Қызын зорлаған әке, кемпірге шабуыл жасаған жігіт...
Нәзік жандылар зорлық-зомбылықтан қашан құтылады?
Ғаламтордың, жариялылықтың арқасында қоғамда, тіпті әр отбасында болып жатқан оқиғалар көпшілікке дер кезінде жетуде. Қыз-келіншектерге қатысты зорлық-зомбылық туралы ақпараттар да жылдам тарауда. Бірақ қылмыс ашылып, оны жасаушы заң жүзінде жазасын алғанымен, зәбір көрушінің жан-дүниесіне түскен жараны ешнәрсе емдей алмайтыны рас. Бүгінде немере бауыры, өгей әкесі, кейде туған әкесінен зорлық-зомбылық көрген қыз балалар тағдырына қатысты материалдар ақпарат кеңістігінде (күйеуінен таяқ жеген әйелдер туралы сөз басқа) көбейіп бара жатқандығы рас. Айтпағымыз, жалпы көптеген еркектер әйел затын (әсіресе сұлу қызды) көргенде өзін-өзін неге ұстай алмайды?
Жалпы еркектің әйелден бір саты жоғары екенін, ақыл-ой, парасат жағынан басым тұрғанын мойындаймыз. Бірақ қызды көргенде сол парасатты әке, білімді зиялы, қайраткер ғалым, еңбегі сіңген жұмысшы көкелеріміз сананы істен шығарып, нәпсінің жетегінде кететіні несі?
Ер адамның шабуылын немесе жай ғана сөзбен болса да тиіскенін бастан өткермеген әйел немесе қыз бар ма екен? Жоқ. Сондай оқиғаларды бастан өткерген немесе куә болған жандардың сөзіне орын берсек (есімдері өзгертілді):
Күләш, зейнеттегі ұстаз: Мен республикадағы жоғары оқу орындарының бірінде өмір бойы жұмыс істедім. Ұжымда бір Сабыр деген кісі бар еді. Ғылыми атағы бар, өте білімді, зиялы адам. Ер демей, әйел демей, бәрін сыйлап, үлкен-кішіге жақсы мінезімен танылған әріптесімді мен де құрмет тұтатынмын. Ғылымға сіңірген еңбегі де зор, студенттер де ұлағатты ұстаз деп құрметтейтін. Қысқасы Сабырға деген құрметіміз ерекше болатын. Сол Сабыр өзінің туған қызын зорлапты дегенді естігенде төбемізден жай түскендей болды.
Оқиға былай өрбіген. Сабырдың әйелі мектеп бітірген ұлын батыс мемлекеттегі университетке орналастырмақ боп шет елге кетеді. Қызы, он беске жаңа толған Айжан, жиын-тойда талай көргенбіз, өте көрікті еді. Сабыр қызы екеуі үйде қалады. Арақ ішкен-ішпегені белгісіз, төбесінен шайтан түртті деген сол болар, Сабыр қызына ойына келгенін жасапты. Намысы тапталған Айжан күйіктен шыдай алмай, дереу балконға шығып, бесінші қабаттан секіріп, мерт болады. Ал Сабыр әйелі келетін күннен бір күн бұрын жоғары қабаттан құлап өледі. Жерлеуге бардық, жағамызды ұстадық. Сұлу қызымен жеке қалғанда туған әкесі нәпсісін тия алмапты. Сондай парасатты адам жауыздыққа барады деп кім ойлаған? Нәпсі деген есті аударатын сиқыр ма дейсің? Азаматтық биік өре әп-сәтте ғайып болады екен-ау, бір нәпсінің алдында....
Нұрбала, дәрігер: Маған республиканың түпкір-түкпірінен хаттар келіп жатады. Сондай хаттың бірінде Қызылордада тұратын 7 сыныптың оқушысы немере ағасы өзін қалай аяусыз зорлағаны туралы жазыпты. Жазираны (есімі өзгертілді) ата-анасы аудан орталығындағы мектепке береді. Мектепке жақын болғандықтан қызды әкесінің інісінің үйіне орналастырады. Көп ұзамай сол үйдің 10 сыныпта оқитын Берік есімді ұлы Жазираға «қырындай» бастайды. Бірде үйде үлкендер болмаған кезде Берік Жазираны әбден зорлайды. «Біреуге айтсаң өлтіремін. Жай өлтірмей, азаптап өлтіремін» деп қорқытқан соң қыз болған жайды ешкімге айтпайды. Сөйтіп Берік үлкендер бір жаққа кеткен сайын Жазираны зорлай береді. Ісін садистік әдіспен атқарады. Яғни, Жазираның іш құрылысына сұмдық зақым келеді. «Мен енді тұрмысқа шығып, бала туа алмаймын ғой. Бар өмірім осымен құрыды ғой. Өмірмен қоштасқым келеді» деп жазыпты, өз хатында денсаулығына нұқсан келген жас қыз...
Бибігүл, алпыс жаста, тұрмыс құрмаған: Менің ата-анам малшы болатын. Бала атаулы жазда жайлаудамыз. Ал сабақ басталарда колхоздың машинасымен бірге ауылға жібереді. Бірде төртінші сыныпқа көшкен жылы, жайлауға келген жүк машинасына бір топ үлкен кісімен бірге балалар мінді де, ыстығым көтеріліп ауырған мені шопырдың жанына отырғызды. Менің қасымда елулер шамасындағы бір еркек отырды. Әлгі еркек мені қайта-қайта құшақтап, мойнымнан, бетімнен сүймек болып жармасады. Мен кері итеремін. Өзім қайта-қайта құсып, әрең отырғанмын. Көліктен түскен кезде қалың шөптің арасына апармақ боп сүйрейді. Сөйтіп жолда мені жәукемдеуге тырысуда. Мен әлсіреп тұрсам да бар күшіммен қарсылық таныттым. Аузы-басым құсық сасып отырсам да, әлгі еркек жиіркенбеді. Ауылға жеткенше арпалысып келдік. Ол кезде бұндай оқиғалар көпшілікке жария болмаушы еді ғой. Қазір бәрін ашық айтып жатырмыз. Жалпы еркекке деген жек көрушілік осыдан басталды.
Жоғары сыныпта оқып жүргенде мынандай оқиға болды. Аудан орталығында туысымыз тұратын. Мені кейде інілеріммен қосып сол үйге жіберетін. Бұл туысымыз ауданда беделді қызмет болатын. Бір жылы сол кісінің үйіне өзге облыстан келген партия қызметкері орналасты. Қызмет бабымен осында ауысыпты. Отбасы көшіп келгенше біздің туыстың үйінде тұрады екен. Бір күні сол жасы қырықтан асқан алпамсадай еркек мені бір бөлмеге қарай сүйрей жөнелді. Мен шырқырасам да ешкім естімеді. Бәрі сыртта еді. Бөлмеге кірген мен оны кіргізбеуге барымды салып, есікті мықтап жауып, ашпауға тырысып бақтым. Есікті қатты жауып крігізбей қойдым. Ол бар күшін салып итеріп жатқанда үйге кісілер кірді. Әлгінің ұятсыздығы сол, сол кісілердің көзінше мені қолға түсіру әрекетін жалғастыра берді ғой. Мен бар даусыммен бақырып жыладым. Жеңгеміз жүгіріп келмегенде, елден ұялмай-ақ дегенін жасар ма еді сол оңбаған?
Тағы бір оқиғаны айтайын. Сендер шығармашылық кешіне барып, өлеңдерін жаттап жүрген анау бір ақын бар ғой. Елім, жерім, тілім деп сөйлегенде «Қандай парасатты, патриот ед?!» деп құрметтейсің. Шын жүзін көргенде «нағыз ит екен» деп түңілесің. Менің жан құрбым сол ақынның әйелі еді. Күйеуімен онша араласпасам да әйелі сіңлімдей болып кеткен. Құрбымның айтуынша ақыныңыз сұлу көрсе артынан ілесіп кете береді екен. Бірнеше жас қызға некесіз бала тудырған. Әйел байқұс көнбіс қой, тағдырдың жазғаны деп, балаларын жалғыз өсірді бәрі.
Ол «өлең жазам» деп шипажайларға кетіп қалады екен. Әйелі кейде айлап көрмейтін. Бұл құрбым өзі сұлу, тағамды қалай шебер әзірлейді десеңші! Сондай әйелдің қадірін білмеген күйеуі ақыры ажырасып, бірінен кейін бірі үш жас әйел алды. Төрт әйелдің тек біреуінің анасы ғана әлгінің қызмет орнына келіп, туған нәрестесін жұртқа көрсетіп тұрып, жанжал шығарып, ақыры қызметінен кетіріпті.
Айтпақшы ол мені де мазалаған. «Үйдегі жарым өлеңді түсінбейді, сенен асқан сұлу жоқ бұл дүниеде, менің өмірде тапқан жалғыз бақытым сенсің» деген сөздерді айта бастағанда қуып шыққам. Содан бері мені жек көреді.
Жалпы менің тұрмысқа шықпай қалуым осындай оқиғаларды бастан өткеріп, еркектерден түңілгеннен болар. Жарына адал емес еркектер көп, қайсыбірін айтайық...
Гүлжан, тәрбиеші: Мен қалада жұмыс істеймін. Бір балам бар, күйеуім жоқ. Бір жасар балам ауылдағы анамның қолында. Өзім апта сайын барып тұрамын. Бірде ауылға барсам, анам төсек тартып жатып қалыпты. Аяғына зақым келген. Әкем ертеректе қайтыс болған еді. Үйдегі бар шаруаны анам жалғыз өзі көтеретін. Бұған дейін шауып жүрген адамның аяқ астынан ауырып қалғанына күмәндандым. Анам болған оқиғаны айтты. Жаймашуақ күннің бірінде малды өріске жібермек болып, таңғы сағат жетілер шамасында анам үйден шықпай ма? Көшеде кетіп бара жатқан туысымыздың 30 жасар баласы анамды жетпістен асқан жасына қарамастан қораға сүйрей жөнеліпті. Балам анамның арқасынан жерге домалап түсіпті. «Қарағым-ау бұның не?» деп, әлгінің бетін қайтармақ боп айтқан ешбір сөзіне селт етпепті. Жерге құлаған балам бар дауысмен бақырып жылап, көршілер келеді деп қорықты ма, әйтеуір жігіт ойын толық жүзеге асырып үлгермепті. Кемпірдің көйлегін жыртқан күйі тастап кетіпті. Осы оқиғадан кейін анам жиі ауыратын болды. Бұзылған еркек кемпір зорлаудан да тайынбайды...
Зорлық-зомбылықтан қалай сақтануға болады?
Қыз-келіншектерге зорлық-зомбылық жасайтын тек бұзақылар емес. Білімді, оқыған, қызметкер еркектердің арасында нәпсіге оңай берілетіндер де кездеседі. Кейбір еркектер ұрғашы көрсе неге ар-ожданды сырт қалдырып, айуандыққа дейін барады деген сұрақтың жауабын ғалымдар әлі тапқан жоқ. Нәзік жандарды жыныстық тұрғыдан қорлау әрекеттерінің тиылмауы ер адамдар санасындағы ізгілік, ақыл, парасат тетігін басқаратын бөліктің «шайтан түрткенде» істен шығуынан болса керек. Сондықтан еркектердің бәрі қауіпсіз еместігін жас қыздар білуі тиіс. Зорлық-зомбылықтан сақтанудың амалы ретінде мынаны ескерген дұрыс-ау:
1. Тұрмысқа шықпаған қыздар ешқандай еркекпен, ешбір орында түнеуге қалмағаны дұрыс. Қыз баланы немере бауырлары түгілі туған әкесімен қалдырудың өзі қауіпті. Жуырда ақпараттық сайттардың біріне бір әйел жазып еді: «Мен балаларымды күйеуіммен оңаша қалдырмаймын. Күйеуім табысты, үлгілі қызметкер, жақсы күйеу, мәдениетті адам. Бірақ мен балаларымды онымен үйде қалдырмаймын. Тіпті теледидар қарап отырса да бақылаймын».
2. Оқушы, студент қыздар оқу орнынан тыс жерге мұғалім еркекпен кездесуге бармағаны жөн. Есіме бір профессор түсіп отыр. Атақты ЖОО-ның бірінде мұғалім, қашан көрсең бәдік сөйлейтін. Студенттерге шектен тыс қаталдығымен жақпайтын. Соған қарамастан жас қыздардың телефонына хабарласатынын қайтесіз?! «Кафеге барайық? Үйіңе шақырмайсың ба? Қашан кездесеміз?» деген сияқты сөздерді айтқан. Бұл сөздерді ол сабақты жақсы оқитын, салмақты, тәрбиелі қызға айтқан. (Жеңілтекке айтылса қыздың өзі кінәлі дер едік). Студент қызға сабақ айтқызғанда «Көзіме тура қара» дейтін. Қарамаса ұрсып, жер-жебіріне жететін қыңыр шал еді. Ақсақал деуге аузың бармайды. Ауытқудың бір түрі деп ойлайтынбыз. Жалпы қандай профессор, академик болса да еркектің аты еркек қой...
3. Жас қыздар туған күн, т.б. жиын-тойды ер балалар жиналатын оңаша үйде үлкендердің қатысуынсыз атамағаны жөн. Ұл мен қыз жеке қалса арты неге ұшырайтынын өзіңіз білесіз. Ұлдардың бәрі бұзылған деуден аулақпыз, дегенмен сақтықта қорлық жоқ.
4. ЖОО бітірген қыздар, қызметке кіргенде бастығыңыз еркек болса, абайлаңыз. Ол міндетті түрде хайуан болып шығады демейміз. Бірақ, жас қызды көргенде парасатты басшының да миына небір ойлар келуі әбден мүмкін.
5.Жас қыздар туысқанның үйіне түнегенде міндетті түрде апа, әжелер болуы керек. Ол үйдің ұлы немесе отағасы өзінің «үлгілі әке, адал күйеу» екенін ұмытып кетуі мүмкін.
Өз өміріңізге өзіңіз жауапты екеніңізді ұмытпаңыз.
Дана Қамшыбек