Қазақстанның «Қызыл кітабы» қалыңдап барады
Кезінде қазақ даласының сәніне айналған табиғат әлемі бүгінгі таңда көзге сұрықсыз көрінеді. Тұмса табиғаттың сәні де, мәні де жүгірген аң, ұшқан құс пен жасыл желек емес пе еді? Біз осындай құндылықтарды бағалай алмай, оларды мылтықтың шүріппесіне байлап, санын кемітіп жатырмыз. Қайсыбір жылдарда елдің арасында айтылатын «Жезкиік» әні адамдардың аяусыздығынан саны кеміп бара жатқан жануарды еріксіз көз алдыңа алып келер еді. Содан бері де талай жыл тарих қойнауына сүңгіп, жылғадан қаншама мәрте су ақты. Біздің өзгерер түріміз көрінбейді. Алыс-жақынға барып келгенде сол елдің қоршаған ортасы туралы аузының суы құрып, әңгіме тиегін ағытатын ағайын өзіміздің табиғатымыз жайында тіс жарғысы келмейді. Бұл қолдағы бардың бағасын білмейтінімізді айғақтаса керек. Арамызда жай сейіл құрып жүріп-ақ, аң мен құсты оққа байлайтын қаскөйлік ниеті бар жандар да жүр. Әрине, оған ешкім де шектеу қоя алмас. Алайда жүгірген аң мен ұшқан құстың да сұрауы бар екенін ұғынып жатқан тірі пенде болсайшы. Осының салдарынан табиғат жанашырлары дайындайтын «Қызыл кітапқа» енген қоршаған орта құндылықтары көбейіп, осы кітаптың беттері де күн санап қалыңдап барады.
Дүниежүзінде «Қызыл кітап» алғаш рет сонау 60-жылдары тұңғыш рет басылып шықты. Халықаралық табиғат және табиғат ресурстарын қорғау одағы жер бетінен тұқымы тұздай құрып бара жатқан жан-жануарды, құстар мен өсімдіктерді сол еңбекке енгізген еді. Қоршаған ортаның баз баяғы қалпымен жайнап тұрғанын жаны қалайтын әлем ғалымдары осы арқылы адамзат баласын табиғатты қорғауға шақырады. Әйтсе де одан бері жарты ғасырға жуық уақыт қас қағым сәттей зулап өте шықса да, кейбір елдерде бұл бағытта әлі де нәтижелі істер жасалып жатқан жоқ. Өз алдына түтін түтетіп келе жатқанына 20 жылдан асса да, Қазақстан да бұл бағытта оң нәтижеге қол жеткізе алмай келеді.
90-жылдардың басына дейін ақбөкеннің елімізде кәсіптік мақсатта пайдаланылып келгенін бүгінде біреу біліп, біреу білмес. Сол жылдардың өзінде байтақ даламызда 1 миллионға жуық аталмыш жануар болған екен. Арада небәрі он жылдай өткенде олардың саны 21 мыңға дейін қысқарып кеткен. Сонда ақбөкеннің бірден 50 есеге дейін азайып кеткенін байқау қиын емес. Әрине, оған табиғаттың қолайсыздығы да әсер еткен шығар. Алайда біз жазықсыз жануардың оттан гөрі оққа көбірек байланғанын білеміз. Өкініштісі, сол уақытта оларға тәйт деген ешкім болған емес. Тіпті ақбөкен азайып бара жатыр деген дабылға қазір ешкімнің де елең ете қоймайтыны сайын сахараның еркелеріне жанымыздың ашымайтынын аңғартады.
Рас, табиғаттың қолайсыз жағдайға душар болуы да аң мен құстың кемуіне алып келеді. Өткен ғасырдың ең ауыр апаты – Арал тағдыры осы өңір табиғатына есепсіз қасірет әкелгені анық. Теңіздің суы тартылып, аңқасы кепкен алқаптар көлемі тоқтаусыз ұлғайып келеді. Осының кесірінен Аралдың маржаны саналған балықтардың 28-ге тарта түрі мүлде құрып кетті. Мәселен, Арал албырты, Арал ақмарқасы, Арал шемейі секілді балықтарды бүгінгі ұрпақ біле де бермейді.
Оразхан АЙДАРОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Жалпы, қайсы бір істе де жанашырлық танытқан дұрыс деп ойлаймын. Кезінде табиғатқа деген жылы пейіл болмады. Бұл жануарлар мен құстардың азаюына алып келді. Уақытында Сыр өңірінде жолбарыстың жортып, еліктердің топ-тобымен өріп жүргенін көзкөргендер әлі күнге айтып жүр. Өкінішке қарай, бүгінгі күні жолбарыс тек аңыз түрінде айтылатын әңгімеге айналса, еліктердің аман қалғаны 10 басқа да жетпейді екен. Сондай-ақ, Барсакелмес қорығында болған қазақ құланы осы күндері мүлдем кездеспейді десе де болады. Оның орнына Түрікменстан жерінен жеткізілген құландар әзірге оның орнын жоқтатпай отыр. Байқасаңыз, осылардың барлығы дерлік өткен ғасырдың алғашқы жартысына дейін жеткен. Енді сол жазықсыз жануарлардың кебін ақбөкен де кие ме деген қауіп бар екенін несіне жасырамыз? Дегенмен олардың саны неге азайып кетті, қалай көбейте аламыз деген сауалдар төңірегінде мардымды жауаптар берілмей келеді. Ендігі 10-20 жылда біз ақбөкендерді тек суреттен ғана көріп қалуымыз ғажап емес.
Қазақ елінде «Қызыл кітап» алғаш рет 1978 жылы басылып шыққан. Оның дайындалуына белгілі ғалым-зоолог А.Слудский ұйытқы болған. Алғашқы басылымда балықтың – 4, қосмекенділердің – 1, бауырымен жорғалаушылардың – 8, құстардың – 43, сүтқоректілердің 31 түрі енгізіліпті. Ал екінші басылымында олардың саны одан сайын арта түскен. Мәселен, балықтың – 16, қосмекенділердің – 3, бауырымен жорғалаушылардың – 10, құстардың – 58, сүтқоректілердің 42 түрі «Қызыл кітаптан» орын алды. Осы деректің өзі бізді ойландырады. Араға көп жыл салмай-ақ қайта шыққан басылымда жануарлар мен құстардың, өсімдіктердің саны азайып бара жатқанын айқын аңғарасың.
Қазақ жері табиғат құндылығына бай. Бұрынғы кезеңдегі аң мен құстың, өсімдіктің қанша екенін білмедік. Ал соңғы деректер бойынша елімізде сүтқоректінің – 180, құстың – 500, бауырымен жорғалаушылардың – 52, қосмекенділердің – 12, балықтың 104-ке жуық түрі бар көрінеді. Омыртқасыз жәндіктер санатына енгізілген шаян тәрізділер, ұлулар, құрттардың саны да жетерлік.
Бұрын кең-байтақ жерімізге көз тастай отырып, табиғат байлығына көңіліміз тоғаятын еді. Қазіргі күні сол көңіл құрғырдың пәс түсіп қалатын жағдайы жиі кездеседі. Табиғат байлығын бағалай білмесек, тіпті күні ертең терең күрсінуден өзге амалымыз қалмайтын шығар...