Өткен жылы күзде оңтүстік астанада ашылған Риксос Алматының сән-салтанаты ерекше екеніне дау жоқ.
Құрылыстың қияметі
Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы Асқар Алмабекұлы Тұтубаев ең алдымен кез келген ғимараттың сейсмикалық беріктігіне ерекше маңыз берілетінін айтады.
Ал іші-сыртын әрлеу материалдары, едені, есік-терезесі және т.б. жұмыс барысында өзгеруі мүмкін. Әу баста жоба мемлекеттік сараптамадан өтеді. Жобаға Қазақ сейсмикалық төзімді құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты да бақылау жасайды. Жалпы, құрылыс кезінде бақылаудың бірнеше түрі жүреді. Ең алдымен, бұл – авторлық бақылау. Ғимарат жобасын дайындаушы (автор) қандай да бір ауытқушылықтың болмауын қадағалайды. Әрине, бұл жай ғана «келді, қарады, кетті» деген сөз емес. Бақылау тұрақты түрде жүргізіледі және барлық ескертулер арнайы құжатта көрсетіледі. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін сол ескертулердің орындалғанын қадағалайды. Егер мердігер оларды орындамаса, авторлық бақылаудың құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтату жөнінде ұсыныс білдіруге құқығы бар. Ол үшін Қалалық сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жазады. Бұл – тексерудің бірінші түрі. Екіншісі – техникалық бақылау. Құрылыс басында күні-түні жүретін басты бақылаудың бірі.Үшінші бақылау – Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мекемесінің (ауызекі тілде – ГАСК) құзырында. Алайда осы мекеме құрылысты күн сайын тексереді деген сөз емес. Оған қажеттілік те жоқ әрі «Кәсіпкерлік туралы» заңға да қайшы. Себебі барлық тексеру прокуратурада тіркелуі тиіс. Сондықтан нысанда аптасына бір рет міндетті түрде болып қайтады. Өндіріс жұмыстары журналында (бұл да – құрылыс кезеңіндегі басты құжаттың бірі) барлық ескертулер жазылып, олардың жойылғаны жайында белгі қойылып отырады.
Құрылыс біткен соң тапсырыс беруші жұмыс комиссиясын құруы тиіс. Қаржы инвестордың қалтасынан шыққан соң, солай болуы қажет. Бұл заңда қарастырылған, Үкімет қаулысында көрсетілген. Жұмыс комиссиясына жобаға қатысушылардың бәрі енгізіледі. Олар – тапсырыс берушінің өзі, мердігер, электр қуаты, су жүйесімен қамтасыз етушілер. Жұмыс комиссиясының құрамына мемлекеттік мекемелердің атынан СЭС және Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы ғана енеді. Жұмысшы комиссиясы нысанды құрылыс аяқталар шақта құрады. Осы кезде бірқатар кемшіліктердің табылуы заңды. Одан шошудың қажеті жоқ, яғни қалыпты құбылыс. «Мәселен, ательеге костюм тіккізгенде, оны өлшеп көрген соң, бірден киіп кетпейсіз, екі-үш рет жөндеген соң барып киесіз ғой. Құрылыста да солай», – дейді Асқар Алмабекұлы. Барлық ескертулер жұмыс комиссиясының актісінде жазылады. Осы ескертпелер негізінде арнайы протокол қабылданып, ол тапсырыс берушінің қолына ұстатылады. Тағы да ескертулер болса, олар Мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының араласуынсыз-ақ орындалады.
Сонымен, мемлекеттік органдардың ескертулері орындалмаса, мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісіне қол қойылмайды. Ғимарат пайдалануға берілгенге дейін әлгіндей кемшіліктер жойылуы қажет. Содан кейін қабылдау комиссиясының мүшелері (бас-аяғы 18 адам) өз қолдарын қояды. Барлық қол мен мөр жиналғаннан кейін мемлекеттік қабылдау комиссиясы төрағасының алдына жиналып, әр нысан бойынша талқылау жүреді. Егер комиссия мүшелері «бәрі дұрыс» деп шешсе, онда комиссия төрағасы өз қолын қояды. Алматыда осы комиссияның төрағасы қызметін қала әкімінің орынбасары Виктор Долженков атқарады.
Өрт мекемесі өте сақ
Қауіпсіздік жөнінде сөз қозғағанда, ғимаратты өрттен сақтау шараларын білу маңызды. Әңгіме Риксос жайында болғандықтан, біз Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Сергей Дыриннің пікірін сұрадық. Оның айтуынша, өрт сөндіру мекемесі қол қоймаса, нысанның пайдалануға берілуі мүмкін емес.
Кеңес дәуірінде еліміздегі құрылыс нысандары бір-бірінен айнымаушы еді. Мәселен, Алматыдағы «Ақсай» шағын ауданында 5 және 9 қабатты тұрғын үйлер егіз қозыдай ұқсас. Ол кезде кейбір инфрақұрылым нысандарынан басқаларына құрылыс ережесі мен нормалары бірдей болатын. Қазір бізде де, шетелде де ондай жоқ. Әрбір салынып жатқан нысан өзінше бөлек, ерекше. Бір-бірін қайталайтын ғимаратты қазір Алматы тұрмақ, бүкіл Қазақстаннан табу қиын шығар. Бұл мейманханаға да қатысты. Сондықтан Риксос сияқты ғимарат салынғанда, арнайы техникалық ережелер әзірленеді. Тапсырыс беруші құрылысты бастамас бұрын нысанның қауіпсіздік ережелеріне сәйкес келетін бірқатар құжатты талқылайды. Қазір өрт қауіпсіздігінің бұрынғы ережелері өзгерген, яғни қатып қалған ештеңе жоқ. Әрі қонақүйдің өз мәртебесіне сай болуы үшін ерекше ережелері болады. Мәселен, сервис тұрғысынан келгенде, еденге не болса соны төсей алмайсыз. Бастапқыда әлемдік стандартпен қонақүйлер салына бастағанда, біршама кедергілер шыққан көрінеді. Түріктер «сіздердің қауіпсіздік ережелеріңіз басқа екен, ал біздің өмірлік тәжірибе мынадай» деп айтқан екен. Сондықтан осындай түйткілдерді есепке алып, ортақ жол іздеуге тура келеді. «Мынадай ғимарат бар, оған қолданылатын ереже мынадай» деген оқулық жоқ қазір. Сол себепті де сарапшы комиссия жұмыс істейді. Бұл арада мынаны да ескеру керек: ғимарат ішінде әр дәлізге, әр қуысқа т.с.с. бір ережені қолдануға болмайды. Риксостың өзі – айрықша нысан. Ондай ғимарат құрылысын бастамас бұрын техникалық шарттар дайындалады, кеңес шақырылып, талқыланады. Осы мәселені жан-жақты қарастырып, талқылау үшін оған ғылыми қызметкерлер, өрт мекемесі өкілдері, жобалаушылар кіреді. Бұл – бұрыннан келе жатқан дәстүр.
Сонымен, ғимараттың қабырғасы тұрғызылып, ашылу салтанатына дейін жүріп өтетін жол осындай. Риксос Алматы құрылысы да сол ережеге сай жүргізілді. Қаланың сәнін келтіретін қонақүйдің қауіпсіздігіне мамандар да шек келтіріп отырған жоқ.
Сергей Хван, Риксос Алматы қожайын-компания директоры:
«Әрине, жұмысшы комиссияның бірталай кемшіліктерді табуы – заңды құбылыс. Мәселен, Риксостың құрылысы аяқталған соң, өрт сөндірушілердің бізге деген бірқатар ескертуі болды. Осы орайда тапсырыс берушінің де мердігерге арналған ескертулері болғанын айтқым келеді. Бұл – құрылыс нормалары және ережелерімен бекітілген үйреншікті процедура. Бұл – заң. Себебі құрылыстың ойдағыдай аяқталуы біз үшін маңызды. Міне, мынау Мемлекеттік актіге дейінгі құжат – Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының Сарапшы кеңесінің қорытындысы. Мұнда жұмысшы комиссия көрсеткен кемшіліктердің түгелдей түзетілгені жөнінде тайға таңба басқандай жазылған.
Кім не деді?
Асқар Тұтубаев, Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы:
– «Риксоста өрт немесе басқа төтенше жағдай бола қалса, ең әуелі қонақүй иелерінің қиын жағдайға қалатынын ескерген жөн. Сондықтан олар қандай да бір олқылықты жасыруға мүдделі емес. Беделі мен бизнесіне нұқсан келетінін жақсы біледі. Сондықтан тапсырыс беруші өзі үшін, компания имиджі үшін кемшіліктерден арылуға тырысады. Мәселен, кейде шағын хаттың өзін 5-6 рет түзетуге тура келеді. Ал бұл жерде әңгіме үлкен ғимарат жайлы. Аумағы – 46 шаршы метр, қазіргі заманға лайық, әлемдік стандартқа сай әсем мейманханаға дәл қазір қалада тең келетін ғимарат жоқ десе де болады. Өзгесін айтпағанда, асүйі ең соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда техникалық регламент талабына сай қауіпсіз шыны орнатылған. Ол қандай шыны? Мына терезедегі жай шыны алда-жалда жер сілкіну немесе жарылыс бола қалса, күл-парша боп сыртқа шашылады. Өтіп бара жатқандарды жаралайды. Ал Риксостың төбесіне қарасаңыз, аппақ әйнек. Осы әйнек сына қалса, кесек-кесек емес, майда болып шашылады. Демек, ауыр жарақат әкелмейді. Оған қоса қуат үнемдейтін қасиеті бар. Жазда күн сәулесінен қорғаныш, қыста суықтан сақтайды. Жалпы, Алматыда тұрғызылып жатқан барлық нысандарға қазір заманауи құрылыс материалдары қолданылады».
Сергей Дырин, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:
– «Риксос мейманханасында өрт қауіпсіздігіне байланысты кемшіліктер түгелдей түзетілді. Барлық құжат пакеттері (лифтілердің , құрал-жабдықтардың, әрлеу материалдарының өрт қауіпсіздігі туралы сертификаттары сияқты) бізге көрсетілді. Жалпы, Риксос сияқты мейманхананың құрылысы қалай болса солай жүргізіле салмайтыны анық. Бұл мейманхана беделіне нұқсан келтірмеу үшін керек. Бедел құнына келгенде, саудаласуға болмайды. Дегенмен өрт шығу қаупінен еш кепілдік болмайтынын да есте сақтаған жөн. Біз сөздің жақсы мағынасында бизнеске көмектесуіміз керек. Қауіпсіздік мәселесі бизнес мүддесіне жұмыс істеуі тиіс. Ал біздің міндетіміз – төтенше жағдайдың алдын алу. Өйткені жауапкершілік алдымен біздің мойнымызға түседі. Ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін де бақылаудан тыс қалмайтынын баса айтқым келеді. Өйткені қожайын өз бетінше ғимарат ішінде өзгерістер жүргізуі мүмкін ғой. Сондықтан біз жылына бір рет тексеріп отырамыз. Жалпы, нысан жер бетінде тұрған мерзім бойы біз оның өрт қауіпсіздігіне жауап береміз. Әсіресе, көп адам жиналатын мейманхана сияқты ғимараттардың өрт қауіпсіздігін сақтау – біздің міндетіміз. Өмірге келген сәбидей біз оны әлпештеп, қауіп-қатерден сақтауға міндеттіміз. Бұл Риксосқа да қатысты».