыста: ауырған малдың қайнатылмаған сүтін ішкенде, сол сүттен дайындалған қаймақ, сарымай, ірімшік, шала пісірілген ет тағамдарын пайдаланғанда жұғады. Сол сияқты ауылды жерлерде отын ретінде мал тезегін дайындау кезінде жұғуы мүмкін.
Сарып ауруының негізгі белгілері ауру жұқтырғаннан кейін 7-30 күн өткен соң біліне бастайды: адам өзінің тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай, басы ауырып, дел-сал болып бойының ауыр тартқанын сезеді. Емделмеген жағдайда ауру күшейіп, науқастың дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, қол-аяғы сырқырап, белі ауырып, түнге қарай суға малшынғандай терлеп, ұйқысы бұзылып, мойын, қолтық асты мен шабының бездері ісіп ауырады. Дәрігерлерге көрінбей, өзінше емделген жағдайда ауру созылмалы түрге айналып, науқас адамның белі шойырылып, қол-аяқ буындары ісіп, қозғалтпай ауырып, әрең бүгіледі. Буын-буындарға сарсу толып, буындардың қалыпты түрі өзгереді. Ауру екі-үш жылдан көп жылға дейін созылып, кей жағдайда адам жұмысқа жарамай сал, мүгедек болып қалуы ықтимал.
Сарып ауруынан сақтану жолдары
Сарыптың тек ауру малдан немесе мал өнімдерінен жұғатынын ескерсек, бірінші кезекте сақтану шараларын аурудың көзі болып табылатын себептерді жоюдан бастаған жөн. Ол үшін жекеменшік мал иелері мен шағын шаруашылық басшылары, жергілікті әкімдер мен мал дәрігерлері бірлесіп, қожалықтағы немесе жекеменшіктегі барлық мал басын түгелдей есепке алып, уақтылы ауру-сауын тексеріп, сарыпқа және де басқа қауіпті ауруларға қарсы екпе жасатып отыруы тиіс. Ауруы анықталған малды көп ұзатпай сойып, ет өңдейтін арнайы орындарға тапсыруы қажет. Сонымен қатар ауру малды өзге малдан бөлектеп, іш тастаған малдың төлін, шуын арнайы құралдармен немесе айырмен, күрекпен алып, мал төлдеген жердің сабан-шөбін, топырағымен қоса алып, қорадан аулақ жерге апарып, иттер қазып ала алмайтындай етіп 1-1,5 метрдей тереңдікке көміп тастау керек. Ауру малды бағып-күтушілер үстінде арнайы санитарлық киімдер: халат, резеңке етік пен қолғап, алдына су өтпейтін алжапқыш байлап, жұмыс істеуі шарт. Қолды жиі сабындап жуып жүрудің де маңызы өте зор. Мал сатып алғанда малдың саулығы туралы анықтаманы талап ету керек.
Ауру мал бағылатын қорада темекі тартуға, тамақтануға, демалыс жасауға болмайды. Жаңа туған төлді үйге кіргізу де қауіпті. Себебі үйдегі сәбиге, балаларға, отбасы мүшелеріне ауру жуғуы мүмкін. Мал немесе малдың еті мен сүтін сатып алғанда, сатушылардан малдың саулығы туралы мал дәрігердің анықтамасын талап ету қажет.
Егер әрбіріміз жоғарыда айтылған қарапайым ережелерді мұқият сақтасақ, тек сарып емес, малдан жұғатын көптеген басқа да аса қауіпті аурулардан аман боларымыз анық.
Ақылбек МЫРЗАБЕКОВ, Республикалық «Сан-эпидсараптама және мониторинг» ҒТО-ның жоғары санатты дәрігер-эпидемиологі, денсаулық сақтау ісінің үздігі