Ресей зымырандары қашанғы Қазақстан аумағына құлай береді

Ресей зымырандары қашанғы Қазақстан аумағына құлай береді

Ресей ұшырған зымырандардың Қазақстан аумағына құлауы жиіледі. Публицист Қайнар Олжай олардың экологиялық және экономикалық зияны зерттелмейтінін сынға алды деп хабарлайды informburo.kz.

 

Байғанинге бір сәлем!

 

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында ақын Өтежан Нұрғалиевтың "Соғыстың соңғы жазы" атты кітабы шықты. Негізі соғыстың қасы-жазында да Өтежан туған Байғанин ауданына, жалпы Ақтөбе облысына бір бомба түспеп еді. Бейбіт өңір беріде, 2020 жылдың 9 қаңтарында дүрлікті. Бұл бомба емес, зымыран екен.

Байғанин ауданына аспаннан бір пәле құлағанын дереу әлеуметтік желіден естіп, көріп алдық. Қазір әлеуметтік желі бала мінген ұшқыр тай да, мемлекеттік органдардың баспасөз қызметі шопанның ерқашты болған қойторысы іспетті. Ішкі істер министрлігіне қарасты Төтенше жағдайлар комитеті не болғанын түсіндірді ме, жоқ па, оны байқамадық, әйтеуір ойланып барып Қорғаныс министрлігі тілдей ақпарат шығарған.

Ельциннің тірі, жай тірі емес, билікте жүрген кезінде екі мемлекет арасында жасалған келісімге сәйкес жалға берген полигондарымыз бар ғой. Министрліктің ақпаратына қарағанда соның біріне жетуі тиісті зымыран белгіленген тұстан ауытқып кетіпті. Жарылмаған. Ешкім құрбан болмаған, ештеңе қирамаған. Жергілікті тұрғындарға қатер жоқ.

Сонымен ресми ақпарат тәмамдалған. Бірақ әлеуметтік желі тыныш жата ма? "Мына құлаған Ресейдің енді сынақтан өткізген "Искандер М" зымыраны екен" дей бастады. Құлаған соң сынған және ішіндегі өрт сыртын да шарпыған соң бірден қалай таныла қойсын?

Біз зымыранның жалын шалмаған бүйіріне "Байғанинге сәлем" деп жзылмағанына шүкір дедік. Баяғы соғыс жылдарында кеңес солдаттары зеңбіректің снарядтары мен ұшақтың бомбасына "Берлинге сәлем" деп жазып қоятын.

Байғанинге сәлем демекші, осы жерде Өтежан ағамыздың бір шумақ өлеңі ойға түсті. "Соғыстың соңғы жазының" үш кітабының бірі осымен басталса керек:

Сәлем беріп, мен болып тайға мін де,

Барсаң сәлем айта бар Байғанинге.

Анда-санда құлақ сап жүр дегейсің

Жүректегі жоғалмай қалған үнге.

"Анда-санда құлақ салғанды" қайдам, қазір анда-санда Ресейдің зымырандары құлап қалып жүр.

 

Есімің кім? "Искандер М"!

 

Зымыран құлаған аймақты полиция қоршады. Әдеттегідей комиссия құрылды. Хош. Кешікпей Қорғаныс министрлігімізден келесі ақпарат түсті. Оған қарағанда бұл геофизикалық зымыран көрінеді. Атмосфераның жоғары қабаттарын зерттеуге бағытталған. Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясы осындай тұжырым жасаған екен.

 

Қорғаныс министрлігінің екінші ақпаратының мына тұсын дәлме-дәл аудару керек:

 

"Ресейлік БАҚ-тағы әлеуметтік желілерге сілтеме жасап жарияланған "сынықтар "Искандер-М" зымыранынікі" деген ақпарат анықталған жоқ. Қазақстан аумағындағы полигондарды Ресей 1995 жылы екі ел арасында жасалған мемлекетаралық келісімге сәйкес жалға алып келе жатқанын еске саламыз".

 

Иә, "Искандер М" – Ресейдің әскери зымыран саласындағы жетістігі әрі мақтанышы саналады. 1998-2005 жылдар арасында Капустин Яр полигонында сынақтан өтті. 500 шақырымға дейінгі нысанды жайратуға арналған. 2006 жылдан бастап әскердің қолына берілді. Әзірге Ресейдің батыс және шығыс шекарасына жақын 11 бригадасы тұр.

 

"Искандер М-ды" тынымсыз жетілдіріп жатыр. 2017 жылы бас конструктор Валерий Кашин ізденіс жалғасқанын, зымыранның жаңа үлгілері дүниеге келіп, сынау басталғанын мәлімдеген. Кемінде жеті түрі жасалмақ. "Сыртқы қаптауы бұрынғысымен бірдей, бірақ ішек-құрылысы әлдеқайда артық болады" депті бас конструктор.

Капустин Яр полигонында "Искандер М" зымыранын сынау сәті / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

 

2020 жылы "Искандер М" Ресей армиясындағы бұрынғы "Точка-У" аталған зымыран кешендерін толық айырбастайды. Ресей армиясын жарақтандырумен айналысатын "Ростех" мемлекеттік корпорациясының президенті Сергей Чемезовтың мәлімдеуінше, әскери өндіріс "Искандер-М" оперативті-тактикалық зымыран кешенінің жетілген үлгісін ұсынуы керек.

 

Әдетте әскери зымыран Капустин Яр полигонында сыналады. Бұл – Қазақстанмен іргелес жер. Ал оның бағытталатын нысанасы, яғни құлайтын аймағы – ресейліктердің біздің республикамыздан жалға алып отырған полигон. Өз жерінен атады, біздің жерге құлайды. Ресейдің көзімен есептері дұрыс-ақ.

 

Ендеше Байғанинді бір шулатып кеткен дәл осы "Искандер М" болуы ықтимал еді.

 

Шағын болса да шамшыл

 

Бірлескен комиссия сол ғой деп тұжырған геофизикалық зымырандар ғылыми мақсатта ұшырылады. Ол атмосфераның жоғары қабаттарында не болып, не қойып жатқаны туралы ақпарат жолдайды. Жердің магнитті өрісі қалай құбылғанын байқайды. Күннен келіп тұрған рентген сәулесін есептейді. Спектрді түгендейді. Әскери зымыраннан артықшылығы – бұдан адамзатқа пайдалы ақпарат аласың.

Ресейде жасалатын геофизикалық зымырандар Жерден 500-1000 шақырымдық қашықтыққа дейін жетіп, шағын аппаратураларды ғарышқа шығарады. Ғылыми зымырандар көбінесе ауа райын бақылайтын "Росгидромет" федералды қызметінің тапсырысымен жасалады. Дәуірлеген жылдары, ол Кеңес Одағы тұсында өтіп кеткен, атмосфераның жоғары қабаттарын зерттеу үшін 700 зымыранға дейін ұшырыпты.

Негізі ғарышқа ғылыми құрал-жабдық шығару екі тәсілмен жүзеге асады. Біріншісінде "Протон" сияқты үлкен зымыранға салынады. Қосымша жүк ретінде. Бұл орайда қолайсыздығы: ірі зымыран күнде ұша бермейді, оны күту керек. Әрі ғылыми жүкке ең соңынан орын берілгендіктен сыймай қалуы мүмкін. Сондықтан тынышы: зерттеу аппаратурасын шағын зымыранмен ұшырған.

Мұндай мақсатқа ғалымдар 300 шақырымға дейін жететін "МН-300" бен 100 шақырымдық "Мера" зымырандарын пайдаланады. Бұлардың басындағы қажетті құрал кейін парашют арқылы Жерге оралады.

Геофизикалық мақсаттағы "МН-300" зымыраны / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

 

Геофизикалық зымыранды негізінен Капустин Яр мен Якутиядағы Тикси кешеннен аттандырады. Оған қоса бірнеше мобильді ұшыру қондырғылары бар. Пойызбен, кемемен жеткізіп, қажетті аймақтан самғатуға болады.

 

Бұл зымырандар талай рет оқыс жағдайға тап болған. Бірнеше жыл бұрын Франц-Иосиф жері архипелагында полигоннан ионосфералық зымыран ұшпай жатып жарылып кетті. Сонда Орталық аэрология обсерваториясының бір маманы қаза тауып, екіншісі жарақаттанған.

 

Ғылыми зымыранның да "періште" еместігін ескергенде, Байғанин ауданы топырағында бұрқ етіп құлап қалған сол да болуы мүмкін. Әрі 2020 жылдан бастап Ресей геофизикалық зымырандарды бұрынғыдан жиі ұшыратындықтарын мәлімдеген.

 

Гептил төккісі кеп тұр

 

Жалпы, орыстың зымыранынан қазаққа қатысты кеселді екі топқа бөлу керек. Алғашқы топ: Байқоңырдан ұшатын ірі зымырандардың апатқа ұшырауынан немесе олардың бірінші сатысының бөлінуінен болатын оқиғалар. Екінші топ: Байқоңырдан басқа әскери полигондарда сыналған зымыранның нысанадан ауытқып кетуі.

 

Бірінші топқа қатысты оқиғалардың көбі "Протон" зымыранынан туындады. Байқоңырда оны ұшыратын төрт алаң бар. Біреуін біз де барып көргенбіз. "Протон" алғаш жасалған 1965 жылдан бері 500-ге жуығы ғарышқа аттанса, соның оннан біріне Мемлекеттік комиссия "сәтсіз" немесе "жартылай сәтсіз" деп баға берді. "Сәтсіз" деген бағаны "қазақ даласының үстінде апатқа ұшырады" деп оқи беруге болады.

 

1999 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына "Протон" құлады. Бір қалдығы тұрғын үйдің ауласына, екіншісі далаға түсіп, өрт болды. Содан біраз уақыт Байқоңырға құлып салынды. Кешікпей Ресей жағы алдады ма, қорқытты ма, әйтеуір Қазақстан үкіметі тыйымды алып тастады. Оқиғадан келген залал бір "Джиптің" бағасына теңдес есептелгені күлкі туғызған.

 

Тыйым алына сала 1999 жылы 27 қарашада ұшырылған "Протон" тағы бақытсыз жағдайдың себепкері болды. Бұл жолы Жаңаарқа ауданы зардап шекті. Біздің үкімет үш ай теріс қарап жатып алды да, 2000 жылдың ақпан айында "Протон" зымыранын ұшыруға тағы келісімін берді.

 

Ресей "жетілдірдік, енді сенімді болды" деп, "Протон М" атағанымен сапасы бұрынғыдай болып қалды. 2007 жылы 5 қыркүйекте жапондардың коммерциялық жасанды Жер серігін алып ұшқан бұл зымыран үшінші минутта жарылып кетті. Енді Ұлытау ауданы сорлады. Дала қатты өртенді. Қазақстан шамданып, Ресей жағы екі жарым миллион доллар төлеп құтылды. Пайда табамыз деп жапонның ғарыш аппаратын тиеп алғандықтан, ол елге қанша төлегені туралы мәлімет қолымызда жоқ.

Осы зымыранға қатысты сұрапыл апат 2013 жылғы 2 шілде күні болды. Ұша сала жарылғанда багінде 600 тонна гептил бар еді. Аспанда қызғылт-қошқыл бұлт пайда болды. Байқоңыр қаласының тұрғындарына көшеге шықпай, терезені қымтап жабу ескертілді. Қазақстан шығынды 71,5 миллион АҚШ долларына бағалады. Ресей мұнымен келіссе де, шығынды төлемей қашқақтап жүрді. Ақыры ол қаржы бюджетке түсті ме екен, өзі?

 

2013 жылы шілде айында Қызылорда облысында жарылған "Протон М" зымыраны / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды

 

"Протон" мен "гептил" осылай қазақ үшін қарғыс сөзге айналып кетті. Соңғы апатқа қатысты ақын Ғалым Жайлыбай мұның экологиялық қана емес, экономикалық қасірет екенін түйсініпті:

 

Келгендей Арқаға құрдым,

Тажалға лағнет мейлі.

Жаңаарқа, Қарқаралымның

Базарда малы да өтпейді.

 

Сол кезде Ұлттық ғарыш агенттігін басқарған Талғат Мұсабаев "гептил әуеде жанып кеткендіктен, елді мекендерге қатер жоқ" деді. Ал Циолковский атындағы Ресей ғарыш академиясының сарапшысы Юрий Караш "Қазақстан жеріне жүздеген тонна гептилдің шашырауы сөз жоқ, бұл елге жасалған химиялық шабуылмен тең" деді. Сонда бізге қайсының жаны ашыған?

 

"Протонның" өзі аман ұшқанмен оның бірінші сатысының қалдықтары қазақ даласына құлайтыны белгілі. Екі ел арасындағы келісімде бұл көрсетілген. Сол қалдықтың өзі кейде қасірет әкеледі.

 

2017 жылы маусым айында "Протонның" бірінші сатысының құлауы алапат өртке айналды. Оны жинауға тиісті қызметтің екі адамы қатты күйікке шалдығып, бірі содан қаза тапты.

 

Шағын зымырандар шатағы

 

Ендігі сөз апаттың екінші тобына қатысты. Байқоңырдан басқа әскери полигондар ұшырып, қаңғып құлаған зымырандардың хикаясы. Оның бастапқысын студент жылдарымызда естігенбіз. Радио мен телевидениеден емес, жаңа достарымыздан. Өйткені, бұл апат қатты құпияланды. Беріде, КГБ архивінің біраз тұсы жария болғанда оқиғаның қалай болғанына қанықтық.

 

1975 жылы ақпан айында Астрахань облысындағы әскери бөлім Гурьев облысының Мақат ауданындағы полигондағы нысанды ату үшін жаттығу жасайды. Нысан – радиолокациялық станция. Ал зымыран бірден Гурьев қаласының әуежайындағы "Сатурн-Л-35" локаторын бетке алған. Әскерилер дереу оны өшіруді сұрайды. Әуежай локаторы сөнгенде бағдарсыз қалған зымыран лағып барып Гурьевке барып жарылады.

 

Бес бала, үш ересек адам қаза тапты. Екі жеке тұрғын үй қирады. Кеңес Одағының басшылары оқиға туралы ақпаратты құпиялады. Облыс басшыларына екі шаңырақтың аман қалған адамдарын баспанамен қамтамасыз ету тапсырылды.

 

Екінші рет адасып құлаған зымыранды өзіміз көрдік. Сексенінші жылдардың басы еді. "Лениншіл жас" газетінің Орталық Қазақстан аймағы бойынша тілші болып жүріп, Қарағанды облысының Теңіз ауданындағы "Арай" жас шопандар бригадасы туралы мақала жазу үшін жайлауға бардық. Жайлаудың аты – "Ракета". Сөйтсек, мұнда зымыран құлаған екен. Онда "зымыран" сөзі айналымға енбеген, бүкіл қазақ "ракета" дейтін.

 

Ракатаның өзін көрдік. Екі метрден астам ақ металлдан құйылған. Әскери мамандар бүйірін ойып ішіндегі барлық нәрсені алып кеткен. Жергілікті халықтың айтуынша, сыртқы металл корпусты ешқандай дәнекерлеуші аспап кесе алмапты. Қандай мақсатпен ұшырылған нендей зымыран екені мәңгі құпия болып қалды.

 

Ал берідегі құлаған кіші зымырандардың дерегі көп назарында. 2000 жылдар басында Атырау облысының Құрманғазы ауданына бірнеше рет түсті. Бірі іргелес әскери полигоннан атылып, нысанадан жаңылды делінді. Тағы бірін Ресейдің "ТУ-22" стратегиялық бомбалағыш ұшағы шатасып атып жіберіпті. Ол елдің қорғаныс министрі Сергей Ивановтың "техникалық қателік кетті" деген уәжімен бұл оқиға да аяқталды.

 

Құрманғазы ауданының басына ресейлік әскерилер әңгіртаяқ ойнатып жүргеніне және бір мысал бар. 2011 жылы осы ауданның Балқұдық ауылына аспаннан тағы тосын "сый" түсті. Ресей Әскери әуе күштерінің ұшқышсыз "Рейс" нысана-зымыраны "отарынан" адасып кетіпті. 185-әскери орталығының бастығы генерал-майор Владимир Градусов "нысана-зымыран ұшу бағдарламасын орындамады" деумен тоқтады. Градусовың айтуынша, бағыт градусы өзгеріп кеткен!

 

2013 жылдың 27 наурызы күні Батыс Қазақстан облысының Бөкей орда ауданына тағы бір зымыран түсті. Бағытынан жаңылған бұл байғұс Капустин Ярдан атылған "МН-300" деп танылды. Ол әлгі геофизикалық зымырандар тобынан ғой. Ақтөбенің Байғанин жеріне түскені осының ізіне еріп келді ме екен, ә?

 

Иә, қазір ресейлік ракеталарды бір кезде өзіміз баққан қойды танығандай танитын болып алдық. 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста