Екi күннің бірінде Сыр өңірінде шаңды дауыл тұрады. Табиғаттың бұл құбылысына жергілікті жұрттың еті әбден үйренген. Тіпті оған елең етпейтін жағдайға жеткен. Рас, мұндай құбылыс жұмыр жердің қай бөлігінде де жиі кездеседі. Мәселен, Африканың Сахарасы, Таяу Шығыс, Моңғолия мен Қытай, АҚШ. Оңтүстік Америка мен Австралияның бірқатар бөліктерінде шаңды дауылдар болып тұрады. Дегенмен біздегідей жиі-жиі құм суырып, көзіңді әрең ашып жүретін оқиға орын алмайды. Еліміздің оңтүстік өлкесінде өмір сүретін ағайын мұндай дауылды жиі көретіндіктен, оған еш мән бермейтін болды. Оған қарсы қолданар қандай амал бар? Қазір көпшілікті осы сауал толғандырады. Әрине, қарапайым халықтың табиғаттың тосын құбылысына қарсы жасайтын әрекеті бар ма? Мәселенің түйінін тарқатып, оның ақ-қарасын ашатын, бұл жағдайды таразыға тарта білетін ғалымдар бұл тарапта тыңғылықты зерттеу жасағаны артықтық етпейді.
Қазекем мұндай қарқыны күшті желді қара дауыл дейді. Кезінде оқта-текте осындай оқиға орын алған кезде үлкендер «Құдай ақырын берсін» деп отырушы еді. Кейде оның зардабы да аз болмайтын. Екпіндей соққан дауыл тұрғын үйлердің шатырын ұшырып, тал-теректі орта белден жұлып әкетеді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні шаңды дауылдар жиі соғып, елдің есін шығарады. Күнделікті ақпарат көздерінен еліміздің кейбір бөліктерінде сондай оқиғалардың орын алғанын естиміз. Содан кейін «апырай-ә» десіп, өзімізді – өзіміз жұбатамыз. Ақырында бәрі ұмыт қалады.
Қазіргі таңда Қазақстанның қай аймағы болсын боз дала, жалаң кейіпке еніп барады. Сол алқапта жайқалған өсімдіктер әлемі де жадағай күйде. Бүгінде экологиялық ауыр жағдайды бастан кешіріп отырған Сыр өңірін қайсыбір кезеңде бау-бақшасы жайқалған, дала төсінің өзінде қаншама ағаш түрлері өскен жасыл желекті аймақ болғанына қазіргі ұрпақ сене қоймас. Дәл осындай керемет көріністі көзкөрген аға буын өкілдері әлі де арамызда жүр. Ол кезде Аралдың қос бұрымы саналған Әму мен Сыр өзендері теңізге қажетті су мөлшерін жеткізіп жатты. Арал апаты бертін келе туған жер табиғатының жалаң күйге түсуіне аз әсерін тигізген жоқ. Осының салдарынан жергілікті жерде ылғалдың түсуі азайып, табиғаттың өзіне тән ерекшелігі бұзылды. Өткен ғасырдың орта шенінде жылдың ақпан-наурыз айларында ылғал молынан жиналатын. Қазір жағдай басқаша. Жұрт күннің қабағын бағып, ертеңгі күнге алаңдап отырады.
Дала төсіндегі жасыл желектің азаюы мен ылғалдың кемуі құмның жиналуына алып келді. Бүгінгі таңда Сыр өңіріндегі кейбір ауыл маңында құмның мөлшері шамадан тыс артып кеткені байқалады. Әсіресе Арал теңізі жағасында орын тепкен елді-мекендерде ол үйреншікті жағдайға айналды. Айналып келгенде, бұл жағдай аймақта желдің жиі соғуына әсерін тигізіп отыр. Құмды дауылдың жиі қайталануының бір сыры сонда болса керек. Сондай-ақ тың игеру жылдарында жыртылған кейбір алқаптардың бүгінгі күні қараусыз қалып қойғаны тағы бар.
Ғалымдардың айтуынша, өткен ғасырдың 50–90-жылдарда Арал өңірі маңында шаңды дауылдардың жиілігі бұрынғыдан 60 есеге дейін артып кеткен. Осының салдарынан аспанға көтерілетін тұзды шаңның мөлшері 75 млн тоннаға дейін жеткен. Бұл өз кезегінде Әму мен Сыр жағасындағы егістікке құйылатын судың да тұздануына әсер етпей қоймады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қызылорда облысы аумағының тең жарымынан астамы сортаң жерлерге айналыпты. Ауыл-ауылды аралай қалсаңыз, тұзы бетіне шыққан жерлерді жиі көресіз. Ал ондай алқаптарда ешқандай өсімдік түрі тамырын тереңге тарта алмайды. Дауыл соққанда сол жерлердегі құм көкке көтеріліп, тұрғындар әбігерге түседі.
Арал теңізінің апаты салдарынан аймақтағы өзен-көлдердің саны да азайған. Мәселен, осыдан 40 жылдай бұрын Сыр өңірінде мыңнан астам көл болса, бүгінде олардың саны жүзге әрең жетеді.
Оразхан Айдаров, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Жылдан-жылға Сырдария су алқабында буланатын су мөлшері артып, қоршаған ортаға зиянын тигізіп келеді. Өсімдіктердің бағалы түрлерін арамшөптер басуда. Өңірде «Қызыл кітапқа» енгізілген 70-тен астам өсімдік түрлерінің мүлдем жойылып кету қауіпі туындап отыр.
Күнара көкке самғаған зымыранға қол бұлғайтын Байқоңыр ғарыш айлағының да қоршаған ортаның бұзылуына ықпалы бар екенін жасыра алмаймыз. Өйткені зымырандар ұшқан уақытта аймақта дауыл тұрып, екі-үш күнге дейін басылмайды. Оған қаншалықты мән беріп жүрміз? Көрші ел ғарыш саласын игеруге барынша талпынып отыр. Алайда қазақ даласының табиғат әлеміне олардың зияны қандай? Бірді-екілі еңбектер жазылғанымен, бұл бағытта жүйелі жұмыс жасалған жоқ.
Азайған ағаш түрлерінің орнын қалай толтырамыз деген сауал да көпшілік көкейінде. Әрине, оның барлығын қайта қалпына келтіру мүмкін болмас. Арал теңізінің кеуіп қалған табанына отырғызылып жатқан сексеуілдер алқабы құмның толассыз жүруіне қаншалықты тосқауыл бола алады? Жергілікті жерде көркейту-көгалдандыру шаралары өз деңгейінде жүргізілсе, облыс орталығынан бастап шағын елді мекендерге дейін жасыл желек жайқалып тұрар еді.
Сырда шаңды дауыл бүгінде соғып тұр.
Шаңды дауылды тоқтатуға қандай амал бар?
Последние статьи автора