Мақсат ӘЛІМОВ, Алматы облыстық ІІД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі:
Ішкі істер органының аса маңызды құрылымдарының бірі, ол – қылмыстық іздестіру қызметі. Қылмыстың ашылуына, қылмыскерлерді құрықтауда жедел әрекет ететін қылмысты іздестіру саласының қызметкерлері, оның ішінде жедел уәкілдердің жұмыстары қиын да күрделі. Осыдан болса керек, сонау 1918 жылдан бері қылмыстық іздестіру күні арнайы бекітіліп, полицейлер арасында мерекеленіп келеді. Құқық қорғау саласында жүргізілген соңғы реформаларға байланысты кезінде Криминалдық полиция комитетінің қарамағында болған қылмысты іздестіру қызметі енді Тергеу комитетіне қосылып отыр. Ішкі істер органының алтын діңгегі саналатын қылмыстық іздестіру қызметінің құрылғанына биыл 93 жыл толуына орай біз Алматы облыстық ІІД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мақсат Әлімовпен аз-кем сұхбаттасқан едік.
Қазақстанның қылмыстық іздестіру қызметіне 93 жыл толды
– Мақсат Қуанышұлы, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Жалпы, қылмысты іздестіру күнін сіздер қалай атап өтесіздер, бұл күні із кесушілерге арнайы марапат, сый көрсетіле ме?
– Әрине, бұл күнді біз ерекше атап өтеміз. Себебі қылмыстық іздестіру қызметі қоғамға енген күннен бастап ішкі істер органының ең бір жауапты саласы болып саналады. Оған қылмысты іздестіру бөлімшелерінде қылмыскерлерді ұстауда өз өмірін тәуекелге тігетін ержүрек әрі жоғары кәсіби білікті қызметкерлердің қосып келе жатқан еңбегі зор. Бұл күні біз қылмыспен күресте ерекше көзге түскен полицейлерге Отан алдындағы мінсіз қызметі үшін төсбелгілер, мақтау қағаздарымен марапаттап, осы саланың ардагерлеріне түрлі сый-сияпаттар табыс етеміз. Сондай-ақ қылмыскерлермен күрес жолында қызмет бабында қаза болған полицейлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, еске алу рәсімін өткіземіз.
Жалпы, із кесушілердің жұмысының өз ерекшелігі бар. Олар әдетте кезекшіліктегі бір тәулікте жедел-тергеу топтың құрамында оқиға болған ондаған жерге барып, әрбір оқиғаны мұқият зерделейді. Үй шатырлары, жертөлелер мен қоқыстарды тексеріп, қандай да бір ілік табу үшін ондаған куәгерден жауап алып, шеті-шегі жоқ хаттамалар мен анықтамалар толтырады. Оған қоса, олар жәбірленушімен, куәгермен және қылмыскермен сұхбаттасу тетігін табу үшін психолог болулары шарт. Қалай десек те, қылмыстық іздестіру қызметі – ең жауапты іс, қылмыс әлемімен ұдайы бетпе-бет келетін қауіпті мамандық. Сондықтан кәсіби мереке қарсаңында қылмыстық іздестіру қызметінің барлық ардагерлері мен қызметкерлеріне жанкешті жұмыстары үшін, олардың отбасыларына түсіністігі мен төзімділігі үшін алғыс айтқым келеді. Бұл салада атқаратын іс өте көп, ал келешекте біз жұдырықтай жұмыла отырып, бірлесе қызмет атқара береміз деген сенімдемін. Олардың іргелі істеріне тек сәттілік тілеймін.
– Құқық қорғаушылар арасында «қамаймын» деп қорқытып-үркіту, кейбір арыз-шағымды тіркемей, әуреге түсіру секілді жайттар кездесіп жатады. Тіпті кейде погон таққандар дөрекі сөйлеп, күдікті ретінде қамауға алынғандарды ұрып-соғады дегенді де жиі естиміз. Осындай келеңсіздіктерді жою үшін не істеу керек, қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Қазір ұрып-соғып мойындатудың уақыты өтіп кеткен. Себебі күдіктіні қорқытып-үркіту арқылы сотқа жібере алмайсың. Тіпті нақты дәлелдемелер болмаса, сот істі қарамайды да. Оның үстіне, күдікті деп танылғандарды үш сағаттан артық ұстай алмаймыз. Прокуратура өкілдері үнемі тексеріп тұрады. Мәселен, жақында ғана такси жүргізушісін өлтірген қылмыскерлер қолға түсті. Олар 57 жастағы такси жүргізушісін пышақтап өлтіріп, мәйітін Қапшағай қаласының жағажай аумағына тастап, «Мицубиси-галант» маркалы көлігін ұрлап кеткен. Бұл қылмысты біз үш күн ішінде аштық. Қылмыскерлер өз кінәсін толық мойындағанымен, ұрланған көлікті тапқанша қанша күн уақытымыз кетті. Көлік Қарасай ауданының Каменка кентіндегі үйлердің бірінің ауласынан табылды. Көрдіңіз бе, күдікті өз ісін мойындағанымен, нақты дәлелдемелер болмаса, істі сотқа өткізе алмаймыз. Сондықтан қорқытып-үркітіп, ұрып-соғып мойындатудың заманы әлдеқашан өтіп кеткен.
– Кейбір құқық қорғаушылардың айтуынша, орын алған қылмыстық оқиғаларға байланысты куә тарту өте қиын екен. Ертеңгі күні полицейлер қайта-қайта шақырып, мазаны алады деп ешкім куә болғысы келмейтін көрінеді. Мүмкін, осындай келеңсіздіктер болмас үшін қылмысты іздестіру қызметкерлері куәгерді ары-бері сабылтпай, өздері іздеп баруы керек шығар?
– Әрине, егер қылмыс күндізгі уақытта орын алатын болса, оған байланысты куә табу қиынға соқтырмайды. Бірақ кейде қылмыстар таңғы төрт-бестерде орын алып жатады. Таң атпай тұрып куә бол деп көршілерді оята алмайсыз. Сондықтан мұндай уақытта қылмыс болған жерді лентамен қоршап, күзетіп отырамыз. Жасыратыны жоқ, көбі куә болғысы келмейді. Тіпті кейбіреулер алғашында куә болуға түсінік бергенімен, кейін сотқа келмей қояды. Қылмыстық іздестіру қызметі куәгерді қайта-қайта шақыратыны рас. Себебі бізде қауіпті қылмыскерлер арнайы тіркеуге алынған, егер оқиға орнында қылмыскерді көрген куәгер болса, бірінші солардың бейнесін көрсетеміз. Егер олардың арасында жоқ болса, онда суретшіні шақырып, фоторобот жасатамыз. Кейде осындай уақыттарда куәгерді жұмысынан алып келетін кездер де болады. Әрине, олар да қайта-қайта келіп шаршайды. Бірақ біздің жұмысымыз сол ғой. Бұл жерде біз куәгерді кел деп шақыртпаймыз, өзіміз іздеп барамыз. Өз көлігімізбен алып келіп, қайтадан апарып тастаймыз. Оқиғаның қалай болғанын сұрап-білу үшін кейде түскі асын да әперіп жатамыз. Әрине, ауылды жерде куәгерге «келіп кетіңізші» десеңіз, келетін шығар, бірақ қалалы жерде куәгерді өзіңіз алып келмесіңіз, ешкім келмейді.
– Қазір ішкі істер органдарында қызмет ететіндердің басым көпшілігі – жастар. Олардың кәсіби біліктілігі қаншалықты деңгейде? Өйткені әр қылмыс әртүрлі жағдайда, әрқалай болады. Қылмысты ашу үшін әртүрлі әдістер қолдану қажет. Міне, осындай қылмыстарды ашуда жас қызметкерлеріңіз қиындықтарға тап болмай ма?
– Әрине, ішкі істер саласына қызмет істеуге келген жастардың көбі біздің жұмысымызға тез сіңісіп, үйреніп кетеді. Арасында сіңісе алмайтындары да бар. Алайда біз оларды бірден қылмысты ашуға жібере алмаймыз. Ең бірінші жастарға қылмыстың әдіс-тәсілін, қыр-сырын үйрету үшін тәжірибелі жетекші тағайындаймыз. Олар жастарға қылмысты ашудың түрлі әдістерін үйретеді. Кейін келе-келе олар да өз ісінің білікті маманы болып шығады.