1. Қазақ қыздары шетелдіктерге неге тұрмысқа шығады? Оны ішкі дүниесі қалай құптайды? Әке-шешесі қалай рұқсат береді? Кейін өкініп жүрмей ме?
2. Психологтардың айтуынша, жастайынан (13-15-18) ер азаматтардан немесе түрлі жағдайлардан соққы алып, қорланған (кедейлік, таяқ жеу, зорланып қалу т.б.) жәбір көрген нәзікжандыларда ешкімге сенбеу, я болмаса, семья құруға, еркектерге қатысты комплекс пайда болады дейді. Бұған не дейсіз?
3. Неге қазақ қыздары қор бола береді? Оларды кім қорғауы керек?
4. Қазақ қыздары отбасы бақытына кенелуге неге асықпайды? Қазақ жігіттеріне неге сенбейді? Әлде жаһанданудың әсері ме?
Жанар ШӘМЕЛ, тележүргізуші:
1. Бәрін бірдей қаралауға болмас, дегенмен негізгі себеп «кинодағыдай бақытты өмірге» қызығушылық болар. Сол арқылы материалдық, әлеуметтік жағдайды жақсарту. Сондай-ақ, шетел жігіттерінің менталитеті, өмір сүру салты, әйелге деген «өзгерек» қарым-қатынасы да әсер етуі мүмкін. Жай ғана бір мысал: заңды қатал сақтап, бағынатын шетелде әйел адамның құқығына қатты көңіл бөлінген, ерлері таяқтап, балағаттамас бұрын ойлануы мүмкін. Бізде қанша жерден таяқ жесе де, балаларым үшін деп жүре беруі мүмкін. Әрине әйел адамның құқығын қорғайтын қатал заң бізде де бар, дегенмен оған бағыну, жапа шексе тиісті мекемеге шағым түсіру жағы төмендеу сияқты, бәрі қалыпты түрде қалыпты жағдайға айналып кеткен, орта да соған бейімделген. Таяғын жеп, баласын туып, балағатын естіп, бүкіл тіршілікті жалғыз өзі сүйретіп жүрген аналар жоқ емес. Мен өмірде кездесетін бір жайтқа ғана тоқталдым. Бұл дегеніңіз жалпыға баға беру емес. Қаза берсең себеп шыға беретін шығар. Сондықтан шетел азаматтарының «өзгеше» қарым-қатынасы біздің қыздарға керемет болып көрінуі мүмкін. Бұл бір ғана жағы, жалпы себеп көп. Шетелдіктермен некенің ұзақ, қысқа болуы белгісіз, дегенмен мотивация үшін осындай дүниелер жеткілікті. Меніңше, ішкі дүниелері қарсыласуы мүмкін, қанша дегенмен басқа менталитет, басқа орта, салт-дәстүр дегендей, бірақ «жақсы өмір» үшін тәуекел етеді-ау. Әке-шешесі бірден қуанып келісімдерін бере қояды дегенге сену қиын, бірақ қыздары түбінде көндіріп жүр ғой. Өкінетіндері де аз емес деп ойлаймын. Қанша дегенмен, өз еліңе, туған жеріңе, өз ұлтыңа, тіпті қара суына жететін ештеңе жоқ екені айқын. Сондықтан қыздарымыздың ойланғаны дұрыс. Өзінің ертеңін ойламаса да, болашақ балаларын ойлау керек.
2. Психологтар бұл тақырыпты әбден зерттеген соң айтып отырған шығар, дегенмен логикалық тұрғыдан да ондай жағдайларды басынан өткерген қыз баланың ер адамға деген қарым-қатынасының өзгеруі, сенбеуі, қорқуы заңды болар. Меніңше, отбасын құруға да кері әсерін тигізуі мүмкін. Аузы күйген үрлеп ішпей ме?
3. Қор болу деген жақсы нәрсе емес, бетін әрі қылсын. «Әйел бір қолымен бесігін, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді, ендеше өмірдің өзегі, отбасының берекесі, өмірге ұрпақ әкелетін жанның қор болуы бәрімізге сын, әсіресе ер адамдарға. Меніңше, ер адамы мықты елдің қыздары ешқашан қор болмайды. Жалпы, қыз баланың өмірден өз орнын табуы, адаспауы, алданбауы, тіпті бақытты болуы да ең алдымен тәрбиеге байланысты, сосын ортасына, ондағы ер-азаматтарға да тікелей байланысты. Қыз балаға негізінен ер азаматтардың оны бағалауы, аялауы керек. Мұндай жағдайда оларға жігіттер ойлаған аса байлықтың да қажеті болмас. Әрине қыздар арын жастай сақтау керек, сондай-ақ, нәзік жандыларды қорғайтын біздің заңымызға бағыну мен бағындыру жағы қатал болу қажет. Ал ең дұрысы, ерлерміздің қыз балаларға деген көзқарасы оң болу қажет. Әр қызды қарындасы, анасы сияқты көрсе бүгінгі күні етек алып отырған зорлық-зомбылық, алдап-арбау, баласымен тастап кету, жеңіл жүріске салынып өз отбасының ойранын шығару, балаларын жылатып кету немесе әйелінің мойнында отыру сияқты жағдайлар болмас еді. Ерлердің жауапкершілігі бұрынғыдай жоғары болса, отбасы құндылықтарын биік бағаласа дейсің. Бұның бәрі отбасындағы тәрбиеден екені анық. Ата-ана балаға болашақ әке, ана болатынын айтып, әйелін, ерін құрметтеп, сыйлауды жете түсіндіруі, сіңіруі қажет. Әйтпесе, «бұл әлемдегі жалғыз еркек емес» деп қит етсе қыздарын алып кететін, «осыдан басқа әйел табылады, қыздар жетеді» деп ұлдарын үйретіп отырса, жағдай жақсы болмайды. Ортада жетім бала, бағы ашылмаған әйел, айырылысқан жігіт қалады. Бұл адам үшін де, қоғам үшін де, бастысы ұрпақ үшін де өте үлкен соққы, ауыр жара. Статистика сенсек, үйленгендердің көп пайызы бір жыл отаспай айырылысып жатады. Біздің ата-баба, әке-шешеміздің де заманында отбасылық келіспеушіліктер болған, сұлу қыздар мен тамаша жігіттер де көп болған, бірақ «бұдан басқа күйеу, әйел табылады деп» үйретпеген ғой, үйлендің ба, ол мәңгілік жауапкершілік, сыйластық деген ұғым болған, тәрбие солай болған. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды, отбасын бақытты етіп отырған азаматтар да жетеді. Дегенмен солардың қатары 100 пайызға толықса екен дейсің. Әйел -болашақ, әйел-ана, әйелдің тағдыры ер-азаматтарға байланысты екенін есте ұстаса.
4. Меніңше, отбасын құрғысы келмейтін қыздар жоқ, бұл табиғи дүние. Әр қыз бала жар атанып, ана болып, сәби сүйгісі келеді. Жалпы адамдардың табиғатында үйленуге ұсыныс білдіретін, соған жағдай жасайтын ерлер емес пе? Ендеше, уақытында тұрмыс құрмаған қыздар, кәрі қыздар деген мәселені жігіттерден бастаған дұрысырақ. Жігіттер жағдайым түзелсін, үйім, көлігім, ақшам көбейсін деп жүргенде 30-ға шығады, одан кейін бұрынғыдай барлық қыздар сұлу көрінбей қалады. Сөйтіп 35 болады. Ол кезде қыздардың бәрі «жаман, стерва» болады да, үйленуге тіпті құлқы болмайды. Қыздар өздері ұсыныс білдірмейтіні белгілі. Сөйтіп көп қыз-жігіттер жалғыз қалып қояды. Тағы бір жағы, қыздар карьера жасағысы келеді. Ондағысы ертеңгі күні қиыншылықсыз өтсін деген өмірлік жоспар болу керек. Жалпы ақша, дүние-байлық қуып, сол үшін аяулы жар, ардақты ана, инабатты келін болудан бас тартатын қыз бар дегенге сенбеймін. Қыздардың да карьера куып, жұмысбасты болуына негізгі себеп тағы жігіттеріміз дер едім, өмірде әркім өз функциясын толық атқарған жағдайда, табиғатта тепе-теңдік заңы ешқашан бұзылмайды. Жолдасының жұмысы жоқ, алған білімі жоқ болып, кездейсоқ табыспен қол қусырып үйде отырса, әйел адам еріксіз қимылдамай ма, еркек адамдарша табыс табудың соңында кететіні сондықтан, одан кейін ер адам өзін төмен санай бастайды, ұрыс-керіс болады. Осындай дүниелерді қоғамда көріп өскен қыздарымыз мұндай өмірді қаламай, жақсы өмір сүру үшін жақсы табыс табуым керек деп, жұмысбасты болуы да мүмкін. Жалпы, Кеңес Одағы тараған тұста көп әйел заты тіршілік қамын еріксіз өз мойындарына алғаны рас. Уақытша алды ма десек, оны да әдетке айналдырып, қалыпты етіп жібердік. Жалпы ердің түзде, әйелдің үйде болғаны дұрысырақ еді. Бірақ адам бәрін өз ыңғайына қарай өзгертіп алды да, үйде де, түзде де, перзентханада да әйелдің қабақ шытпай жайдары жүргенін қалайды. Олай болмайды ғой. Ер адамның міндеті отбасын асырау мен соған қатысты дүниелер, әйел адамның негізгі міндеті бала тәрбиесі, отбасы, ошақ қасына қатысты дүниелер болу керек. Жалпы бұл өте кең тақырып. Салалап, зерттеп кете беруге болады. Әр отбасында тізгін мықты болу керек. Қазіргі заман да, адам да осалдықты көтермейді. Ойлану қажет...
Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Орал өңірі» газетінің тілшісі:
1. Қазақ қыздарының арасында бұл үрдіс белең алып кетті деп ойламаймын. Ілуде біреу шығар. Оның өзінде де қыздың отбасында алған тәрбиесіне, ой-өрісіне, көзқарасына байланысты шығар. Дәстүрлі тәрбие алған қазақ қыздары шетел жігітіне қызықпайды деген сенімдемін. «Жарты қасық қазақтық қаны қалған» (Мұқағали) қыздар әрине, қазаққа шықпағанына өкінеді деп ойлаймын.
2. Қазақ қоғамында осы кезге дейін көп айтылмайтын, жабулы қазан болып келген күрделі мәселелердің бірі осы тақырып болуы мүмкін. Бұл тақырып арнайы зерттелуі керек деген ойдамын. Әсіресе ауыл мектептерінен бастап анонимді түрде сауалнама жүргізіп, мониторниг жасау керек шығар. Өз басым қазақ қыздарын кішкентайынан ашық, ойын еркін айтатын, өз намысын қорғай білетін батыл етіп тәрбиелеуді жақтаймын.
3. Сауал сәл түсініксіз, эмоциялы екен. Жалпы, қыз баланы қоғам, мемлекет, әр азамат қорғауы керек. Өйткені, кез келген ұлттың болашағы болашақ аналарға, яғни осы қыздарға байланысты. Сондай-ақ, қыздардың өзі де жел тұрса жапырыла қалатындай жасық, жасқаншақ болмаса екен деймін. Бұл біздің дәстүрімізде, тарихымызда, ұлттық тәрбиемізде бар нәрсе.
4. Уақтылы (20-25 жаста) тұрмыс құру, үйлену, менің ойымша, қоғамда жастардың әлеуметтік мәселелері шешілуімен тығыз байланысты. Әзірге Қазақстанда үйлену, кейін балалы болу көптеген қиындық (риск-тәуекел) әкелетіні жасырын емес. Кеш үйленудің (тұрмыс құру) жаһандық сипаты болғандықтан, оны да жоққа шығаруға болмас.
Алия АБЖЕТОВА, тәуелсіз журналист:
1.Адамның табиғатына байланысты көп нәрсе, жан-дүниесі соны қалап тұрса ешкім де тосқауыл бола алмайды. Өйткени ол - оның шешімі. Мүмкін өзгеше бір әлемді сезінгісі келгенінен болар. Сосын жаксылық көрседе, жамандық көрседе тағдырына өзі жауапты болады. Әрине тәрбие бұл жерде улкен ықпалын тигізеді.
2. Сұрақ өзі-ақ жауабын беріп тұрған сияқты.
3. Қор болу да, өзің жоғары ұстауы да тәрбиеге, өскен ортасына, тектілігіне байланысты.
4. Маған тіреліп тұргандай, қанша тырысканыммен болмады. Жүрегіммен сүймесем жанымды құрбан ете алмайды екем. Тағдырдан аса алмасымды түсіндім, әр нәрсе өз уақытымен екен.
Данияр ЖАНЫС, "blogtime.kz" блогтұғырының бас редакторы:
1.Меніңше, қазіргі жаһандану дәуірінде басқа ұлтқа тұрмысқа шығу-шықпауға тиым салу мүмкін емес. Бұрынғы ғұн (б.з.б ІV-б.з. ІІІ ғғ.) дәуірінде де Қытай халқымен қыз алысып, берісіп тұрғаны жайында тарихи деректер бар. Қазіргі еуроцентристік көзқарас белең алған заманда ішкі дүниесі құптауы былай тұрсын, ішкі дүниесі қалап тұруы да мүмкін. Әйел мен еркек теңесіп, бала-шағаға демократия жарияланған кезде әке-шешені тыңдайтын ұл-қыз тыңдайды, қалғандары өздері біледі. Қыздың санасы болса, шет ел азаматына шыға тұра жақсылық жасай алады. Сәйкесінше, қазаққа тұрмысқа шықса да, санасы болмаса одан не пайда?
2. Кез келген жастайынан (психиологиялық немесе физиологиялық болсын) қысым көрген бала қатты болып өсетінін өз ортамыздан көріп жүрміз. Ондай жандардың қаншалықты комплексті болатынынан хабарым жоқ. Кез келген ситуациядан пайда да әкелуге, зиян да жасауға болады. Мысалы, Цицирон кекеш болса да, өз-өзін тәрбиелеу арқылы тарихта аты қалған оратор болды. Сол секілді комплексі бар адам да өз бақытын таба алады. Ол жекелеген адамға және ортасына байланысты.
3. Неге қазақ қыздары қор бола береді деуге болмас. Әлемнің басқа жерінде бізден де жаман қорланып жатқан елдер бар. Жастайынан «Қызға қол тигізуге болмайды» деп өскен біздің елде тек шүкіршілік айтайық. Жекелеген оқиғалар үшін жалпылама айыптамайық.
4. Өз басым отбасы бақытын аңсамайтын адам көргем жоқ. Тек жоғарыда айтылғандай комплексі бар қыздар, жігіттермен сөйлесе алмайтын немесе қызмет қуып кеткендер ғана «Мен әлі асықпаймын» немесе «Маған отбасы керек емес» деген сылтау айтады. Қазақ жігіттеріне сенбеу деген қоғамдағы қыздардың оннан бірінің, бәлкім одан да аз бөлшегінің пікірі. Менің ортамда ондай қыздар жоқ. Сондықтан бұл сұрақ маған түсініксіз.
Ескендір ТАСБОЛАТ, «Ислам және өркениет» газетінің тілшісі:
1. Кейбір қазақ қыздары деген дұрыс шығар. Әсіресе, ұлттық тәрбие алмағандары. Шариғат бойынша мұсылман қыздың тек мұсылман жігітке тұрмысқа шығуына рұқсат. Оның ішінде де өз ұлтының адамына шықса, өмірдегі түрлі келіспеушіліктердің алды-алынуына септігі тиеді. Ал мұны білу, сезіну – ұлттық (қазақы) тәрбие алғандарға тиесілі нәрсе. Ондай қыз әке-шешенің де пікіріне құлақ асады. Ал керісінше, әке-шешеге құлақ аспай, шетелдіктің етегінен ұстаған талай қыздың кейін өкінгендігіне куә болдық.
2. Ол рас. Арамызда ондайлар бар. Бірақ, көп емес. Ал дұрыс жоспар құрмайтын қыздар қатары өте көп. Оған себеп – теріс тәрбие. Үйінде болмаса да, қоғамнан алып жүр теріс тәрбиені.
3. Қыздар ертең ана болғанда өз балаларына дұрыс тәрбие берсе, кейін сол балалар нәзік жандыларды қорғайтын болады.
4. Иә, жаһанданудың әсері. Ол қыздарға (жігіттерге де) күйеуге шыққаннан гөрі бойдақ өмір сүруді қызықты етіп көрсетіп жатыр.
Балхия БАЛТАБАЕВА, психолог:
1. Әрқайсының басындағы жағдай әртүрлі. Бірі - махаббатты жоғары қойып, қалғанына көз жұма қарап, сүйген шетелдік серісінің соңынан еріп кете барса, бірі- шетелде жұмыс немесе оқу бабымен барып, сонда қалуға тура келеді. Енді бірі – есеппен яғни байлық, дүние үшін. Алданып, арбауға түсіп қалып кетіп жатқандар да бар. Бір себебі – қазақ жігіттерінің арасынан өз ханзадасын жолықтыра алмауы да шығар. Жалпылама алуға болмайды менің ойымша. Әр адам – бір тағдыр иесі. Сондықтан, ішкі дүниесінде бұл жағдайды мақұлдайма жоқпа, ата-анасының бұл жағдайға көзқарасы - бұл сұрақ та солай, бақытты күн кешіп, көңілі тоқ болып жүргендерінің ішкі де, сыртқы да дүниесі өз орнында болар. Ал, ата-аналары құптамасқа амал жоқ, өйткені – баласының бақытты күн кешуі қай ата-ананың болмасын көздеген арманы, сағынып, аңсағанын есептемегенде.
2. Жеткіншек немесе жасөспірім жасындағы қыз балаларда тура осы кезеңде ер адамға деген қызығушылығы, көзқарасы қалыптаса бастайды. Әрбірі өз ойында, өз қиялында өзінше ер адамның образы осылай болады екен, немесе болуы керек деген түсінік қалыптастыра бастайды. Сондықтан бұл кезеңдегі әр жайт оларға үлкен әсер қалдырады.
Зорлық, қинау көру – өскіннің психологиясына, ойының еркін дамуына қысым береді де , санада жалтақтық, жеккөрушілік, сенімсіздік сияқты жағымсыз сезімдер орын алады.
3. Қазақ қыздары ежелден-ақ өз намыстарын, арын барлық дүниеден биік қойғаны белгілі. Сол қасиетімен де бағалы, қадірлі, ерекше.
Ал, олардың неге қор бола береді деген мәселесі, ең алдымен – аңғалдық, ұяңдық мінездерінің басым болуында шығар. Шет ел немесе өз еліміздегі арам пиғылды жандардың қитұрқы мақсаттағы алдауына түсіп қалып, адами санасының, намысының тапталуы да сол ерме, момындығынан болар. Қан тазалығын жеті атасынан сақтаған қазақтың гені таза қыздарын өз мақсаттарына пайдалануда барын салуы нашар пиғылды шетелдіктердің көздеген іс-әрекеті екені даусыз.
Олардың қорғалуы үшін – арнайы органдардың, арнайы жоспармен түзілген комиссияның немесе гендерлік органдар, сыртқы істер органдарының құзырына ерекше қадағалаумен, қатал қағидамен, тапсырмамен ұйымдастырылу керек.
Санасының дұрыс қалыптасуы үшін мектептерде, ЖОО-да, т.б орындарда психологиялық арнайы психодинамика жұмыстары көптеп жүргізілу керек сияқты.
4. Дәл қазіргі таңда қазақ қыздарының да, жігіттерінің де басым көпшілігі отбасын құруға асықпайтын сияқты. Әлеуметтік, материалдық жағдайларын әбден түзеп алмайынша жанұя құрмау, карьера, білім соңына түсу – бұл жағдайдың басты себебі. Тағы бір нюанс – жоғары ой дамуының, жаһанданудың әсері және өзіне лайық тең көретін ханзадасын, идеалын, қиялындағы серісіне қояр талаптардың шектен тыс жоғарылығы.
Қыздар, қыздар әбден желіктіңдер...
Последние статьи автора