Шымшаһарда кезекті рет «Арыс жағасында» ретро фестивалі өтті. Дәстүрлі шара осы жолы елімізге танымал өнер майталмандары — Мұхтар Шаханов, Исрайл Сапарбай, Сүгірәлі Сапарәлиев, Сапарбек Медеубеков, Әшірхан Телғозиевтың шығармашылығына арналып отыр. Халық қазынасына айналған әндер орындалған айтулы кеш әуелі елге сағыныш сазын сыйлайтын ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алды. Қазақ вальсінің падишасы құрметіне арналған шара жыл сайын елге еңбегі сіңген өнер майталмандарының шығармашылығын насихаттауды әдетке айналдырған.
Жиырма жылдан астам уақыттан бері қазақтың ән еркесі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні қарсаңында Шымқаланың аспаны композитордың таңғажайып әуендеріне бөленеді. Оңтүстіктен бастау алған «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестивалі бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде өтетін болды. Ал сазгердің туған жерінде соңғы төрт жылдан бері «Арыс жағасында» ретро фестивалін ұйымдастыру дәстүрге енді. Ретро фестивальдің бірінші кезеңі Қалдаяқовпен замандас, кейінгі буын сазгерлер шығармашылығына арналса, екінші кезеңінде «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы шымылдығын түреді.
Бұл жолғы «Шәмші әлемі» гүлзарында өткен ғажайып ән кеші көпшілікке керемет әсер сыйлады. Бір ғажабы, осы бес бірдей сазгер 1938-43 жылдар аралығында дүниеге келіпті. Қазаққа қаншама талант иелерін сыйлаған Оңтүстік топырағы неткен қасиетті, құнарлы десеңізші! Иә, өткен ғасырдың 70-80-інші жылдары қазақ даласында әуелеп, жастардың сүйіп айтатын шығармасына айналған, екі-үш буын ұрпақты тәрбиелеп, рухани азықтандырған әсем саз кемерінен асып-төгіліп жатты.
Өнер кеші М.Шаханов пен Ш.Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін екі жүз адамдық хордың акапеллада орындауымен ашылды. Астана мен Алматыдан эстрада жұлдыздарын шақырмай-ақ, Оңтүстіктің өз өнерпаздары өткен ғасырдың сағынышты саздарымен көпшілікті сусындатты. М.Шахановтың «Елді сағыну» туындысын халықаралық ән фестивальдерінің лауреаты Мөлдір Бақытжанқызы барлық құнары мен терең иірімдерін сақтай отырып шебер жеткізе білді. И.Сапарбайдың Шымқаланың гимні деуге лайық «Шымкентім – шырайлым» әнін Шәмші фестивалінің алғашқы лауреаттарының бірі Гүлжазира Нұрпейісова ұлдарымен бірге тамылжыта шырқады. С.Медеубековтің өткен ғасырда әннің төресіне айналған «Ақ қайыңын» ҚР еңбек сіңірген әртісі Құрман Шойынбаев әуелеткенде бүгінгі даңғаза эстрададан шаршаған өнерсүйер қауым «Па, шіркін!» десіп қалды. Шынында да, бұл күні шырқалған сыршыл әуендер, сол әуеннің шырайын ашып, көркін арттырған ғаламат өлеңдер көпшіліктің өткен ғасыр әндеріне деген сағынышын қайта оятқандай болды. Ғажайып үйлесім, керемет жарасым! Жүректен шыққан әсем әуендер қалайша жүректерге жетпесін?!
Бұл ретро фестиваль бес сазгердің осыдан 20, 30 жыл бұрын жазылғанымен, әлі де мән-маңызын жоймаған туындыларын әншілердің кәсіби жоғары деңгейде, бірнеше дауыста шебер орындауымен де есте қалды деп сеніммен айта аламыз. Қазақтың ән-қазынасын молайтып, алтын қорда сақталған шынайы шығармаларды сол кезеңнің жастары жаппай әндетіп, халықтық сипат алғанынан да аңғару қиын емес.
Ғашықтардың үздіккен ішкі дертін әншілер Динара Мейірбекова, Гүлзада Нұржанова, Бағлан Алтаев, Ержан Темірбаев барлық өрнек-нақышымен келістіріп тұрып кестелегенде саз-әуездің ішкі үйлесімі көпшілікті риза етті.
И.Сапарбай мен С.Сапарәлиевтің «Жұлдызым» әнін Нұрлан Балтақожа мен Асылхан Шалқаров мәнер-айшығымен үздіктіре, үзілдіре шырқағанда көптен бері айтылмай кеткен, көңіл түкпірінде қалып қойған әуенге деген сағыныш қайта оянды. Ә.Телғозиевтің «Сені қалай ұмытайын» әнін Соболевтер отбасылық ансамблі шырқағанда үш бірдей бойжеткеннің қазақ тілінің иірімдеріне терең бойлай білгені, ән әуезін шеберлікпен нақыштай алуы көңілден шықты. М.Шаханов пен Ш.Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең...», М.Шахановтың «Гүлдәурен», «Туған күн кешінде», Ә.Телғозиевтің «Беу, қыздар-ай», «Жүрек сыры», И.Сапарбайдың «Жүрекке жүрек тіл қатар», С.Медеубековтің «Перизат», С.Сапарәлиевтің «Қаракөз қыздар-ай» әндерін жиырмасыншы ғасырдың інжу-жауһарлары десе жарасады. «Сағындырған саздар-ай, неткен көркем, келісті, мәнді, мәністі едіңдер» демеске лаж жоқ енді. Әсем әуезді әндер әуелеген осынау кеште бес жасар Шаймерден Әскен ақын Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңін мәнерлеп оқып, жұртшылықты таңғалдырды. Шаймерден балақай Мұхтар ақынның 12 дастан, 43 өлеңін жатқа айтады екен.
Үш сағатқа созылған ретро фестивальде сазгерлеріміздің 33 әні шырқалса, әр шығармаға «Қазына», «Салтанат», «Жұлдыздар», «Би сұлтаны», «Тұмар», «Таңшолпан» би ансамбльдері мен «Назерке», «Грация» би топтары әсем билерімен көрік беріп жатты. Өнер кешін әйгілі әнші Әйгерім Қалаубаева және облыстан шыққан алты бірдей кесте сөз шеберлері жүргізді. Майя Алибжанова, Біржан Есімов, Жандос Өсербаев, Берік Бейсенбай, Жангелді Мырзалиев секілді жастардың іс-шара жүргізуге машықтанып алғанына сүйсіндік.
Кеш соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов ұлттық өнерге сіңірген еңбектері үшін сазгерлерге «Арыс жағасында» ІV ретро фестивалінің арнайы естелік сыйлығын тапсырды.
Шын жүйріктер озған күн
Тағы да «Шәмші» гүлзары, тағы да әсем ән, «Арыс жағасында» ретро фестивалінің екінші күні өтіп жатыр. Әнсүйер қауымның шоғыры мол. Құлақтан кіріп бойды алар Шәмшінің сазын сағынған, бозбала, бұрымды қыз шағын еске түсірген қарттар да аз емес. Абайша толғасақ, «Өзгеге көңілім тоярсың, өлеңді қайтіп қоярсың...» дегендей...
Осы күні Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауында өңіріміздің әр аудан, қалаларынан іріктеліп келген 26 жас талап сынға түскен болатын. Өнер додасының қорытындыланар сәтінде шын жүйріктер белгілі болмақ. «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы гала-концертінің шымылдығын белгілі әнші Хадиша Шалабаева ұлы сазгердің өзі үйреткен «Отырар тойы» әнімен ашты.
Әли БЕКТАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
– Шәмші ағамыздың рухы осы маңды шарлап, киелі өнердің басында жүрген азаматтарымызды қолдап жүр. Бір қуанарлығы, осымен 17 рет өткізіліп отырған өнер фестиваліне бұл жолы Алматы мен Астанадан өнер жұлдыздарын шақырмадық. Өңірімізден шыққан жас таланттар тікелей эфирден көрсетілетін дүбірлі сында өздерін лайықты алып шығады деп сендік. Сенім ақталды.
Сонымен, облыстық байқаудың бас жүлдесін (300 мың теңге) Қазығұрт ауданының тумасы Жеңіс Бертаев жеңіп алды. Ол күзге қарай республика аумағында өтетін «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестивалінде Оңтүстік өңірінің намысын қорғайды. Ал жүлделі 1-орынды бәйдібектік Айжан Жүсіпбекова (200 мың теңге) еншіледі. Екі бірдей 2-орынға (100 мың теңге) шымкенттіктер – Қамар Жұмағалиева мен Нұртілеу Нұрдәулет ие болды. Төрт бірдей 3-орын (75 мың теңге) шымкенттік Қасымхан Тәңірбергенов пен Салтанат Жұмаділдаеваға, отырарлық Сымбат Рахманбердиеваға, созақтық Жансерік Тұзақбайға бұйырды. Ынталандыру жүлдесімен (40 мың теңге) Жанат Сайрамбай (Төлеби ауданы), Нұрқожа Нұрмашев (Арыс), Жауқазын Нұрбекова (Шымкент), Мәдина Дүйсебекова (Созақ) марапатталды.
Марапаттау рәсімі гала-концертке ұласты. Ақниет Олжа Ш.Қалдаяқовтың «Өмір-өзенін» шырқаса, байқаудың бас жүлдегері Жеңіс Бертаев Естайдың «Қорланын» нақышына келтіре тамылжытып, өзінің шын жүйрік екенін мойындатты.
Сағым жылдарды сағындырған саздар
Последние статьи автора