Қазақша ойлауға төте жол
Мемлекеттік тілді жеделдете оқыту мәселелері бойынша жүзеге асып жатқан бағдарламалар жетерлік. Осындай бағдарламаның бірін Алматы қаласы әкімдігі «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мұғалімі Дюсембина Ғалия Жорабекқызы ұсынып отыр. Бұл бағдарлама тыңдаушыны бірінші күннен бастап өз ойымен жұмыс істеуге үйретеді, сондықтан да кітап «Учимся мыслить по-казахски» немесе «Қазақша ойлауды қалыптастыру» деп аталады. Бағдарламаның ерекшелігі – тыңдаушылар қазақ тілін жаттанды топик арқылы емес, өз ойы арқылы қабылдайды, сондықтан тілдік кедергілер, тіл шорқақтығы болмайды.
Бағдарлама орыстілді тыңдаушының өз ойын, айтарын қазақша жеткізуінің ұтымды жолын іздеу, түсіне отырып жеңілдетіп оқуға бағытталған. Өзге тілді үйрену үшін ең алдымен сол тілдің грамматикалық ережелеріне, өзіндік ерекшеліктеріне көңіл аударып, сөздік қорын білу және пайдалана алу керек. Білмегенім көп, сол «көптік» тілді меңгеруді қиындатады. Бірақ та сол қиналуды жеңілдетіп қазақ тілін үйренуге қажеттілігі: тоғыз-ақ ереже және үш қадам жол, сол арқылы тілді аз уақытта түсініп, толық сөйлеп кетуге болатыны айтылса, тыңдаушының көзқарасы мүлде өзгереді. Ол қандай жолдар? Кез келген тілді үйрену үшін зат есім мен етістікті меңгеру керек. Қазақ тілінде зат есімнің төрт жалғауы бар, етістіктің бастапқы деңгейде үш шағы және қалау райы қажет. Осы сегіз грамматика ережесінің кілті – үндестік заңы. Сонымен, осы тоғыз ереже арқылы өз ойымызды толық қазақшалауымызға үш қадам жолға әдеттенуіміз керек.
1. Орыс сөйлемін құру.
2. Сөйлемдегі әр сөзге баяндауыштан сұрақ қоя отырып сөздердің орын тәртібін анықтау.
3. Бар зат есімдерді төрт жалғау бойынша жүргізіп, ал етістікті шақ бойынша анықтау.
Негізгі тоғыз ереже, үш қадам
Бағдарламаның негізі, жүйесінің ерекшелігі, оқу жолы, ұтымды әдістері презентация сабағында түйінделіп жеткізіледі. Осы бірінші сабақта тыңдаушылар орыс тілінде сөйлем құрап, оны тірек кестелерін пайдалана отырып қазақшаға аударады. Тыңдаушылар жарты жылдың ішінде айтарын қазақшаға еркін, тірексіз аудара білуі керек. Тыңдаушы бағдарламаның бағытын, істейтін ісінің бас-аяғын түсініп, оңайлығына көз жеткізіп барып кіріскенде, тілді қабылдауы да жеңіл болады. Кестелердің мақсаты, онымен жұмыс істеу тәртібі, нақты үш-ақ сабақта түсіндіріледі. Қандай кесте? Нені білдіреді? Қалай пайдаланады? Төртінші сабақтан бастап әр сабақта кестелерді пайдалана отырып, орыс тіліндегі сөйлемдерді қазақшаға аударамыз, содан соң лексикалық 15 тақырыпты жалғастыра береміз. Бірінші айда сол тоғыз ережені жан-жақты түсініп, қолданып, жаттанды түрге жеткізіп, сөздерді орын тәртібіне лайықтап қоя білуге дағдыландыру қажет.
Екінші айдан бастап тыңдаушы күнделікті жүріп-тұруын, іс-әрекетін қазақ тіліне аударуды әдетіне айналдыруы керек. Осы бағытпен жұмыс істей отыра, төрт айда «мен орыс сөйлемін қазақшаға аударып отырмын ба? Е, ойымды аудармай-ақ қазақша жеткізіп отырмын ба?» деген сұрақ туады. Тыңдаушы сөздік қорымен жұмыс істегенде, сабақ сайын сегіз зат есім және сегіз етістік сөзін, зат есім және етістікке арналған «жаңа сөзбен жұмыс істеу кестесіне» енгізе отырып, сөздерді жаттанды түрде емес, ойлана отырып, ережелерді қайталай отыра, бар өзгерістерді байқай отыра, саналы түрде қабылдайды. Зат есімнің кестесі бойынша екі тілде төрт жалғаудың жекеше және көпше формалары қайталанады. Етістіктің тұйық, болымсыздық, қалау райы және үш шағы үнемі қайталанып отырады. Оқу барысында бірінші деңгейде 15 лексикалық тақырып бар. Әр тақырыпта 32 жаңа сөз беріледі. Осы сөздерді пайдалана отырып, екі тілде сөз тіркестері, жаттығулар, телефон әңгімелері, екеуара әңгімелер, аудио, видео, интерактив тақтасы бойынша түрлі жұмыстар беріледі. Бір сабақтың үстінде оқу, аудару, тыңдау, түсіну, сөйлем құру, ережелерді өз сөзінде және сырт сөзде аңғара білу, көру-есте сақтау зейінін дамыту жұмыстарын қарастыру керек.Теледидар, радио тыңдап, газет-журнал оқып, түсіне білу, сырт сөзді қабылдау талабын қоямыз. Төрт айдан соң ойымызды қағазсыз, еске түсіру қабілетін пайдалана отырып әңгімелесеміз. Бір тақырыпты белгілеп, сол тақырыпты жан-жақты білгеніміздің бәрін қоса отырып, бір-бірімізді жалғастыра отырып әңгіме құрамыз. Қойылатын талап – бар өткен сөз қорын пайдалану. Сөйтіп, «сөздік дорбамызды» өзімізбен сабақтан-сабаққа тасып жүреміз.
Тіл меңгерудегі екі тәсіл
Тілді оқыту үдерісінде мұғалім тек қазақша сөйлеп, тыңдаушылар естігендерін қайталай отырып, үйренуге болады. Бірақ та мұндай әдіс мектепте ғана қолайлы. Өйткені мектеп оқушылары қазақ тілін аптасына 5-6 рет үзбестен оқиды және олардың басты жұмысы – оқу.
Ал екінші тәсіл жұмыстағы мемлекеттік қызметшілердің өз бетімен тіл үйренуіне ыңғайлы. Грамматиканы, оқу жолдарын тек орыс тілінде түсіндіріп, лексикаға келгенде қазақ тілінде сөйлесеміз. Тыңдаушы қазақ тілі грамматикасын, меңгеру жолдарын орыс тілінде түсіне отырып, белгіленген қадам әдісін ойлана отырып, кестелерге сүйене отырып өз бетімен жұмыс істейді. Сол кезде қазақша сөйлеп, зейінін өзіңе аударып, ойын бөліп, кедергі жасамау үшін солардың ой үндестігіне сәйкестене отырып, орысша түсіндіре отырып жұмыс істеу керек. Тыңдаушы сабаққа бір ай үзіліссіз қатысса, сол мерзімде бар мәліметті, әдісті меңгереді. Ары қарай сөздік қорды молайта түсуге күш саламыз. Ал сабақ барысын үзіп алған тыңдаушылар топқа ілесіп жұмыс істеп кете алады. Өйткені оқу әдісі бойынша курс негізі алғашқы бір айда толығымен өтіледі. Лексикалық тақырыптар, сөздік қоры бойынша қатыса алмаған сабақтар қатты қиындық тудырмайды.
Тыңдаушылар мәтінді тез қабылдау үшін кітап өте жеңіл, қарапайым тілде жазылған.
Әдістеменің негізі
Ұсынып отырған әдіс – тоғыз ереже арқылы қазақ тілін меңгере алу, таза сөйлеп кету әдісі. Мұғалімнің міндеті – бағыт беру, қалай жұмыс істеу керек екенін түсіндіру, ал тыңдаушы тек дайын мәліметті қабылдаушы емес, ол – ізденуші. Жаттанды түрде емес, күнделікті тәжірибелік жұмыс үстінде, жұмысының әр қадамын түсіне отырып, өзінше жұмыс істеп, білімді өзі табады.
Әдістеменің ерекшелігі – бар мәліметтің тұтастығында, оңайлығында. Бұл әдістеме Алматы қаласы әкімдігі тыңдаушыларының, Сhek Pount, KIT бизнес орталықтарының, Еуропа қайта құру және даму банкі, Темірбанк, Халық Банк, USKO, Регион – Медиа, ORAKL, Atlas Copco, Network, Мұғалімдердің біліктілігін көтеру институтының, «Хабар» арнасының, «Вечерний Алматы» газетінің жақсы пікірлеріне ие болған.
Ғалия ДЮСЕМБИНА, Алматы қаласы әкімдігі «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы