РЕСЕЙДЕГІ 1 МИЛЛИОН ҚАЗАҚТА ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ БАР
Елден тысқары жерде жүрген қазақтардың көп бөлігі көршіміз Ресейде тұрып жатыр. Дені қазақ елімен шекаралас облыстарда яғни бұрынғы ата-бабалары көшіп-қонып жүрген тарихи топырақты басып жүр, тек шекара белгілеу кезінде амалсыздан арғы бетте қалып қойды. Жаттың иелігінде кеткен жерді жоқтайын деген ойымыз жоқ, тек сол жерді мекен еткен қандастарымыздың қазақ болып сақталып қалуына төнген қауіпті айтқымыз келеді. «Алаш айнасын» мазалайтын осы мәселе.
Алдымен шеттегі қазақтардың, әсіресе, Ресейдегі қазақтардың санына байланысты мәліметтердің әртүрлі болып келуіне тоқталсақ. Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Қытай, Өзбекстан мен Ресейдің әрқайсысында бір миллионнан астам этникалық қазақтар бар дейді. Ал сол мемлекеттердің ресми мәліметтері біздікілермен сәйкесе бермейді. Оның себебі те түсінікті, әр ел ішкі саяси мәселелеріне байланысты өзінің тұрғылықты халқын көбейтіп, жат жұрттықтарды азайтып көрсетуге тырысатыны анық. Мысалы, Ресейді алайықшы, әр он жыл сайын өткізілетін халық санағындағы мәліметтер мынадай:
2002 жылға дейін қазақтардың саны өсіп отырғанын көреміз, ал 2010 жылғы санақта аз да болса азайып қалыппыз. Бұны қандастарымыздың Қазақстанға оралман ретінде қоныс аударуымен түсіндіруге болады. Дегенмен бұл мемлекетте өзге ұлт өкілдерін жаппай орыстандыру саясаты жүріп жатқанын көбіміз біле бермейміз. Күштеп болмаса да төлқұжатқа ұлтын орыс деп жаздыру үрдісі бар. Соның есебінен болар, соңғы санақта бұл мемлекеттегі орыспын дегендер 111 миллионнан асып жығылыпты.
Қазақстар ең көп шоғырланған облыс Астрахань, онда 150 мыңдай жерлесіміз бар екен, екінші орында Орынбар – 120 мың және үшінші орындағы Омбыда 80 мыңдай қазақ тұрады. Дәл осы Омбы облысындағы 17 ауылды тек қазақтар ғана мекендейді екен. Соның бірі – Қасқат ауылына жұмыс сапарымен барған едім. Аңғарғаным ұлттық, тілдік құрамына қарамастан барлық мектептерде білім беру орыс тілінде жүргізілетіндігі. Омбыдағы қазақтардың «Мөлдір» мәдени орталығының жетекшісі Алтынай Жүнісованың мәліметінше, қазақтар тұратын 17 ауыл мен қаланың екі мектебінде қазақ тілі пән ретінде ғана оқытылады екен. Өкішіке қарай, қазақтар ғана тұратын осы елді мекендерде қазақ мектебінің жоқтығы қиын тиіп тұр. Сондықтан орта білімді орысша алған қазақ балалары қазақ еліне келіп, жоғары оқу орындарына түсуге жүрексінетін көрінеді.
Дегенмен алып империяның қысымына төтеп беріп, балаларын өз ана тілінде оқытып отырған жалғыз мектеп бар. Ол Алтай аймағына қарасты Құлынды ауданының Қаракөл орта мектебі. 80 отбасы тұратын Керей ауылындағы мектеп 1925 жылы құрылғаннан бері тек қазақ тілінде білім беріп отыр екен. 1960-70 жылдары барлық қазақ мектептерін жауып жатқан кезде ауыл тұрғындары қарсы шыққан, естеріңізде болса сол кезде Ресей түгіл Қазақстанның өзінде жүздеген оқу орындары орысшаға көшкені белгілі. Кейбір деректерде РСФСР-де бір кездері 200 мектепте оқу үдерісі тек қазақ тілінде ғана жүргізілген екен.
Ресейдеуі бауырларымызды алаңдататыны – ана тілі мәселесі. Мектептегі білім орысша, жоғары оқу орысша беріледі, жұмыста орысша сөйлеген соң көбі қазақшаны ұмыта бастаған. 2002 жылғы санақта қазақтардың 72 пайызы қазақ тілін білеміз деп көрсетіпті. Одан бері он жылдан астам уақыт өтті, бұл көрсеткіш өсе қоймағаны бесенесінен белгілі.
Ресейде ұзын саны 200-ге жуық этностың өкілдері тұрып жатыр. Қазақстар саны жағынан солардың арасында оныншы орында. Бүгінде қандастарымыз, әсіресе жастар жағы туған тілдерінен айрылып қалды. Тіпті қазақ болмысын жоғалтып алуы да ғажап емес. Тығырықтан шығар жол ретінде бағаланған – Қазақстанға көшіру саясаты та саябырсыды. Енді не істемек керек?