Құс жолында кедергі бар ма
Құс жолының үстінде милиардтаған жұлдыз шоғырланса, астында алтын, күміс, рений, осмий секілді минералдар жатыр, деп хабарлайды Хабар24.
Екі ортадағы қуатты өріс - құс жолы. Қаз-үйрек, аққу-тырна жылы жаққа осы ауа ағысы арқылы жылдам әрі жеңіл ұшып жетеді-мыс. Құс атаулыға осы жол бағыт сілтейді. Бірақ аспанда қалықтап ұшқан құстың нақты санын есептеу оңай емес.
Азаматхан Әміртай, эколог: – Мысалы, Қорғалжын қорында 300-ге жуық құстың түрі бар. Экологиялық өзгерістен, өзен-көл азайғандықтан аз келіп жатыр. Содан кейін мұнай саласы, газдан кейін құрам өзгеріп, Каспий, Атырау жақта үлкен өзгеріс бар, жетіспеушілік бар.
Лаура Мәлікова, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы: – Орталық Азияда – жердің тозуы, қуаңшылық өзекті мәселенің бірі. Бұл мәселе – Орталық Азия елдері әрқайсысы өзіне су қоймасын салып алып, судың көп бөлінуін өзінің территориясында қалдырудан басталған мәселе. Содан кейін климаттың өзгеруі. Ал климаттың өзгеруі құстардың ұшу бағытының өзгеруіне әсер етіп жатыр. Осы құстардың миграция маршруттарын қарап отыратын дүниежүзілік ұйымдар да бар. Байқағанымыздай, ұшу уақыты кешігіп жатыр, жаңа нүктелер пайда болды. Жалпы климаттың өзгеруі бүкіл қоршаған ортаға әсер етіп жатыр.
Экологтар құстардың жайына алаңдағанмен, мамандар жағдайдың бақылауда екенін айтады. Әрине, бірнеше шекараны кесіп өтетін қанаттылардың ауру тарату жағынан қауіпті екенін ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен ұшқан құс үнемі бір жолмен жүре бермеуі де мүмкін.
Орнитологтардың айтуынша, кейде қанаттылардың қоныс аударуында, бағыт-бағдарында ауытқулар болып тұрады. Бұл қалыпты жағдай.
Олжабек Холов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы: – Құстар қыстыгүні жылы жаққа ұшып, жазда қайта ұшып келеді ғой. Еліміздің Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарының және СҚО төңірегінде құстардың миграциялық жолдары бар. Ауа райына байланысты өздерінің жолдарын таңдап отырады. Тұрақты түрде өтіп отыратын түрлері де, үнемі бір бағытпен жүретін жол да жоқ.
Ұшқан құстың бағыт-бағдары, амандығы бақыланып отырады. Ол үшін арнайы торға түскен жабайы құсты зерттеп, сақина салып, қайта босатады. Қазіргі уақытқа дейін елде қанаттылардың 395 түріне, яғни 2 жарым миллион құсқа сақина салынған. Осы сақина арқылы құстар әлемін зерттей аламыз.
Сырымгүл Зарипова, ҚР БҒМ «Зоология институты» бөлімінің ғылыми қызметкері: — Бүгінгі таңда Қазақстанда 395 түрдің 2 млн 500 мыңға жуық дарасы сақиналанып, 203 құс түрінен 11 298 сақина қайтарылды. Суда тіршілік ететін құстар қоқиқыз, құмсалғыштар, пеликандар, қаздар мен үйректер сулы, батпақты жерлерге қоныс аударады. Олар Арал теңізі мен Торғайдың төменгі ағысы арқылы өтеді. Сондай-ақ Орал алқабы мен Каспий теңізі арқылы қоныс аударады. Ол жерден қыста Иран мен Пәкістанға ұшады. Тағы бір бағыты – бұл Қорғалжын мен Балқаш, Ыстықкөл көлі жүйесінен Алакөл арқылы өтеді. Әрі қарай Үндістанға жол тартады.
Мамандардың айтуынша, құс атаулының санында жыл сайын өзгеріс болып тұрады. Оның себебі табиғат апаты, ауру-сырқау, жыртқыштарға жем болу, аңшылардың әрекеті сынды факторлар. Бірақ биыл құстарға табиғаттан, яғни қуаңшылықтан қауіп төне қоймаған. Өйткені солтүстік өңірлерде құрғақшылық болған жоқ. Сол себепті саны азайды деуге келмейді. Керісінше, көбейе түскен.
Олжабек Холов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы: – Жылда құстар саны өзгеріп отырады. Негізі ұдайы өсуде. Ел аумағында 400-ден астам құс түрі мекендейді. Оның ішінде аңшылық объектісі болып табылатын 59 түрі бар. Құстар сулы жерлерде мекендегендіктен, оларға қуаңшылық әсер еткен жоқ.
Елде жаздыгүні құс санының аз болмайтынын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің есебінен де байқауға болады. Қаз 5 миллион, ал үйрек тіпті 10 миллионға жуықтайды. Қасқалдақ 2 миллионнан асса, құмсалғыш 2 миллионға таяу. Сонымен қатар сар даладан 600 мыңнан аса кекілік, 360 мыңдай бөдене, 34 мыңның шамасында қырғауылды көруге болады.
Тізе берсеңіз, құс көп. Тек айдынымыз суалмай, көкорай белдеріміз жайқалып тұра берсе дейсіз. Қарашада бұлтқа ілесіп кеткен қаз-үйрек, аққу-тырна көктемде оралады. Өйткені құс ұясын біздің өңірге салады. Осы өлкеде аяқтанып, осы кең далада қанаттанады. Миллиондаған құстың туған жері де осы сары дала.
Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Ержан Қанапияұлы, Жандос Сұлтанқызы