Қазақстанда жасалған 72-тепловоз жолға шығуға әзір
Кеше Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» өзінің 72-өнімін аяқтап шықты. Соған орай Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған зауыттың ТЭЗ33А-0072 нөмірлі отандық «Evolution» тепловозына Қазақстанның Елтаңбасын бекітудің салтанатты рәсімі жүзеге асты.
«Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-ның фирмалық логотипін жазып жапсыру және Қазақстан Республикасының Елтаңбасын бекіту теміржолдың жылжымалы құрамын дайындаудағы күрделі жұмыстардың соңғы нүктесі болып табылады. Яғни отандық зауытта «Evolution» сериясындағы бесінші буынды 72-тепловозы дүниеге келді деген сөз. Зауыт цехында отандық локомотивтердің қаусырма қаңқалары құрастырылып, оған кабинасы мен тепловоз корпусы орнатылған соң, Локомотив логотипін жапсырып, өнімді Елтаңбамен мөрлеуді зауыттың озат слесары Нұрлан Әшімов жүзеге асырды. Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылады. Заманауи зауыт 2009 жылғы шілденің 3-інде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған болатын. Сол жылы желтоқсан айында елімізде шығарылған тұңғыш қазақстандық тепловоз пайдалануға берілген еді. Алғашқы тәжірибелік сынақ тепловозы «General Electric» компаниясының жинақ бөлшектерінен құрастырылды. Сынақ тепловозын шығару, оны технологиялық жинақтау, құрастыру барысында персоналды оқыту жұмыстары да жүргізілді. Зауыттың жобалық қуатымен жылына 150 тепловоз құрастырылады. Локомотивтің бұл түрінің техникалық сипаты қолданыстағы басқа машиналарға қарағанда бірнеше есе жоғары. Жалпы алсақ, заманауи зауыт салу бұл – Қазақстанның локомотив паркін жаңғыртудың бастапқы қадамы болмақ. Сонымен қатар біздің еліміз Кеңес Одағы кеңістігіндегі локомотив құрастыру саласында алғашқылардың бірі болып жаңа үлгідегі технологияны меңгеруге бел шеше кірісіп кетті. Ал отандық жаңа тепловоз – қоршаған ортаға лас қалдықтарды неғұрлым аз шығару жөнінен де үздік үлгілік нұсқа. Аталмыш зауытты іске қосу арқылы 700 жаңа жұмыс орны ашылған. Былтырғы жылы зауыт қабырғасында осындай отандық 30 тепловоз құрастырылып, өңірлерге жол тартты. Биылғы жылы 79 тепловоз шығару көзделіп отыр.
Отандық «Эволюшнге» сыртқы сұраныс та зор
Зауыт тепловоздары негізінен 2014 жылға дейін Қазақстанның ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуді жүзеге асырмақшы. Дегенмен озық үлгідегі отандық өнімге іштен ғана емес, сырттан да сұраныстар қазірден көптеп түсіп жатқан сыңай байқалады. Алдымен ішкі нарыққа келсек, бұған дейін «Локомотив құрастыру зауытында» дүниеге келген қазақстандық тепловоздар елдің шығысындағы шойын жолдарда жөңкіп, жұртшылық үшін «алысты жақындату» қызметін атқарып жатыр. Мәселен, Алматы-Сарыөзек, Алматы-Ақтоғай, Ақтоғай-Достық, Ақтоғай-Мойынты бағыттарының барлығында қазақстандық тепловоз жүйткіп жүр. Биыл 79 тепловоз шығару жоспарда болса, бұлардың басым бөлігі Ақтоғай-Аягөз, Аягөз-Семей, Семей-Өскемен теміржолдарына жіберіледі. Сөйтіп, елдің шығысындағы шойынжол тепловозына сұраныс қамтылысымен, кейінгі локомотивтер Қызылордадан бастап, біртіндеп батыс жолдарындағы қозғалысты жаңғыртуға ойысады. Сөйтіп, отандық өнім елдің ішкі тасымалының сапасын арттыратын бірден-бір құрал болмақ.
Ал сыртқы нарыққа келсек, 1520 мм жолтабанды теміржолды пайдаланатын бұрынғы Кеңес Одағы аумағында һәм Моңғолия секілді жақын көршілес мемлекеттердің көпшілігі қазақстандық «Evolution» тепловозына зор сұраныс тудырып отыр. «Алайда біздің тепловоздарды сату үшін өнім сертификатталуы шарт. Сондықтан да қазіргі таңда қазақстандық тепловоздар Ресейде сертификаттаудан өтуде. Монғолия тарапы қазақстандық тепловозды сатып алу үшін де сол сертификатты күтіп отыр. Бұдан бөлек, Тәжікстан да бізден ағымдағы жылы үш тепловозды сатып алғысы келеді», – дейді «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ президенті Марат Тілеубаев. Оның айтуынша, былтырғы жылы қазақстандық «ТЭ33А-0020» тепловозы Якутияда сынақтан сүрінбей өтіп, 50 градустық аязда шыдамдылығын көрсете білген. Сондықтан да осы елден де сұраныстар түсіп, сертификатты күтіп отырған жайы бар. Бұдан бөлек, ресейлік сертификатты талап етпейтін Балтық жағалауы мемлекеттері де қазақстандық тепловозға өзара қызығушылық танытқан. Өздері сынап көріп барып алмаққа бекінген ел де бар. Мәселен, Эстония мемлекетінің сұранысы бойынша «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-ның 45-нөмірлі тепловозы алдағы аптада сол елге сынақтан өткізуге жолданбақшы. 3-4 айлық сынақтан соң эстон тарапы бұған өз сертификаттарын беретін болады. Сосын Балтық жағалауы мемлекеттеріне де қазақстандық өнімді шығару мәселесі күн тәртібіне қойылады. «Бұдан бөлек, Ресейдің ішкі нарығындағы 20-ға тарта жекеменшік компаниялар «Эволюшнге» қызығушылық танытуда. Әсіресе өзінің жекеменшік жылжымалы құрамдары бар алпауыт, ресейлік компаниялар зор ықылас білдірді һәм бұлар да сол тепловоздың сертификатын тосып отыр. Жалпылама алғанда, біз биыл 69 локомотивті – «Қазақстан теміржолына», ал 9 локомотивті шетелдерге сатуға шығаруды жоспарлаудамыз», – деді зауыт басшысы Марат Болатұлы. Елдің ішкі нарығына сатылатын тепловоздардың бағасы 3 млн 900 мың долларды құраса, шетелге сатылатын баға 4 млн 800 мың доллардың шамасында белгіленіпті.
Осы тұста отандық «Эволюшнның» бәсекеге қабілеттілігі туралы мәселе көлденеңдейтіні рас. Өйткені Қазақстанда шығарылатын көпшілік дүние бағасы жағынан Қытайға есе жіберсе, сапасы жағынан Ресейге бой алдыратыны бар. «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-мен шығарылатын отандық «Эволюшн» тепловоздарының бәсекеге қабілеттілігі жоғары. «Темір тұлпар» тепловоз сапасы жағынан да, бағасы жағынан да көршілестермен бәсекеге түсе алады. Жалпылама алсақ, дүниежүзінде жоғары деңгейде сапалы тепловоздар жасайтын зауыт көп емес. Дегенмен әлемдік жетекші компания «General Еlectric» болса, біздің өнім солардың жобасынан туған дүние болып табылады. Оның үстіне, біздің зауытқа Ресейдің білікті мамандары келіп, тамсанып кетті. Сонымен қатар, бесінші буын тепловозының қазіргі ТМД аумағында шығарылатын тепловоздардан сапалық айырмашылығы айрықша», – дейді тағы да Марат Тілеубаев. Сөйтсек, заманауи технологиялармен, компьютерлендірумен жабдықталған қазақстандық тепловоздың сапасы Қытай өніміне қарағанда аса жоғары екен. Сондықтан да қазақстандық тепловозға Қытай да, Ресей де бәсекелес бола алмайды. «Ағымдағы жылы Мәскеуде тепловоздардың тартым-қозғалыс құрамы бойынша көрме өткен еді. Мұнда да көпшілік маркетингтік компаниялар қазақстандық тепловоздың қуаттылық сапасын жоғары бағалады. «Эволюшн» сериясындағы тепловоздар Ресейде шығарылатын тепловоздарға қарағанда, техникалық сипаты жағынан біршама артық бағаланады әрі бағасы онымен салыстырғанда 30 пайызға дейін төмен. Сонымен қоса, тепловоздың бесінші буыны саналатын қазақстандық сапа Кеңес Одағынан бері қолданылып келген екі тепловозды бірдей алмастыра алады. Яғни отандық тепловоз отын үнемдеу, экологиялық залалдың төмендігі, климаттық бейімділігі жағынан озып тұр. Сондықтан да Ресейдің көптеген жекеменшік компаниялары қазақстандық тепловозға қызығушылық танытып отыр», – дейді «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ президенті. Заманауи зауыттың қазақстандық қамтудағы рөлі де жыл сайын артып келе жатыр. Биылғы жыл басында отандық тепловоздарды құрастырудағы қазақстандық үлес 18 пайызды құраған. Қазіргі күні мұндай қамту 23 пайыздан асады. Ал жыл соңына дейін зауыт осы үлесті 50 пайызға арттыруды, 2014 жылға қарай 70 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр.
«ҚТЖ» отандық теміржол машина құрылысының локомотивіне айналды
«Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде өндірісі сәтті жүзеге асырылған «Локомотив құрастыру зауыты» болса, компания алдағы уақытта да бірқатар ауқымды жобаларды іске қосатын болады. Оның ішінде ел аумағындағы төрт ірі жобаның экономикалық дамуға үлесі ерекше болатыны болжанып отыр. «Бұлардың біріншісі – 146 шақырымды құрайтын «Өзен-Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» теміржолы. Жоба Қазақстан, Түрікменстан, Иран бағдарындағы «Өзен-Горган» халықаралық жобасының бөлшегі. Нысанның арқасында Қазақстанға Иран мен Парсы шығанағы елдеріне өтетін рынок ашылады. Жаңа теміржол бағыты – Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай пайдалануға берілетіні жоспарланған. Бұдан бөлек 293 шақырымды құрайтын Қорғас-Жетіген жаңа жобасы жүргізілуде», – дейді Ұлттық компанияның «Жаңа және импорт алмастыратын жобалар орталығы» филиалының директоры Мақсұт Исақов. Оның айтуынша, бағдарлама шеңберінде жүзеге асып жатқан Қытаймен шекарадағы «Алтынкөл стансысының» да болашағы зор. Қытайдың халықаралық сауда-саттық әлеуеті белгілі. Ендеше осы әлеуетті өз пайдамызға жаратудың да экономикаға қосары салмақты болмақ. Нақтылап айтсақ, шекарадағы шағын ғана Достық стансысы «ҚТЖ» табысының 20 пайызын құрайды екен. Ал жаңадан салынып жатқан «Алтынкөл стансысының» қуаты сол Достықтан екі есеге дейін артады деп жоспарлануда. Сондықтан да бұл аса тартымды жоба болып табылады. Оның іске қосылуы да ағымдағы жылдың соңына белгіленіп отыр.
Индустрияландыру шеңберіндегі тағы бір ауқымды жоба бойынша Қазақстан-Ресей-Француз бірлескен кәсіпорны арқылы электровоз шығаратын зауыт салу көзделеді. Ресейдің «Трансмашхолдинг» компаниясы мен француздың «Alstom» компаниясының басын қосатын зауыттың құрылысы алдағы қыркүйекте бастау алмақ. Сосын 2012 жылдың алғашқы жартыжылдығында құрылыс аяқталып, 2013 жылы зауыт қабырғасында қазақстандық тұңғыш электровоздар шыға бастайды. Бағдарлама аясында іске қосылатын бұл зауыттың жылдық қуаты 50 электровоз шығаруды жүзеге асыра алатын болады. Өнімнің экспортқа бағдарланатыны қазірден болжанады.
Айтпақшы, «Қазақстан теміржолы» ҰК әлемдегі қозғалыстың жүрдектігі мен жайлылық талаптарын ескере келе, заманауи сұраныстарды қанағаттандыру үшін испандық «Тальго» компаниясымен бірлесіп жолаушылар вагонын шығару зауытының құрылысын да қолға алған еді. Ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін осы зауыт Астанадағы Локомотив құрастыру зауытының іргесінен орын тепкен. Жалпы, «Тальго» вагондары 2004 жылдан бері Қазақстанда пайдаланылып келеді. Сондықтан да әлеуетті әріптес ретінде жолаушылар вагондарын шығару нысанына испандық «Тальго» компаниясы таңдалынған болатын. Зауыт жыл соңына дейін пайдалануға беріліп, соның өзінде 17 жолаушылар вагонын да шығарып үлгеретіні болжанады. Жүрдек әрі жайлы «Тальгоның» толық қуаттылығы жылына 150 жолаушылар вагонын құрайды. Зауыттың вагонына Орталық Азия елдерінің сұранысы қазірден түсіп жатыр. «Осылайша, «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ еліміздегі теміржол машина құрылысының тұтастай саласын қалыптастырмақ. Біз қазірдің өзінде Қазақстандағы машина құрылысының локомотивіне айналып отырмыз. Сонымен қатар индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік бағдарды да қамтып келеміз. Өңірлерде денсаулық сақтау, кедендік, шекаралық инфрақұрылымдар құрылысын да жандандыруға өз үлесімізді қосқанымыз – соның айғағы», – дейді Мақсұт Исақов. Компанияның қазақстандық қамту үлесі де жыл сайын артып келеді. 2010 жылдың қорытындысы бойынша «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-тың қазақстандық қамту үлесі жалпы сатып алулар бойынша 79 пайызды құраған. Бұл еліміздегі Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдар арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады. «Ағымдағы жылы біз бұл көрсеткішті 83 пайызға дейін арттырмақпыз. Бұл ненің есебінен жүзеге асады дегенге келсек, 2008 жылы компания сатып алулардағы қазақстандық құрамдастардың үлесін арттыру туралы бағдарлама қабылдаған болатын. Мұнда қазақстандық қамтуға басымдық беретін тетіктер жеткілікті», – дейді Мақсұт Пернебекұлы.