Қазақтың жусанға деген сағынышы жоғалып барады
Қазақтың қара баласы жусан дегенде ерекше сезімге бөленеді емес пе? Қарасирақ кезімізден жусан иісін иіскеп өскеннен бе, ауыл жайлы әңгіме қозғалғанда алдымен өсімдіктің осы түрі еске түседі де тұрады. Ұлан-байтақ даламыздың қай қиырына барсақ та, оны кездестіреміз. Жусан арғы-бергі қиыры атты адамға айшылық алыс жол болатын кең-байтақ жеріміздің сәнін кіргізіп тұрған секілді көрінеді бізге. Бүйрегіміз бұрып тұратыны да сондықтан да шығар, бәлкім. Қалам иелерінің қиялынан туған ауыл тақырыбы таразыға тартылған шығармасында жусан өсімдігі міндетті түрде сөз етіледі. Белгілі жазушы Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» туындысы біздің бала кезімізде сүйіп оқитын шығармаға айналған еді. Әлі күнге дейін барлық буын өкілдері шырқап жүрген бірқатар әндерде иісі бұрқырап жататын жусан жайында айтылатын жолдар кездеседі. Құл боп барып, қайсар мінез, қабілет-дарынымен Мысыр елін әділдікпен билеген Бейбарыс сұлтан бабамыздың да сан жылдар бойы дала еркесі – жусанды аңсап өткені тарихтан мәлім-дүр. Қысқасы, қазақ үшін жусанның жөні бөлек деп айта аламыз. Біздің даламызда өсетін аталмыш өсімдік туралы толғана тілге тиек етуіміздің себебі де сонда. Алайда даламыздың сәніне айналған жусан жайында қаншалықты жақсы білеміз? Ол – дәрілік өсімдік. Сондай-ақ басқа да қасиеті аз емес. Өкініштісі, біз оны бағалай алмай жүрген секілдіміз.
Жусан – күрделігүлділер тұқымдасына жататын өсімдік. Бір және екі жыл өмір сүреді. Біздің елімізде 100-ге тарта түрі бар екен. Негізгілері ақ және қара жусан түрлері саналады. Одан да басқалары кең-байтақ даламыздың әр өңірінде кездеседі. Бұл өсімдік Жер шарының бірқатар аймақтарында да байқалады. Атап айтқанда, Еуразия, Африка және Солтүстік Америкада өседі. Мамандардың айтуынша, біздің елімізде өсетін жусанның 17 түрі сирек кездесетін түрге жатады. Оның ішінде дермене деген түрі дәрілік өсімдік ретінде бағаланады. Ол тек біздің жерімізге тән жусан түрі екен. Шырғалжын деген түрінің жапырағы мен сабағын жеуге болатын көрінеді. Сондай-ақ құм жусаны құмды тоқтатуға өз әсерін тигізеді.
Әлемнің бірқатар елдері жусанның әзірге аты аталмай жүрген бір түрінен дәрі шығаруға баса назар аударып отыр. Жусанның ол түрі негізінен біздің жерімізде молынан кездесетінге ұқсайды. Осы бағытта Қарағанды қаласында арнайы кәсіпорын жұмыс жасап жатыр. Дегенмен оның болашағы қандай? Әзірге белгісіз. Кәсіпорын ол үшін арнайы патент алған. Алайда олар құлашын кеңге жайып кете ала ма? Өйткені бізде көп жағдайда басын бастағанмен, аяғында сұйылып кететіні бар емес пе? Аталмыш дәрі қатерлі ісік ауруына қарсы қолданылмақ. Ендеше оның адамзат баласы үшін қажеті ерекше болатынын бағамдау қиынға соға қоймас. Әйтсе де, осындай бағалы байлықты біз қалай ұқсата аламыз? Қарапайым жусанның өзі жұмыр басты пенде үшін маңызы артып тұр. Біздің ғалымдар одан басқа да қажетті дүниені жасауға шамасы келе ме?
Бауыржан БЕКБАНОВ, Қызылорда қаласындағы №1 емхананың дәрігері:
– Ата-бабаларымыз жусанның қасиетін ертеден білген. Шөбі мен тамырының тұнбасын пайдаланған. Оның тәбет ашуға, асқазан, ішектің қызметін күшейтуге пайдалы әсері бар. Сондай-ақ оның құрамында инулин, эфир майы және басқа да қажетті дүниелер кездеседі. Елдің арасында демікпеге шалдыққан адамға қара жусанның сабағы мен жапырағының түтінін иіскететінін көрген едік. Сондықтан жусанның қасиетін әлі де тани түскеніміз артық емес.
Қазір ауылға барғанда жусанның сиреп бара жатқанын байқайсың. Біздің бала кезімізде оның көптігі сонша – дала төсі одан көрінбей жататын. Осы күні олардың қатары сиреп қалған. Неге? Бұл жайында мамандармен пікірлестік. Олар да бұл жағдайды байқап жүргенге ұқсайды.
Рас, кейбір жылдары жауын-шашынға байланысты жусан молырақ шығады. Бірақ баяғыдай емес. Бәрібір де бұрынғыдай болмай тұр. Әрине, табиғаттың тылсымына терең бойлау адам баласына оңай тимейді. Осы күнге дейін көптеген жан-жануар мен өсімдік түрлері құрып кетті, болмаса саны мүлдем азайды. Оған адамдардың өзі де әсер етеді. Дегенмен қоршаған ортаның құндылығын бағалай алмағандықтан да, кейде осындай жағдай орын алуы ықтимал. Мәселен, бұрынғы жылдарда Сыр өңірінде мыңнан астам көл болған екен. Олардың жағасында жайқалған өсімдік түрлері аз кездескен жоқ. Қазір аталмыш көлдердің оннан бір бөлігі ғана сақталған. Осының салдарынан жердің ылғалдылығы төмендеп кеткен екен.
Оразхан АЙДАРОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Бүгінгі таңдағы Сыр бойының экологиялық ахуалы баршаға белгілі. Арал теңізі тартылды, дария арнасында да бұрынғыдай ел-сел су жоқ. Бұрын дария жағасына жайылып жататын. Онда көптеген өсімдік түрі өсті. Жалпы, жусан еліміздің көптеген өңірінде кездеседі. Жол жүргенде байқағаным, қай жерде де болмасын, аталмыш өсімдік бұрынғыдай көп кездесе бермейді.