Құрылыстың құтын қашырып тұрған себептер
Төбесі ойылып түсетін, шатыры желге ұшатын, біте сала сыртқы сылағы құлайтын, пайдалануға берілген соң да, берілмей жатып та жермен жексен болып қирайтын тұрғын үйлер, көпірлер мен өзге де құрылыс нысандарын тізбектей беруге болады. Тіпті бүгінді құрылыс пен қирау синоним сөздерге айналғандай. Сонда біздегі құрылыстардың сапасыз болуының сыры неде?
Мамандардың айтуынша, сапасыз құрылыстың басты себебі – тендердегі жемқорлық пен біліксіз құрылысшылар және бақылаудың болмауы. Құрылыстың сапасына тендердің қатысы не дерсіз? Айтайық. Мамандардың пайымдауынша, тендерді ұтып алу үшін тиісті кісіге тиісті «сыйақысын» беру керек. Ол бірнеше нөлдерден тұратын сома, тендерге бөлінген жалпы соманың белгілі бір пайызы. Яғни, құрылыс нысанын тұрғызуға бөлінген ақша қажетті мөлшерден азайды. Енді сол қалған ақшадан құрылыс компаниясы пайда көруі керек. Демек құрылысқа жұмсалатын қаржы тағы да қысқарады. Ал сол шығынды жабу үшін құрылыс компаниялары арзан материалдар сатып алады. Білетіндердің айтуына қарағанда жуан арматураның орнына жіңішке арматура пайдаланатындар да бар деседі. Сондай-ақ, бұрын қолданыста болған арматураларды да пайдалану жағдайлары да болып тұратын көрінеді. Басты талап - бағасы арзан болуы тиіс.
Құрылыс саласы мамандарының айтуынша, сапасыз құрылыстың тағы бір себебі – біліксіз мамандар. Ақша үнемдеуді көздеген құрылыс компаниялары құрылыс жұмыстарына арзанқол жұмыс күшін тартады. Бүгінгі таңда құрылыс алаңдарында жұмыс істеп жүргендердің басым көпшілігі аймақтардан нәпақа іздеп келген, ешқандай мамандығы жоқ өз азаматтарымыз бен гастарбайтерлер. Ал құрылыс нормалары мен ережелерін олар түсінде де көрмегені анық. Сондай-ақ, олармен заңды түрде еңбек шарты да жасалмайды. Олар ауызекі келісіммен жұмыс істейді. Яғни, олардың зейнетақы қорына да ақша аударылмайды, олар салық та төлемейді.
Ал шет елдерде лицензиясы жоқ жұмысшылар жұмысқа қабылданбайды екен. Шет елді айтпағанда, ондай талап Кеңес үкіметі кезінде де болған. Ол кездерде құрылыс техникумдары мен арнайы учищелерде құрылысшы мамандарды даярлайтын. Қолыңда құрылыс маманы екенін растайтын куәлік болмаса, құрылыс маңын маңайлатпайтын.
Құрылыс нысандарының сапасыз болуының тағы бір себебі – бақылаудың нашарлығы. Тіпті бақылау жоқ деуге болады. Мамандардың айтуынша, бақылаудың болмауына жең ұшынан жалғасқан жемқорлық себеп. Құрылыстың барысын ұдайы бақылап отыруы тиіс мамандар құрылыс басына бір рет барса барады немесе тіпті бармайды да. Бақылауды кабинетте отырып жүзеге асырады. Бейнебақылау арқылы бақылай ма деп ойлап қалмаңыз. Бұл жерде бейнебақылаудың рөлін қалың конверт атқарады. Бақылаушылар конверттің қалыңдығына қарай құрылыстың сапасын анықтайды. Конверт қалың болса, онда құрылыс сапасы дұрыс болғаны, егер жұқалау болса, онда құрылыстың сапасын дұрыстап тексеру керек болады. Егер конверт тіптен қалың болса, онда бақылаущылар салынып жатқан нысан жобадан ауытқып кетіп жатса да жақ ашпайды. Құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін құрылыс нысандарын қабылдайтын комиссия да сол жүйемен жұмыс істейді. Оның нәтижесі мен салдарын бүгін бәріміз де көріп отырмыз.
Нұрболат Айекешев, әлеуметтанушы:
- Қазіргі салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасыз екенін елдің бәрі біледі. Тендерді кімнің, қалай ұтып алатыны жайлы үнемі айтылып жүр. Жұмысшылардың да басым бөлігі мигранттар немесе өзіміздің мамандығы жоқ азаматтар. Таяуда бір танысымыз «Қолжетімді баспана 2020» бойынша пәтер алды. Үйдің сырт есігінде құлып жоқ. Үш құлыптың орнына бір құлып салған. Ал ана есікке келетін құлып табу мүмкін болмай шықты. Болмаған соң тесікті уақытша жауып қойыпты. Ал ішкі есіктердің тұтқалары жоқ. Жақтаулар ажырап жатыр. Қытайдың пластикалық терезесі сынып тұр. Қабырғалардың сылағы да қалай болса, солай. Құрылыс компаниясының өкілі «кемшілікті жазып беріңіздер түзетеміз» деп екі ай алдап жүріпті. Олардікі бос сөз екенін ұққан соң өздері жөндеу жұмыстарын жүргізді. Міне біздегі жағдай осылай.
Расымен де бізде осылай. Осылай бола да беретін секілді. Өйткені, сапасыз құрылыс үшін біреу -міреу жауапқа тартылу керек болса, төменгі буындағы бір кіші басшы «құрбандыққа шалынады». Ал құрылыс компаниясы жұмысын сол баяғы қалыппен жалғастыра береді.
Қалдар Көмекбаев