Сақ болсаң, сау жүресің!
Үй жануарларымен қатар, күнделікті өмірде адамзатпен бірге көптеген паразиттер де тіршілік етеді. Олардан адамға келер қауіп те жоқ емес. Егер дер кезінде күресіп жоймаса, олар адамға әртүрлі аурулар жұқтыруы мүмкін. Солардың бірі – қандала.
ҚР ДСМ МСЭҚК «Алматы қаласының дезинфекция стансысы» РМҚК маманы Қ.Қардасыновтың айтуына қарағанда, Алматы қаласының Түріксіб ауданында орналасқан жер үйлерде қандала көбейген. «Тұтастай алғанда Алматы қаласының аудандарында қандаланың ошақтары бар. Бірақ тұрғындар зиянды жәндіктерді уақытында арнаулы дезинфекциялық әдістермен жоюға, сақтық шараларын жасауға көңіл бөлмейді. Бұл қандаланың көбеюі мен өсуіне негіз болып отыр», – дейді маман.
«Қандала – қанмен қоректенетін қанатсыз паразит. Негізінен, ол ескі үйлерде, жатақханалар мен мейрамханаларда кездеседі. Сондай-ақ қамысты-каркасты құрылыс нысандары мен тұрғын үйлерде тіршілік етеді. Оның орташа тіршілік ету уақыты – 14 ай. Олардың белсенділігі түнгі уақытта артады. Күндіз зиянды жәндіктер кез келген жылы, қараңғы жерлерде ұйықтайды. Егер аш болса, ол жарық уақытта да шабуыл жасауы ықтимал. Қауіптілігі – қандала шаққанда ауырсыну білінбейді. Сондықтан ұйқыда жатқан адам ештеңе сезбейді. Соның салдарынан қандала адамның бүкіл денесін шағып тастайды. Қандала үй жануарлары мен құстардың, сонымен қатар егеуқұйрықтар мен тышқандардың да қанын сорады. Соңдықтан кей жағдайда кеміргіштерде (егеуқұйрықтар мен тышқандарда) кезігетін жұқпаны адамға жұқтыруы мүмкін», – дейді «Алматы қаласының дезинфекция станциясы» РМҚК маманы А.Матвеева.
Қандаланың иіс сезу ағзасы жақсы дамыған. Сондықтан ол қараңғы кезде өз құрбанын тез табады. Және бір шаққан кезде өз салмағынан екі есе көп қан сорады екен. Бұл қорды қандала бір тәулікке қорек ететін көрінеді.
Әлімжан ҚҰРБАНОВ, ҚР ДСМ МСЭҚК «Алматы қаласының дезинфекция стансысы» РМҚК маманы:
– Жалпы, қалада қандаланың көбейгендігі байқалады. 2012 жылы қандала шаққан адамдар саны өте жоғары болды. Өткен жылдармен салыстырғанда, бес-алты есеге артқан. Дезинфекция жасауға көмек сұрап, қоңырау шалушылар да көп. Себебі қандала адамдардың тынышын алады. Шаққан жері қышып, адамдардың түнгі ұйқысы бұзылады. Қандала бір ретте жеті мг қан сорады. Бір мезгілде бірнеше қандаланың шағатынын ескерсек, ол адам денсаулығына да әсер етіп, жұмыс қабілетін төмендетуі мүмкін.
Қандала қызба, оба, бөртпе сүзегі сияқты қауіпті жұқпалардың тасымалдаушылары болып табылады. Дегенмен бұл ұйғарым ғылыми түрде дәлелденбеген. Әйтсе де сақ болған жөн.
Ескерту
Қандалалар әртүрлі инфекциялық және инвазиялық қоздырғыштарды таратушы болып табылады. Зардап шеккен адамдар үйлерін тез арада дезинфекциялаулары керек. Өз бетімен дезинфекция жұмыстарын жүргізу адам денсаулығы үшін өте қауіпті. Сондықтан үйде қандала пайда болғанда Алматы қаласының дезинфекциялау стансысына мына мекенжай бойынша (Азов көшесі 17 үй, тел: 233-65-23) хабарласу керек.