Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Арман Айтмағаметов БАҚ өкілдеріне қоғамдық орында түкіру мәселесі заңмен қалай реттелгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«17 қыркүйекте қалалық мәслихат депутаттары қоғамдық орында түкіргені үшін қолданылатын әкімшілік жауапкершілікті күшейту туралы мәселе көтерген болатын. Оның ішінде көлікте кетіп бара жатып түкірушілерге де шараны күшейту ұсынылған. Қоғамдық тәртіпті бұзудың аталған түрі үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 434-бабының 2-қосымшасы бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш (15 900 теңге - ред.) айыппұл көзделген. Аталған әрекет қайталанса, айыппұл екі есе артады, яғни 31 800 теңге арқалайды. Хабарлама алғаннан кейін 7 күннің ішінде айыппұл төленсе, сомасы 50 пайыз қысқарады. Бұл бап Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске 2019 жылдың аяғында енгізілген болатын. Алайда, қоғамдық орында түкіргені үшін жаза қолдану тәжірибесі оған дейін де болған», - деді департамент өкілі.
Сондай-ақ, қоғамдық орында тек урнаға түкіруге болатынын еске салды.
«Қоғамдық орындардағы урналар осындай сәттер үшін арналған. Урнаға түкіру – тәртіп бұзу болып саналмайды. «Урнаға түкірген едім, қиыс кетіп қалды» деп ақталатындар болуы мүмкін. Заңда «нөлдік төзбеушілік» деген ұғым бар. «Қиыс кетті», «дәл түсті» деп сөзбұйдаға салу – құқыққа томпақ. Сондықтан, урнадан тыс түкірудің бәрі заңды бұзу болып есептеледі. Сәйкесінше айыппұл салынады», - деп жауап берді басқарма бастығы.
БАҚ өкілдері қоғамдық орында жүрегі айнып, құсуға мәжбүр болған адамдар жақыннан урна табылмаса не істейтінін сұрады.
«Жүрек айнып құсу, түкіру емес қой. Адам қасақана құспайды. Сондықтан, адам факторын, ондай жайттарды сол кезде қарастырамыз. Жекелеген жағдайлар бар екенін түсінеміз. Бірақ, ондай жағдайдың өзінде әркім өзі былғаған жерді тазалап кетіп отыруы керек», - деді Арман Айтмағаметов.