Әрбір мұсылман баласына жақсы есім қою басты міндеттің бірі. Әрине, барлық адам бірдей емес. Әркім бұл мәселені өзінің қалауымен шешеді. Өзінің кіндігінен өрбіген ұрпағына қандай есім береді, оны әркімнің өзі шешеді. Азан шақырып қойған есімің құлағыңа түрпідей тимесе болды. Мұндай да жағдайлар аз емес. Тарихтан білеміз, кейбір батырлар мен хандарымыздың есімі солай қойылған. Оны айтуға келгенде ұстаздарымыз түрлі тәсілдер қолданып жататын. Оны жасыра алмаймыз. Ол есімді қоюдың да сыры болған шығар. Өйткені, біздің қазекем оны тектен-тектен қоя салмайтыны белгілі. Біреудің баласы тұрақтамай жатады. Баласы тұрақтасын деп сондай есімді қойылады. Расында, кейде содан кейін бала тұрақтап, сол әулет өсіп-өніп кетеді. Бұған ешбір дауымыз жоқ. Ғалымдар айтуынша, адамдардың есімдері оның өміріне де әсерін тигізетін көрінеді. Сондықтан оған мағыналы есім қоюды естен шығарып алмағанымыз абзал болар еді. Адам өміріндегі осынау маңызды шешім жайлы «Алаш айнасы» тілшісі ой толғайды.
Кейбір азаматтар тарихтағы белгілі адамдардың аттарын балаларына қойып жатады. Мәселен, кезінде қазақ баласының көбісі Абай, Жамбыл, Құрманғазы деп қойғанын ұмытқан жоқпыз. Сол нәрестелер бүгінде ержетті. Олардың барлығы дана болып кеткен жоқ. Яки, ақындық жолына түскені де аз шығар. Құрманғазы атанғанның барлығы домбыра тартып, күй өнерінің саңлағы атанған жоқ. Әрбір отбасына баласына есімді ырымдап қояды. Оған қарсылығымыз жоқ. Қойсын. Нәресте де сондай абыройлы азамат болсын. Өкініштісі, солардың арасында халықты қан қақсатқан баукеспе, бандит шығып жатса, оған кім кепілдік бере алады? Тіпті, есірткіге әбден еліткен біреу болса ше? Сонда олар жайында тілге тиек еткенімізде «Әлгі Абай бандит болыпты, Жамбыл ішіп жүр екен» дейміз бе? Бала Құрманғазы күні ертең нашақор болып шықса ше? Сол себепті есім қоярда оған өте сақтықпен қарағанымыз орынды шығар.
Тағы бір ойланатын мәселе, кезінде қазекем орысша немесе басқаша ат қоюға өте құлық танытты. Осының нәтижесінде елдің арасында Евгений, Сергей, Николай, Петр сынды балалар өсті. Бір өкініштісі, осындай есімдерді қазақы ауылда тұратын отбасы да қоюға арланған жоқ. Соның салдарынан қазақы ортаға ешбір сорпасы қосылмайтын адам есімдері көбейіп кетті. Тіпті, олар да балаларын орысшалап немесе өзгешелеп қойғанға мәз болғаны жасырын емес. Бірде мынадай жағдай болды. Төлқұжат алуға барғанмын. Менің алдымда тұрған адамның аты жөні Петр Николаевич Жаманбаев екен. Түр-түсіне қарасам, орысқа немесе басқа ұлтқа ұқсай қоймайды. Өзіміздің қараторы келген бауырымыз екен. Онымен сөйлесіп көргенімізде мынадай жағдайды бізге жайып салды. Оның атасы кезінде атқа мінген кісінің бірі екен. Балаларының атын орысша қоюға құлық танытқан. Олардан көрген немерелері де өзге ұлттың есімдеріне ие болған. Соның салдарынан қазақылық аяқ асты болып, ұрпағы орысшаланып кете жаздаған. Өйткені, бұл әулетте сол кезде қазақша оқыған ешкім жоқ көрінеді. «Мен өз баламды қазақ мектебіне жетектеп алып бардым» дейді. Оған қазақша есім беруді де ұмытпапты.
Бұл бір ғана жағдай емес. Мұндай оқиғаны тізбелеп айта беруге де болады. Өткенге өкіне қоймайық. Енді ертеңімізге көз жіберіп қарап көрелік деген ойымыз бар. Алайда, қазекем бұл тұрғыда әлі де ойлана қоймаған секілді. Әлі күнге дейін аты-жөнін толық қазақшалауға көше алмай келеді. Өйткені, кейбір орыс тілді бауырларымыз өздерінің балаларының есімін орысшалап қоюға ешбір қымсынатын түрі жоқ. Мәселен, олардың арасында Анастасия, Ирина, Елена есімді сәбилер жиі кездеседі. Оның барлығы тізбелеп айтып шығудың реті келмес. Айтарымыз, сол бір жаман әдеттен әлі де арыла алмай келе жатқан секілдіміз.
Біздің қазақы есідерде сан түрлі ұлттардың аты-жөндерін молынан кездестіруге әбден болады. Қазақтың әп-әдемі есімдері бола тұра, өзге халықтың есімдеріне жармасып аламыз. Мәселен, бізде Дильназ деген қыз есімі жоқ. Алайда, қазіргі ондай есімге еге болған қарындастарымыз баршылық. Олардың саны жыл сайын қаулап өсіп бара жатқан секілді. Сондай-ақ, екі қазақтың бірі Руслан есіміне әбден жармасып алған. Бұл есімнің түбі қай жерден шығатынын ешкім де білмейді. Әйтеуір, соған әбден әуес болып алғанбыз. Сонымен қатар, кезінде екі қазақтың бірі өздерінің қыздарына Индира есімін жабыстырып қойды. Әрине, тарихта Индира есімі үнді елінің қайраткер қызы ретінде жазылып қалды. Бірақ, оның біздің қазақы ортаға қандай қатысы бар? Дініміз де, діліміз де бөлек елміз. Сол кезде саясаттың салқыны біздің бойымызға әбден өтіп кеткен секілді ме қалай? Бірақ, сол Индираның барлығы халқы үшін қасқайып қарсы тұратын қайраткер қызға айналып кеткен жоқ қой. Соның салдарынан қаншама қазақ қызына өзге ұлттың есімі таңылып кеткенін елеп-ескерген ешкім жоқ.
Тағы да қынжыларлық нәрсе, біз кейде тегімізді дұрыстап жаза алмай жүргеніміз. Қазіргі заңдылықтар негізінде өзіңнің тегіңді қазақша да, орысша да бірдей етіп жазып алуға әбден болады. Яғни, өзіміздің ана тілімізде жазып алған артық емес. Бір танысымыз осыдан оншақты жылдай бұрын дәл солай етті. Оған үн қосып, біз де тегімізді қазақшалап алдық. Жап-жақсы бастама. Өкінішке қарай, олай етпек түгілі, мүлдем қазақшаға сай келмейтін фамилия алып жүргендер бар. Мәселен, кәдімгі Жұбандықов болса, оған кезінде Д әрпі жалғанып, Джубандыков болғаны бәріміз білеміз. Соны өзгертуге құлық танытпай жүрген бауырларды көргенде айтуынша айтамыз. Оны тыңдайтын құлақ болса дейміз ғой. Кейбірі жүре тыңдайды. Ендігісі менің ісімде не жұмысың бар дегендей сыңай танытады. Осының өзі әрбір адамның елжанджылығын, отансүйгіштігін танытып жатады. Тіпті, ол әрбір намысының белгісі де емес пе?
Қалай десек те, бұған бей-жай қарауға әсте болмайды. Оның соңында ұлт тағдыры тұрғанын ұмытпайық. Отарлау саясатының бірден-бір әрекеті кезінде осындай жымысқы әдеттен басталды емес пе? Соның салдарынан бүгінде саха, бурят сынды ұлттардың аты-жөндері толықтай орысшаланып кетті емес пе? Біз егеменді ел ретінде бұл мәселеге еркін қарап көрелік...
Қазақша есім қоюды неге ескере бермейміз?
Последние статьи автора