Қоғамдық көлікте жолақы төлемеген жолаушыларға 4 538 теңге айыппұл салынады
Астанада қалалық көліктік бақылау қызметінің жұмысы күшейтілді, бұл шара тасымалдаушылар және автокөлік тасымалымен айналысатын басқа да субъектілер көрсететін қызметтердің сапасын бақылауға, көлік саласында наразылық-шағым қызметін жүргізуге бағытталған, деп хабарлайды BNews.kz.
"Көліктік бақылау қызметі қызметкерлерінің функционалдық міндеттеріне тасымалдаушыларды күнделікті негізде олар елордалық автобус парктерінен сенімхаттар алған сәттен бастап тексеру, бағдарларда билетсіз жолаушыларды анықтау, жолаушылардан кондукторға жолақысын немесе қол жүгі үшін төлем жасауды талап етуге дейін кіреді",-деп хабарлады astana.gov.kz.
Сонымен бірге, билетсіз жолаушыларды анықтау үшін аталған қызметтік қызметкерлері қалалық автобустарға мініп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын бұзу деректерін анықтау мақсатында тексеру жүргізеді.
Осы ретте ҚР ӘҚБК сәйкес, бұзушыларға қоғамдық тәртіпте жолақы төлемегені үшін екі АЕК көлемінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған (ҚР ӘҚБК 622 бабының 2 тармағы).
Аталған норма бойынша айыппұл салу ҚР ӘҚБК 685 бабының 1 тармағына сәйкес ҚР ішкі істер органдарының құзырына жатады.
Еске салсақ, 2002 жылдың мамырында «Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы» ММ жанынан бақылау-желілік қызметі құрылды, оның жұмысына бағдарлық көлік құралдарының санитарлық және техникалық жағдайын тексеру, сондай-ақ, Басқарма мен елорданың автобус парктерінің арасындағы келісімшарттық қатынастарды тексеру жатады.
Алайда бөлім 2015 жылдың қарашасында қайта құрылып, елорданың көлік кешенін дамытудың қысқа мерзімді жоспары шеңберінде және халықаралық сарапшылардың ұсынысы негізінде елордада Астана LRT компаниясының филиалы болып табылатын «Астана қаласының көліктік бақылау қызметі» құрылды.