Рақымжанды Ресей ресми мойындады

Рақымжанды Ресей ресми мойындады

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы

Р. Қошқарбаевқа жоғары ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағын беру туралы

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1.1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін рейхстагқа алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа (марқұм) жоғары ерекшелік белгісі – «Халық Қаһарманы» атағы берілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана.
1999 жылғы мамырдың 7-сі.
Қазақ әдебиеті. 1999 ж. 14 мамыр.

Қазақ халқының маңдайына біткен парасат-пайымы терең, өр тұлғалы ұлдары мен қыздары аз болмаған. Халқы үшін қасықтай қанын, елі үшін шыбындай жанын берген батырлары қаншама! Солардың бірі әрі бірегейі – Ұлы Отан соғысы кезінде рейхстагқа бірінші болып Жеңіс жалауын тіккен Қазақстан Республикасының «Халық Қаһарманы», аты аңызға айналған халық батыры Рақымжан Қошқарбаев. Үстіміздегі жылы қазан айының 19-ы күні қазақ халқының аяулы ұлы Р.Қошқарбаевтың туғанына 85 жыл толады.

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе селосының маңындағы қыстақта дүниеге келді. Ол ата-анасынан ерте айырылды. 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді, жеті жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) жіберілді. Өзінің өмірі және ФЗУ туралы Қошқарбаев өзі жазған «Штурм» деген кітабында жан-жақты баяндады.

Оның балалық шағы туысқансыз және жанашырлық білдіретін адамдарсыз өтті. Оған ананың мейірімі мен жылы алақанын, әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмады. Ол жатақханаларда тұрды, асханадан тамақтанды, бір үлгіде тігілген арнаулы киіммен жүрді. Ол 1942 жылдың басында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Бішкек қаласындағы жаяу әскер училищесін ойдағыдай тамамдайды. Содан кейін жас жауынгер Қостанайда жасақталып жатқан 151-атқыштар бригадасына жолдама алып, атқыштар батальонының взвод командирі болып тағайындалады. Бригада дивизияға айналған кезде лейтенант Р.Қошқарбаев 674-полктің бірінші батальоны бірінші взводының командирі болған еді. 1942 жылдың 28 сәуірінде алты эшелонға асай-мүсейін тиеген құрама Қостанайдан Солтүстік Батыс майданына аттанады. 7-11 мамыр аралығында «Валдай» стансасында эшелонның жүгі толықтай түсіріліп, жерлес жауынгерлер 180 шақырымдық жолды маршпен артқа тастап, Пола – Борки – Березовка ауданында қорғаныс шебіне жетеді.

Жауынгерлік жол
Дивизияның көптеген бөлімшелері Одерден өткен кезде ерекше ерлік көрсетті. Әсіресе 674-полк пен 756-полктың жауынгерлері көзге түсіп, өздерінің ерлігімен барша әскердің көз қуанышына айналады. Фашизмнің астанасы Берлинге алғаш кірген де – осы дивизия, осы аты аталған полктер болды. Біздің әскер Висладан өткеннен кейін Берлинге тығылған жау әскері бірнеше секторға бөлініп, күшті бекініс жасайды. Тас қамалдай бекіністі жасау үшін сол кезде жүз мыңдаған адам Берлин көшелеріне шығып, ауыр жұмыстар атқарған. Қаланың ішінде баррикадалар пайда болып, жау әскері соңғы демдері қалғанша соғысуға әзірлене бастады. Әсіресе Рейхстаг, Ішкі істер министрлігі, яғни «Гиммлер үйі» тұрған ауданға ерекше көңіл бөлінді. Бұл ауданда 400-ден астам темір-бетон құрылыс салынғаны кейіннен белгілі болды. Осындай мығым бекіністі бұзып, алапат қарсылыққа төтеп берген кеңес әскері жауды қаланың орталығына қарай тықсыра түсті. Берлинге кірісімен Үшінші шабуылдаушы армияның әскери кеңесінде әрбір дивизияларға бір-бір ту берілді. Ол туды қай дивизия Рейхстагты алдымен алса, сол тігуі керек-тін. Сол кезде 150-дивизияға 5-ші нөмірлі ту берілді. Сәуірдің соңғы күндеріне дейін қай дивизиядағы ту Жеңіс туы болып желбірейтіні белгісіз болды.

Жоғарыда аталған екі полктан екі батальон ерекше көзге түсті. 756-полктен капитан С.Неустроевтің батальоны. Ол осы полктегі бірінші батальон болатын. 674-полктен майор Твердохлебовтың батальоны. Бұл да полктегі бірінші батальон еді. Рақымжан Қошқарбаевтың взводы осы батальонда. Басқа бөлімшелер секілді бұл взводтың жауынгерлері де ержүрек жігіттерден құралған-ды. 30 сәуірге қараған түні шабуылдаушы батальондар Шпрее өзенінен өтіп, бес қатарлы үлкен үйге жақындай түсті. Бұл «Гиммлер үйі» деп аталатын Ішкі істер министрлігінің үйі болатын. Таң ата Плеходанов басқаратын 674-полктың шабуылынан кейін бұл үй біржола кеңес жауынгерлерінің қолына өткен-ді.

Соғыстың соңы
Жаудың соңғы ұясы Рейхстагқа осы арадан айқын көрінетін. «Гиммлер үйімен» екі арасы шамамен 500 метрдей. Бірақ ең қиын майдан шебі де тап осы 500 метр жер еді. Барған сайын алаңда жарылыс пен қисапсыз атылған оқ жиілей түсті. Рейхстагтың бір кездегі сәнді терезелері кірпішпен бітеліп, әбден ұсқыны қашқан. Саңылаулардың арасынан үздіксіз атылған пулемет оқтары ұшқындап, жылт-жылт етеді. Қашып құтылмасына көздері жеткен жау әскерінің айбаты бет қаратпайды. Соларға қарай Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов беттерімен жер сызып, қара терге малшынып жақындап келеді. Бұларға секунд сайын өлім қаупі төніп келеді. Өлім жөніндегі үрей мен жауынгерлік борыштың арасындағы арпалысты қос батыр өз жандарымен, жүректерімен сезді. Бірі – офицер лейтенант, 21 жаста. Екіншісі – қатардағы жауынгер, бар болғаны 18 жаста. Екеуі де жас өрім. Өмір дегеннің не екенін әлі жете біле қоймаған... Енді, міне, тура ажал аузына жақындап келеді. Белгісіз бір күш бұларды алға сүйрейді...

Жарылған снарядтың, оқ-дәрінің иісінен тамақ қаңсып, көз ашиды. Түтін қалың тұманға айналған. Бауырын төсеген қара жер сыз. Олардың аяқ жағында қан аралас су жатыр. Өрттей болып түтіккен екеу таңдайлары кеуіп, шыдамаған соң қанды суды жұтып-жұтып жібереді. Рақымжан қойнындағы жалауды жұлып алды да, бұрышына «674-полк, лейтенант Қошқарбаев, қызыл әскер Булатов» деп жазды.

Жер жарылып, аспан айналып жерге түскендей болды. Айнала жап-жарық болып кетті. Артиллерия Рейхстагты мылжа-мылжасын шығарып, атқылап жатыр.

– Григорий, қолайлы сәт!

Екеуі қол ұстасып ұшып келеді. Көздері түк көрмейді. Құлақтары да тарс бітелгендей. Осы сәт бұл дүниеде өздерінің бар екендерін де ұмытты. Әлден уақытта аяқтары баспалдаққа тиді, өрлеп келеді. Шын ба, өтірік пе? Үйдің қабырғасы, үлкен зілдей діңкішектер көзге шалынды. Жау ұясы. Соңғы ұя... Қолдары қабырғаға тигенде Рақымжан жанындағы серігіне:

– Шық иығыма! Ал мына туды! – деді.
Осы сөздің естілуі мұң-ақ екен Григорий ыршып Рақымжанның иығына шықты.

– Жолдас лейтенант, қадайтын жер жоқ!

– Суыр кірпішін. Міне, мына тұсын.

Әлден уақытта Григорийдің:
– Все! – деген дауысы естіліп, жерге қарғып түсті. Құшақтарының қалай айқаса кеткенін өздері де байқамай қалды. Бірін-бірі сүйіп жатыр.

Тықыр естілді. Шошып кетті. Қаруларын кезене қалысты. Өзіміздің офицер.

– Кімсіңдер, қай батальоннансыңдар?

– Давыдовтың!

– Молодцы!

Осы сәтте уралаған үн жер тітіретті. Манағы өздері өте алмаған алаңда ине шаншар жер жоқ, қайысқан адам.

Бұл 1945 жылдың 30 сәуір күні кешкі сағат жетінің шамасы болатын.
30 сәуір күні кешкі сағат 7-ге жуық Рейхстагта алғашқы жеңіс жалауы желбіресе, сол күні түнде биіктігі 70 метрлік Рейхстагтың күмбезі үстіне жеңіс туы тігілді. 1 мамыр күні ертемен оны бүкіл Берлин көрді. Бұл 150-дивизияға 3-тегеурінді армияның әскери советі тапсырған ресми туы болатын. Оны тіккен 756-полктың барлаушылары Мелитон Кантария мен Михаил Егоров еді.

Ақиқатты бұрмалау
Американың «Нью-Йорк Таймс» газеті 1945 жылдың 1 мамыр күнгі санында «Кеңес Қызыл туы Рейхстаг үстінде желбіреді» деген тақырыпта хабар жариялады. Оның соңы былай тұжырымдалған: «Кеңес әскері кеше Берлиннің әр үйін жанкешті шабуылдармен алып, Рейхстагқа жеңіс туын тікті. Гитлер Кеңес Одағына басып кірерде өз әскерінің алдында: «Германияның қазір күш-қуатқа молыққаны сонша, енді оны бұдан былай ешқандай да мемлекеттер одағы тізе бүктіре алмайды», – деген еді. Енді орыстардың Берлин қорғанысын құлатуы мен жалпы Германияның тізе бүктіруіне көп қалған жоқ сияқты. «Әдетте мақала газеттің маңдайына көрсетілген датасынан бір күн бұрын дайындалатыны белгілі. Оның үстіне мына газеттің жер шарының келесі бір шетінде шығатынын есепке алсақ, «Нью-Йорк Таймс» газеті 1 мамыр күні шыққан санында қай оқиғаны хабарлаған? Әрине, алғашқы оқиға. Ал кеңес БАҚ-тары бұл оқиғамен оқырмандарды 3 мамырдан бастап таныстыра бастады.

Ұлы Жеңістің 20 жылдығында соғыс ардагерлері Мәскеуге шақырылады. Сонда грузин Кантария 150-дивизияның Рейхстагқа тігілген туын Қызыл алаңға ұстап шығады. Сол топта Рақымжан Қошқарбаев та болған. Ол Кантарияның қолынан туды жұлып алып: «Бұл туды Рейхстагқа бірінші мен тіккенмін!» – дейді. Шындықты білетіндер оған қарсы келмейді. Қошқарбаевтың сол туды көпшіліктің ортасында көтеріп тұрған фотосы әлі де бар. Соғыс ардагері Зекен Темірғалиев 1962 жылы Ялтада демалғанда ойда-жоқта болған бір оқиғаға тап болады. Шипажайдың мәдени қызметкерлері демалушыларды Ставропольге алып барып, соғыс мұражайымен таныстырады. Мұражай қызметкері Рейхстагқа ту тіккен Егоров пен Кантария деп екеуінің фотосын көрсете бастағанда топ ішінен оралдық Тәшкенбаев деген соғыс ардагері суырылып шығып:

0386

– Бұл мәлімет – қате. Егоров пен Кантариядан бұрын туды Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов тіккен. Сол кезде мен 150-дивизияның байланыс бөлімінің бастығы едім. Дивизия командирі генерал Шатилов 30 мамырда Бірінші беларусь майданының қолбасшысы Жуковқа Рейхстаг қабырғасына Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ту тіккенін хабарлады. Жуков қатты ашуланды: «Неге қайдағы бір азиаттарға ту тіккіздің? Ертең қалада бір орыс пен бір грузин Рейхстагқа қайта ту тігетін болсын!» – деп бұйрық бергенін өз құлағыммен естідім. 1 мамырда немістер аса күшті қарсылық көрсетпеді. Өйткені олар капитуляцияға көнген еді. Сол күні Егоров пен Кантария көп қиындықсыз Рейхстаг үстіне ту тікті. Қысқасы, оларға сондай мүмкіндік қолдан жасалды («Түркістан» газеті, 2007 жыл, 7 мамыр). «Воин Родины» газетіндегі «Незабываемые факты» (1945 жыл, 16 қыркүйек) деген мақалада былай делінген: «Первым достигли Рейхстага и водрузили флаг над ним лейтенант Кошкарбаев и красноармеец Булатов. Знамя победы водрузили над Рейхстагом Егоров и Кантария. Первыми в Рейхстаг ворвались со своими войсками Сьянов, Грищенко, Неустроев, Давыдов,  Логвиненко». Белгілі жазушы, публицист Борис Горбатов «Литературная газетаның» 1948 жылдың 18 желтоқсанында жарық көрген санында «Проблемы казахской литературы» деген мақаласында былай деп жазады: «В самом деле, пора уже перестать сравнивать воинов нашей армии с орлами и беркутами. Как беркут может сравниться с казахом Кошкарбаевым, который на моих глазах водрузил красный флаг над Рейхстагом. Чтобы показать такого героя, нужен совсем иной поэтический строй, иные образы, иная поэзия – поэзия социалистического реализма». Меніңше, бұл – құжат жүзіндегі тарихи мойындаулар. 1949 жылдың 8 мамыр күні «Казахстанская правда» газетінде әйгілі кинооператор Роман Карменнің сұхбаты жарияланады. Онда мынадай жолдар бар: «Мы сейчас особо остановимся на трудовых делах бывших фронтовиков. С одним из них – с тов. Кошкарбаевым, мне бы очень хотелось встретиться снова. Где сейчас? У меня сохранились кадры, отображающие доблестного воина в тот момент, когда он прикреплял Красный флаг на крыше Рейхстага. Это было в памятный день 1945 года!». Бұған орай мынандай таңғаларлық жағдайды айтуға болады. Мұнда сөз болған кинокадрларды әдейілеп іздеген кезде, олар табылмаған. Роман Карменнің архивіндегі бұл пленка із-түссіз жоғалып кеткен. Тарихи кадрлар әлі күнге дейін табылған жоқ.

Субботин айтқан сыр
Соғыс кездері Василий Субботин дивизиондық газеттің тілшісі болып, жауынгерлердің ерлігі жайында көптеген мақалалар жазады. Кейіннен ол бұл тақырыпқа қайта-қайта оралып, «У Стен Рейхстага» («Крым», №2, 1948 г.) «Знамя Победы» («Дружные ребята» №5, 1948 г.) «У Стен Рейхстага» («Советский воин», №9, 1949 г.) сияқты мақалаларында Қошқарбаев пен Булатов жайында зор сүйіспеншілікпен жазады. 1960 жылы «Новый мир» журналының №5 санында жарияланған. «День тысяча четыреста десятый» деген мақала естелігінде мынадай сөздер бар: «Эти пятнадцать лет я просто терзался, что тот подвиг, что был совершен молодым Рахимжаном, мальчиком Булатовым, как бы забылся. Ничье имя как не было поднято, не должно затмевать других, проявивших столь же высокое мужество». Бұл сөздердің терең мағынасы бар. Ешкім Кантария мен Егоровты күстәнағалы отырған жоқ. Алайда дәрежесі мен маңызы жағынан теңдес ерлік жасаған  Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың есімдерінің көлеңкеде қалуы – әділетсіздік. Мұндай әділетсіздікке шыдай алмаған Г.Булатовтың өз-өзіне қол жұмсағанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл жөнінде қазақстандық журналист Юрий Прохоров 2002 жылы «Простор» журналының №5 санында «Кто водрузил знамя над Рейхстагом?» деген мақаласында «Григорий Булатов звезды героя не получил и молчал о своем подвиге до 1965 года, но когда он начал заявлять о себе и рассказывать о штурме и взятии Рейхстага, то многие не верили и смеялись над ним, даже называя его «Гриша – Рейхстаг». Больно писать об этом, но не выдержав насмешек, Г.Булатов повесился. Гриша өлерінде өзінің командирі Рақымжан Қошқарбаевқа жазған хатында бір-ақ ауыз сөз болған: «Рахымжан! В этой жизни нет справедливости».

Кешіккен даңқ
ГДР-дан Жеңістің 20 жылдығына байланысты Рақымжанға шақыру телеграмма келді. Бірақ оны жіберуге байланысты аяқасты тағы бір мәселе туындайды. Ол кезде Рақымжан Алматының ортасындағы моншаның директоры болып істейтін.

– Оу, қазақтар, білдей бір батырларың ертең ГДР-ға барғанда, қазір не істейсің десе, не айтасыңдар? моншаның директоры дейсіңдер ме? – дейді Бауыржан Момышұлы. Бұл, шынында, ойланатын жай еді. Соншама аты шыққан батырына қазақтардың берген жұмысының түрін қара демей ме?! Алматы қалалық советі атқару комитетінің төрағасы Есен Дүйсенов жағдайды бірден түсініп, екі күннің ішінде Рақымжан Қошқарбаевты монша директорлығынан қалалық коммуналдық және көркейту басқармасының бастығының орынбасары етіп тағайындайды.

Рақымжан Берлиннен өте көңілді оралды. 8 мамырда ол ГДР-дің ұлттық мерекесіне байланысты үлкен салтанатқа қатысып, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізеді. Арада үш күн өткен соң Берлиннен тағы жақсы хабар жетті. Кеме жасайтын верфьтегі бір бригада мен бір мектептегі пионер отряды Рақымжан Қошқарбаев атындағы отряд деп аталыпты. Олар Рақымжанның үлкен портретін жіберуді сұрапты.

Неміс достары осындай ілтипат көрсеткенімен, өзіміздегі құрметіміз кемшіндеу болды. Дүрілдеп Ұлы Жеңістің 20 жылдығы да өте  шықты. Бірақ Рақымжан жайында Мәскеу тағы да үндемеді. Көңіл күпті болғанымен Қошқарбаевқа деген халық құрметі еселеп өсті. Оның толып жатқан дәлелі бар. Арада қаншама жылдар өтсе де, Рақымжанның есімін батырлар қатарына жазудың сәті түспеді. Ендігі жерде іске ешкімнің алдында кішірейіп көрмеген халықтың қас батыры Бауыржан Момышұлы кірісті. Аты аңызға айналған қолбасшы өзінің еленбеген ерлігін ойға алмастан, Рақымжан үшін қолына қалам алып, Дінмұхаммед Қонаевқа хат жазады. Майдандас жерлестерінің ерлігін ерекше құрметтеген аға-інілерінің бұл әрекетін Рақымжан, әрине, білген жоқ. Ол «Алматы» қонақүйінде директор болып жұмысын істеп жүре берді. Облыс пен алыс аудандарда орналасқан әскери бөлімшелерде көптеген кездесулер өткізді. Соғыс ардагерлерінің арасында жадырап, жарқырап әңгімесін айтумен болды. Жастарға патриоттық тәрбие беруге аянбай атсалысты. Сөйте жүріп, кітап та жазды. Онысы қазақ, орыс тілінде жарық көріп, қазақ сахарасына тарап кетті. Достары болса, 30 сәуір – Рейхстагқа ту тігілген күнді Рақымжанның қайта туған күні деп атап кеткені белгілі. Ал Жеңістің 35 жылдығында бар ауыртпалық Ғабит Мүсіреповке түсті. Ғабең Бауыржан мен Рақымжанға қатар атақ сұрау жөніндегі ұсыныс хатты жазуды өз мойнына құп алды. 1980 жылдың наурызының соңғы күндерінде Л.И.Брежневке хат жазылды. Хат соңына Ы.Жақаев, Ж.Қуанышбаев, Т.Бигелдинов, Ғ.Мүсірепов, Ұ.Алтайбаева, З.Күдербекова, Ә.Шәріпов, Ә.Мәметова сынды қазақтың белгілі адамдары қол қойды. Өкінішке қарай, қазақтың маңдайалды азаматтары жазған үшбу хатты Мәскеуде отырған шенділер тағы да жауапсыз қалдырды.

Тәуелсіз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1999 жылы 7 мамырындағы бұйрығымен Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Ұлы Жеңістің 62 жылдығы қарсаңында қазақстандықтар үшін үлкен қуанышты жаңалық болды. Ұлы Отан соғысының батыры Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа жеңіс туын тіккені расталды. Ресей осы ерлікті айқындайтын құжаттарды еліміздің мемлекеттік мұражайының қорына табыс етті. Ресми Мәскеу тарихи қажеттілікті түзетіп, қазақ батырының ерлігін мойындауға мәжбүр болды.

 «Халық Батырын» іздейміз

 Енді бір жылдан соң сіздер мен біз Ұлы жеңістің 65 жылдық мерекесін тойларымыз анық. Омырау – алқызыл гүлге, дүние – алаулы нұрға, ашық аспан бейбітшілік жұлдыздары – қызыл, көк, жасыл түсті отшашуға толады. Осыған орай, Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры «Атақазақ» қоғамдық бірлестігі, «Алаш айнасы», «Ана тілі» газеттерімен және Қазақ радиосымен бірлесе отырып, тарихта «Ұлы Отан соғысы» деген атаумен қалған Екінші дүниежүзілік соғыста асқан ерлік көрсетіп, алайда әділетсіздіктің кесірінен «Кеңес Одағының Батыры» атағын ала алмай қалған қазақстандықтарды ұлықтауды қолға алады.

Жоба мақсаты – өскелең ұрпақ жадына ата-бабаларының ежелден батыр, отаншыл болғанын сіңіру. Сол арқылы жас буынды елге, жерге деген патриоттық сезіммен тәрбиелеу. Әміршіл жүйенің озбырлығынан қағажу көрген аға ұрпаққа тәуелсіз ел ретінде лайықты құрмет көрсету.

Жобаны ұйымдастырушылар: «Кеңес Одағының Батыры» атағына лайық болып, сол кезде осы атаққа ұсынылған, бірақ әділетсіздіктің кесірінен оған қолы жетпеген аталарымызға бүгін Тәуелсіз Қазақстан лайықты бағасын беруі керек», – дейді. От кешкендер дәріптелуі қажет. Батыр туралы тарихи құжаттар сүзгіден өткен соң, яғни оның кезінде «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылғаны расталса, бұл адамға Қазақстанның «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы ресми орындарға ұсыныс жасалады.
Осы күнге дейін «Алаш айнасы» газетінің бетінде ерліктері ескерілмей келген батыр аталарымыз жайында «Атақсыз қалған батырлар» айдарымен тұрақты түрде жазылып келді. Өз уақытында «Кеңес Одағының Батыры» атағын ала алмаған батыр аталарымыз еліміздің әр өңірінде әлі де баршылық. Соғыс қиыншылығымен қатар саяси қиянат көрген сол жандардың бүгінгі үрім-бұтағы, мұрагерлері, туған-туыстары өз аталары туралы қолда бар мәліметті «Алаш айнасы» газетіне хабарлауы керек.

Маңызды делінген мәлімет-деректер Мемлекеттік тілді дамыту қоры жанынан құрылған арнайы сарапшы, тарихшы мамандардың талқысынан өтеді. Алдағы жылы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында «Халық батыры» жобасымен анықталған батыр аталарымыз «Халық Қаһарманы» атағына ұсынылатын болады.

02125

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста