Сәбидің емес, педофилдің құқығын қорғайтынымыз қалай?!
Адами қағидаға жат педофилдік бүгінде сыналап санамызға да, қоғамымызға да еніп бара жатыр. Сұмдығы сол, мұндай тексіздіктің тамырына балта шабуға қауқарсыздық танытып отырмыз. Қауқарсыздығымыз емей немене, педофилдер әрекеті еліміздің әр бұрышында жиілеп кетсе де, оларға қатысты заңды қатаңдатып жатқанымыз шамалы. Тіпті педофилдердің басым бөлігі ұстатпай кетіп жатса, ұсталғандарына қолданылар жаза қорланған сәбидің ар-ұятымен салыстырғанда тым жеңіл. Осылайша, қоғам болып айдың, күннің аманында сәбилерімізді айуанның мазағы мен қорлығынан арашалай алмай отырмыз.
5 маусым күні Қарағанды облысына қарасты Жайрем ауылында сегіз жасар қызды ұрып-соғып, зорлап, зорлағанымен қоймай, ауыл сыртындағы ескі үйлердің біріне апарып асып кеткен 34 жасар қылмыскер жақында қолға түсті. Ол жауап беру кезінде сегіз жасар қыз жылап, өзіне қарсылық көрсеткеннен кейін ұрып-соққанын, сосын зорлап болған соң, қызды өз колготкиімен асып қойғанын шімірікпестен айтып берген. Бүгінде қылмыскерге қатысты іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Алайда аталмыш ауыл тұрғындары педофилді жазалауды халықтың өз қолына беруін өтінуде...
Рухани қала саналатын Түркістан қаласында да жыл басынан бері балаларды зорлаудың үш оқиғасы кездескен. Оның екеуінде қылмыскер табылмай, іс «жабулы қазан жабулы» күйінде қалған. Тек соңғы тіркелген төрт жасар қызды зорлаған 37 жастағы қылмыскер ғана ұсталған. Алайда түні бойы зорланған, үсті-басының сау тамтығы қалмаған, бүгінде ер адам көрсе, шырылдап жылай беретін, психологиялық тұрғыдан ауыр соққы алған, құр сүлдесі зират маңындағы қоқыста ит жалап тұрған жерінен табылған төрт жасар сәбидің құқы, қылмыскерді қанша жылға бас бостандығынан айырса да, орнына келмесі анық. Аталмыш қалада өткен жылы болған зорлық деректерінің де әлі біразы сол күйі ашылмаған. Соңғы оқиғадан кейін шаһар жұрты балаларын тіпті көшеге шығаруға қорқатын болған. «Балаларды қорлап, ата-аналарды үрей құшағына бөлеген педофилдерге тек қана өлім жазасын беру керек» деп жүргендер қоғамда аз емес.
Айтпақшы, төрт жасар қызды зорлаған қылмыскерді ұстап жатқанда халық педофилді таспен атып, заң қызметкерлерінен оны өз қолдарына беруін өтініп қоршап алған. Бұл – бүгінде халықтың ашынып отырғанының белгісі. Айта кетер жайт, осы жылдың басында педофилдерге қатысты заң жобасын талқылаған Сенат депутаттары барынша жазаны күшейту керектігін айта келіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру қажеттігін айтқан еді. Алайда біздің бұл «қатаң жазамыз» басқа елдермен салыстырғанда педофилдің «басынан сипағанмен» бірдей. Осы орайда тиісті орындардан педофилдерге қатысты заң жобасын барынша қатайтуды сұрап, ата-аналар қозғалысын құрмақшы болып жүрген ата-аналар да бар.
Айнұр ҚАЛДАРБЕК, ата-ана:
– Қанша жерден қоғамды ізгілендіреміз десек те, қылмысты азайтудың бір ғана жолы – жазаны қатаңдату. Соның ішінде педофилдерге тек қана өлім жазасын қолдану қажет дер едім. Ата-бабамыздың қылмыскерді жазалау үрдісіне сүйенсек те, олар «қанға – қан, жанға – жан» қағидасын ұстанған. Тіпті біз «демократия, адам құқы сақталуының жарқын үлгісі» деп атой салып жүрген Американың өзі қалыптасқан ахуалға қарай кейбір штаттарында кейбір қылмыс түрлеріне өлім жазасын қалдырған. Ендеше баланы «балалы үй – базар» деп, бар қызығы санаған халқымыз сәбилерді айуанның қорлауына беріп қоюға қалайша көз жұма қарамақшы?! Сондықтан ата-аналардан қол жинап, тиісті орындардан педофилдерге қатысты заң жобасын қайта қарап шығуды, оның ішінде оларды тек қана өлім жазасына кесуді талап етуге шақырып жатырмыз.
Осы жылдың басында Иранда кішкентай балаларды зорлады деген қылмысы анықталған екі педофил көпшілік көзінше дарға асылды. Иранның Керманшах қаласындағы орталық алаңдардың бірінде екі педофилді дарға асқанын көрген халық тіпті «соттың әділ үкіміне рақмет» деп ұрандатқан. Біз мысал келтіріп отырған, соңғы бір ай көлемінде Қарағанды облысы мен Түркістан қаласындағы тіркелген оқиға кезінде де халық заң орындарына қылмыскерді өз жазалауларына беру жайлы өтініш айтқан. Бұл – бүгінгі таңда педофилдерге қатысты халықтың ашу-ызасының көрінісі. Ендеше халық мүддесін ескермеген, бүгінгі қолданыстағы педофилдерге қатысты заң жобасы кімге керек, кімнің сойылын соғып жүр?! Халық атынан сайланған халық қалаулыларының заң шығару кезінде халық мүддесін ескермегені қалай? Педофилдерге бүгінгі қолданылып жүрген жазаның жеңілдігінің айғағы сол, Қарағанды облысы мен Түркістан қалаларында педофилдік әрекет бірнеше қайтара тіркелген. Егер алғашқы әрекеттен кейін-ақ халық көп жиналатын жерде педофилдерді ел көзінше дарға асқанда, кейінгі оқиғалар тіркелмес пе еді?! Сондай-ақ жыл басынан бері Петропавл, Павлодар қалаларында да педофилдік әрекет көрініс тапқан.
Ал өткен жылдың тоғыз айында ғана елімізде жалпы саны 400-ге жуық бала жыныстық қатынасқа түскен. Және олардың барлығын ересектер мәжбүрлеген. Егер педофилдерге қатысты жазаны тез арада қатаңдатпасақ, бұл статистиканың одан әрі көбейе бермесіне кепілдік жоқ. Кеше ғана Тобыл өңірінде бейәдеп іспен айналысқан қылмыскер тоғыз жылға сотталды. 40 жастағы Рудный қаласының тұрғыны жасөспірімдердің жалаңаш тәнін суретке, бейнекамераға түсірумен шұғылданған. Қылмыскер құрықталғанға дейін Рудныйдағы балалар үйінде жұмыс істеген. Футбол жаттықтырушысы жетімдер үйіндегі 14 жасқа толмаған өз шәкірттерінің жалаңаш тәнін моншада суретке, бейнекамераға түсірумен айналысқан. Тінту кезінде оның үйінен тағы сегіз жасөспірімнің анайы суреттері мен бейнетаспалары табылған. Атап айта кетер жайт, бүгінгі заң жобасы бойынша ертеңгі күні әлгі «суретке түсіргіш» жазасын өтеп келе қалған жағдайда, бес жылдан соң қайтадан бала тәрбиесімен айналысуға құқылы. Тіпті осыған орай сенатор Ғани Қасымов осы уақытқа дейін қанша педофилдің мерзімінен бұрын босап шыққаны жайлы депутаттық сауал да жолдаған еді. Алайда депутат сұратқан статистика белгісіз күйінде қалып отыр. Аталмыш заң жобасы талқылану кезінде Ғани Қасымов мырза қанша шырылдаса да, тіпті біраз депутат педофилдің барынша қатаң жазалануына мүдделі болса да, жеме-жемге келгенде, қорланған сәби құқынан гөрі, педофил мүддесі көп ескерілген аталмыш заң жобасы қабылданып кетті.
Ғани ҚАСЫМОВ, Сенат депутаты:
– Кеңес заманында мұндай қылмыс жасағандарды ату жазасына кесетін. Еуропа елдері қазір ондайларды піштіргелі жатыр. Ал біз болсақ, азғындықты қолдап, олардың екінші мәрте бала тәрбиесімен айналысуына рұқсат бергелі отырмыз. Олар түрмеден тозақты көріп шығады. Барлық кегін, үлкенге күші жетпеген соң, қайта келіп, баладан алады.
2010 жылдың желтоқсан айында Еуроодақтың 27 елінің әділет министрлері қатысқан жиында педофилдерге қатысты заң жобасын барынша қатаңдату туралы келісімге келген еді. Ендеше бүгінде педофилдерге қатаң жаза беруге неге солқылдақтық танытып отырғанымыз түсініксіз.