Қазақстанда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 62 501 бала баспана кезегінде тұр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты депутаттық сауалға жауап бергенде айтты.
"Соңғы он жылда 8 458 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала баспаналы болды, 2022 жылы 673 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала баспанамен қамтылды. 2023 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 62 501 бала бар”, – деп жазды ол.
Үкімет басшысы 2022 жылы жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін жалдау ақысының бір бөлігін (50/50) субсидиялау тетігі іске қосылғанын айтты. Бағдарлама мұқтаж ретінде есепте тұрған және соңғы 6 айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін қолжетімді.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында мүгедек қыздың мемлекеттік тұрғын үйден шығарылғаны хабарланған болатын.