Қожамжаров: мемлекеттік қызметте орамал тағу қарастырылмаған
Қазақстандағы өзекті сұрақтардың бірі "Орамал тағу мемлекеттік қызмет атқаруға кедергі келтіре ме?" әр түрлі диалогтік алаңдарда, тіпті қарапайым халық арасында да талқыланып жүр. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Қайрат Қожамжаров бұл сұраққа толыққанды жауап берді.
Тоғыз жылдан астам мемлекеттік қызметте болған әйел адам Қожамжаровқа жұмыс уақытында орамал тағуға бола ма деген сұрақ қойды. Бұл сұрақты оқып шыққан агенттік басшысы хабарлағандай, мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан көрсетілген айрықша сенімнің белгісі, сол себепті қызметкерлердің моралді-этикалық келбетіне жоғары талаптар қойылады. "Этикалық кодекске сәйкес мемлекеттік қызметкердің сырт келбеті қызметтік міндеттілігін орындау барысында мемлекеттік аппарат абыройын нығайтуға септігін тигізіп, жалпыға ортақ іскерлік стилге сай болуы тиіс. Бұдан бөлек агенттік мемлекеттік қызметкерлердің киіміне қатысты негізгі талаптар бойынша нұсқаулар құрастырған, онда бас киім ретінде орамал тағу қарастырылмаған", — делінген Қайрат Қожамжаровтың электронды үкімет сайтында берген жауабында.