Қазақтың кемесі Қара теңізге шықты
Сүйінші! Қазақтың екі бірдей кемесі Қара теңізге шықты. Aframax үлгісіндегі су жаңа мұнай таситын танкерлеріне «Алатау» және «Алтай» деп ат қойылып отыр. Олар Қара және Жерорта теңіздері бойымен қатынап, Қазақстанның мұнайын Еуропаға тасымалдайды. Осыған орай, кеше, желтоқсанның 9-ы күні Грузияның Батуми портында аталған екі жүк кемесінің бірі – «Алтай» танкерінің тұсауы кесілді.
Қазақстан жеке мұнай дәлізін іске қосты
Бүгінде біз Батуми мұнай терминалына иелік етіп, осы портты толығымен басқарып келеміз. Енді екі ірі танкердің арқасында Қазақстан отандық мұнайды өз күшімен тасымалдап, транскавказдық дәлізді толығымен іске қосты деуге болады. Болашақта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» торабының негізгі желісі де осы Батуми порты арқылы өрбитін көрінеді. Ал бүгіннен бастап Қазақстанның жаңа танкерлері отандық мұнайды Еуропаға, дәл айтсақ, Румыниядағы РомПетрол груп мұнай өңдеу зауытына жеткізетін болады. Бүгінде ол зауытқа да Қазақстан иелік етіп отырғаны мәлім. Осылайша біздің мұнайымыз «Ақтау-Баку – Батуми-Констанца» бағытында тікелей мұнай өңдеу зауытына тасымалданбақ. Бұдан басқа, қазақстандық танкерлер ашық теңізге шығып, коммерциялық тапсырыстарды да орындай алады. Күні кеше ғана тұсауы кесілген «Алтай» танкері бүгін Новороссийск қаласында аялдайды. Ол жерде алғашқы мұнайды құйып алып, Румынияға бет алады.
Танкерлер әзірше үш портқа қызмет көрсетеді
«Алатау» және «Алтай» танкерлері «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша Оңтүстік Кореяның Samsung Heavy Industries кеме жасау зауытында құрастырылды. Жобаның жалпы құны – 100 млн АҚШ доллары. Бұл қаражат Uni Credit қаржы тобының мүшесі – АТФ банкіден займ ретінде алынып отыр. Әрбір кеме 100 мың тоннадан астам мұнайды көтере алады. Қара теңіз бен Жерорта теңіздері бойымен қатынайтын танкерлер Батуми, Новороссийск және Одесса порттары арқылы мұнай тасымалдаумен айналысатын болады деген жоспар бар. Негізі, «Алатау» және «Алтай» ай сайын 400 мың тоннадан аса қазақстандық мұнайды тасымалдай алады екен. Жалпы, «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниялар тобында 21 кеме бар. Оның 8-і – танкер. 2020 жылға дейін компания тағы төрт танкер сатып алып, өзінің тасымалдау қауқарын 1,5 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Нұртас ШМАНОВ, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мұнай тасымалдау бойынша басқарушы директоры, «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы:
– «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының стратегиялық іс-шаралары аясында әрі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауы арқасында бұл жұмыс қысқа ғана уақыттың ішінде атқарылды. Меніңше, бұл – үлкен істің тек басы ғана.
Себебі Қазақстан жерінде өндіріліп жатқан мұнайдың көлемі бізді одан да жоғары жетістіктерге жетелейді. Біз өз мұнайымызды өзіміз тасымалдайтын боламыз. Соңғы он жылда біз, көбінесе, Каспий теңізінде жұмыс істеп келдік. Енді бүгін – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында біз Қара теңізге шығып отырмыз. Біз үшін бұл – үлкен тарихи оқиға, ал қазақтың ұлттық флоты үшін – үлкен жетістік.
Қайыргелді ҚАБЫЛДИН, «ҚазТрансОйл» компаниясының бас директоры:
– Қазіргі кезде Қазақстан 80 млн тонна өндірсе, алдағы жылдары бұл көрсеткішті 140-150 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сол себепті мұнай тасымалдау желілерін дамыту да біздің стратегиялық міндеттеріміздің бірі болып саналады. Бүгінде біз Баку – Қара теңіз бағытындағы транскавказдық дәлізді барынша дамытып келеміз. Осыған орай Батуми мұнай терминалы және порттың активтері сатып алынды. Енді осы ірі танкерлердің арқасында Қазақстанның мұнайы әлемдік нарықтарға шыға алады.
Марат ОРМАНОВ, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық компаниясының бас директоры:
– Меніңше, бүгін Қазақстан әлемдік державалардың қатарына қосылды. Себебі кез келген мықты мемлекеттің теңізге шығатын жолы әрі сол теңіз арқылы жүргізетін бизнесі бар. Қара теңіз арқылы көлік дәлізін дамыту біз үшін аса маңызды. Негізі, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізін де біз Батуми портына бағыттайтын боламыз.
Алаш-анықтама
«Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз-кеме қатынасы компаниясы» АҚ-ы акцияларының 100%-ы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі. Компанияның құрамында екі еншілес кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олар – Kazmortransflot Ltd компаниясы және «Маңғыстау облысының кеме жөндеу зауыты» ЖШС-і. Біріншісі халықаралық теңіз тасымалына жауап беріп, Мэн аралына иелік етсе, екіншісі кемелерді жөндеу жұмыстарын атқарады. Зауыттың құрылтайшылары – Kyran Holdings Ltd. компаниясы (50%), «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» АҚ-cы (30%) және «Балықшы» ЖШС-і (20%). Жалпы, «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясы Қазақстанның бәсекеге қабілетті теңіз-сауда флотын құру және дамыту мақсатында құрылған болатын.