Бір тарихи түсірілім барысында оперетормен келіспей қалдық.
Киіздің үйдің іші. Төрде үй иесі отыр. Есіктен екі бөтен кісі кіреді. Кіреді де екі жаққа жарылып үй иесінің қарсы отыра қалады. Яғни, біреуі үйдің оң бөлігіне, біреу қазан жақ бөлігіне отырды. Оң жақ дегеніміз төрде отырған адамның оң жағы, қазан жақ дегеніміз сол жағы екені түсінікті болар.
Содан басталды әңгіме. «Бөтен кісі бұлай отырмайды, қазіргі уақыт болса жарайды дер едік, бұрынғы заманға сай емес» дедім. Оператор жарықтың түсуіне, картинаның көрнекі болуына байланысты өз ойын айтып, «онда тұрған не бар?» дейді. Сөйтіп түсірілімді тоқтата тұрып әңгімені арыдан бастауға тура келді.
Арасы кірпішпен бөлінбегенмен қазақтың кіиіз үйінде әркімнің орны, териториясы бар. Отағасы тура қазан жақ босағасының тұсындағы төрге отырады. Қонақ оң жақ босағаның тұсындағы төрге отырады. Ал, қазан жақ територияға бөте қонақ өтпейді. Қазіргі уақыттың түсінігімен айтсақ, есіктен кірген қонақ бірден ас үйіңе өтіп кеткендей әбестік ол. Тек үй иесін өзімсініп, алыстан аңсап келген жақыны, иә басқада жағдайда үй иесіне өзін етене көрсеткісі келген адам ғана егер үйлесімді болса үйдің қазан жақ бөлігіне өтеді екен. Атасы бауырына салып алып әке-шешесіне суық тартып ержеткен кеткен бір бала кейін әкесінің үйіне үйіне келіп, қазан жақтағы шешесінің төсегінің алдына барып жата кетіпті. Сонда анасы «жарығым-ай, ақыры жақын тарттың-ау» деп бас салып жылап жіберген екен. Ондай нәзік те биік, жылы да ұлы қарым-қатынас ендігі қазаққа арман ғана шығар, кім білсін...
Сонымен, оң жақ қонақтың орны екен. Қазақ жасы жетіп ұзыталмай отырған қызды «оң жақта отырып қалыпты» дейді. Ол дегеніңіз уақытында ұзатылмаған қыз өз үйінің ішінде бөтеннің орнында отыр, өз үйінде қонаққа айналды деген сөз ғой. Бұл әрине ең алдымен өмірдің өз заңдылығы. Сол үшін де «оң жақта отырып қалыпты» дейді екен. Міне, бұл бұрынғының тілсіз қатынасы мен үнсіз түсіністігі. Қазігіміз өзімізге мәлім...
Келін төрді баспайды деген қағиданың орындалғанын да көзімізбен көріп едік Құдайға шүкір. Құс қанатынан жасалған желпуіш сыпырғыны қолымызға ұстатып «төрді сыпырып берші, ақысына кәмпит берем» деген жеңгелеріміздің де талай кәмпитін жеп едік. Ондайды қазір төрді қадірлеу емес, келінді кемсіту деп түсінетін небір шетел көрген оқымыстылар ит тартқан терідей етеріне де көз үйреніп, көңіл жасыған.
Шыққан қыз неге шиден тысқары?
«Шыққан қыз шиден ары», «шыққан қыз шиден тысқары» деген ұғымның іс жүзінде жоғалуынан қазір қаншама отбасы ажырасып жатыр десейші.
Ши керегенің сыртынан ұсталатын бұйым. Яғни, үйдің сырты. Ұзатылған қыз барған жеріне тастай батып, судай сіңіп, толықтай сол әулеттің мүшесіне айналуы үшін айтылған сөз, қалыптасқан ұғым ғой бұл. Ұзатылған қыз енді бұл үйдің мүшесі емес, егер қыз оны толық сезінсе ол міндетті түрде барған әулеттің толықтай мүшесі бола алмақ екен. Танымайтын әулетке барып, толықтай сіңгені өз алдына, сол жерде парасатын көрсетіп, әулетті билеп «ел анасы» атанған, рулы елдің аты атымен аталған қаншама аналарымыз болды тарихта. Солардың бәрі барған жерінің бағын жандырып сондай биікке көтерілген-тұғын. Ал, төркініне қамқор болу, төркінін ұмытпау ол өз алдына бөлек әңгіме. Яғни, шиден ішкері емес, тысқары ұғымда тұрып жасалатын қазақ қызының ғана қолынан келген ұлы қамқорлық! Оны бір-екі ауыз сөзбен, тіпті тілмен жеткізе қою қиын дүние.
Сөйтіп, есіктегі жарықтың тура түсуіне, картинаның әдемі шығуына байланысты екі кісі екі жаққа жарылып отырды. «Айтқаныңыз жөн, бірақ соны қазір кім біліп жатыр?» деді әлгі жігіт. Рас-ау оны кім біліп жатыр?.. «Онда тұрған не бар?» деді енді бірі. Опаратор жігіт шеберлікпен біліндірмей жіберді, картина да әдемі шықты. Мәселе онда емес, жалпы біз қазір бұрынғымызға осылай қарайтын жұрт екенбіз.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ