Қазақстанда балиғат жасына толмаған жас қыздардың дүниеге бала әкелуі жыл сайын көбейіп отырған көрінеді. Мұны жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастық мамандары әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде анықтапты. Қазақстандағы жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастық президенті Тамара Жүсіпәлиеваның айтуынша, жыл сайын елімізде 15-18 жас аралығындағы 10 мыңдай жасөспірім қыз дүниеге нәресте әкеледі екен. Бұл жайлы қауымдастық президенті баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Тамара ханымның пайымдауынша, балиғатқа жетпеген жас қыздардың дүниеге қалаусыз бала әкелуінің себебі жастардың жыныстық қарым-қатынастар мен репродуктивтік денсаулыққа қатысты сауатсыздығында жатқан көрінеді.
Тамара ЖҮСІПӘЛИЕВА, Қазақстандағы жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастық президенті:
– Бүгінгі таңда жастар 14 жастан бастап жыныстық тәжірибеден өтеді. Ал 18 жасқа толмайынша, ата-анасынсыз олардың жыныстық және репродуктивтік денсаулық туралы ақпарат алуына құқығы жоқ. Жыныстық сауатсыздық салдарынан аяғы ауыр болып қалған қыздар жасанды түсік жасаушылардың, тастанды балалар санының артуына себепші болып отыр. Тіпті кей жағдайда шарасыздықтан өз-өзіне қол салу жағдайы да ұшырасып жатады. Өкінішке қарай, Қазақстанда кәмелетке толмаған 14-15 жастағы жасөспірімдер арасында жасанды түсік жасату көрсеткіші өте жоғары. Мұның бәріне жастарымыздың жыныстық сауатсыздығы себеп болып отыр.
Осыған орай Т.Жүсіпәлиева ханым «мектептерде жыныстық және репродуктивтік денсаулық пәні факультативті түрде ғана емес, мектеп бағдарламасына енгізіліп, міндетті пән ретінде оқытылуы тиіс» деген пікір айтады.
Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, ҚР білім беру ісінің үздігі:
– Жыныстық және репродуктивтік денсаулық пәнін мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізу туралы пікірді қолдамаймын. Қазіргі жастарды жыныстық мәселелер бойынша сауатсыз дей алмаймыз. Олар бүгінде өздеріне қажетті ақпаратты ғаламтор арқылы алып отыр. Тек бізде осы тұста оларға сол ақпаратты дұрыс пайдалануға тура жол сілтейтін, бағыт беретін тәрбие ақсап тұр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі әйелдердің 40 пайызы жұмыс істеп, жан бағу қамымен жүреді екен. Олардың бала табуға да, тапқан балаға толық тәрбие беруге де уақыты жетпейді. Соның салдарынан бала өз-өзімен жеке қалып, еліктеп, кей жағдайда қате жолға түседі. Сондықтан да біз бір кездері кеңестік саясат ірткі салған ұлттық тәрбиені, салт-дәстүрді қалпына келтіруіміз қажет. Ана, ең бірінші, бала тәрбиесімен айналысуы тиіс. Ұлттық тәрбиедегі жеңгелердің де рөлін арттыруымыз керек. Бұрын бойжеткен қызға бой түзеу кезеңінде қажетті кеңесті жеңгелері беріп, оларға тура жол сілтейтін. Өкінішке қарай, қазір жеңгелер мен қайын сіңлілер сырлас болудан қалды. Бір кезде бір ауыз сөзге тоқтайтын қазақ бүгінде сөзге тұрақтамайтын болды. Мұның бәрі отбасындағы тәрбиенің босаңсып кетуінен орын алды. Біз енді осыны қалпына келтіруіміз қажет.
Қазақстандағы жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастық мамандарының деректері мен дәйектерін тұрғын халық саласындағы БҰҰ қорының Қазақстандағы кеңсесінің атқарушы өкілі Александр Косухин мырза да растап отыр. Оның айтуынша, жастарын жыныстық және репродуктивтік денсаулық саласында сауаттандыратын елдерде жасөспірімдер арасында босану көрсеткіші бірнеше есе аз екен.
Тұрғын халық саласындағы БҰҰ қорының Қазақстандағы кеңсесінің атқарушы өкілінің мәліметінше, жасөспірімдерін жыныстық және репродуктивтік денсаулық саласында оқытатын елдерде 1000 адамға шаққанда босанудың 4-8 оқиғасы тіркелсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 30-ға жетіп жығылатын көрінеді.
Осындай жағдайды ескерген БҰҰ қорының Қазақстандағы кеңсесі жыныстық сауатсыздық салдарынан жаза басып, жаңылған жастарға көмек қолын созатын 56 клиника ашуға пейіл танытып отырған көрінеді. Ол клиникаларда 200-дей волонтер жұмыс жүргізіп, жастардың жыныстық сауатын арттырумен айналысатын болады. Сонымен қатар клиникада мамандар аяғын аңдамай басқан жас қыздарға жүктіліктен арылудың жолын көрсетіп, қауіпсіз дәрі-дәрмектер күшімен жасанды түсік түсіруді жүзеге асырмақ екен.
Иә, жаза басып, жаңылғанға көмек көрсеткен жөн шығар. Десе де, «жаңыс басып, жүкті болып қалсаң, жасанды түсік жасап береміз» дегенді естіген жастардың тым еркінсіп кетпесіне кім кепіл? Жасанды түсік жасатқан қыз ертең ана болу мүмкіндігінен айырылса, оған кім жауапты болады? Сондықтан біз ең алдымен қазақи әдепті, «қызға қырық үйден жасалар тыйым» жайлы ұмытпағанымыз дұрыс. Біз қыздарымыздың жыныстық сауатын арттырғанша, оларды келін болып, босаға аттағанша жыныстық қатынастан бойын аулақ ұстауға үйреткеніміз жөн болар. Қазақ қызы үшін ар тазалығының қасиетін ұқтырғанымыз абзал.
Дәрігерлердің айтуынша, бүгінгі таңда жастар арасындағы бедеулік 20 пайызға жетіпті. Үйленіп, перзент сүйе алмай жүрген отбасылар 16 пайызды құрап отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабына сай бұл көрсеткіш 15 пайыздан асқанда қатерлі болып саналады екен. Демек, алаңдауға негіз бар.
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА, дәрігер-эмбриолог, «Экомед» медициналық орталығының жетекшісі:
– Әйелдерді бедеулікке бастайтын тура жол – жасанды түсік жасау. Менің алдыма табиғи жағдайда бала көтере алмаған әйелдер келеді. Солардың 70-80 пайызы – жасанды түсік жасату нәтижесінде бала табу бақытынан айырылған әйелдер. Ал жас организм үшін жасанды түсік жасау өте қауіпті. Өйткені аяғы ауыр болған әйел организмі қажетті гормондар бөле бастайды. Ал енді жасанды түсік жасаған сәтте ана организмінде күрт өзгеріс пайда болады. Бұл өз кезегінде бедеулікке алып келеді. Айды етекпен жапқанмен болмайды. Қазіргі қыздардың ерте жыныстық қатынасқа түсетіні ащы болса да шындық. Жалпы, маман ретінде қазіргі жастардың бұл үрдісіне қарсымын. Қыздар аяғы ауыр болып қалудан сақтану мақсатында гормондық дәрілер пайдаланады. Бұл да жас организмге өзгеріс әкеліп, бедеулікке шалдықтырады. Сонымен қатар мұндай жандардың алдағы уақытта қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығы артады. Тағы бір айта кетер жайт, кейінгі кезде жастар арасында әртүрлі инфекция жұқтырып, нәтижесінде бала көтеру қабілетін жоғалтқан әйел азаматтар қатары көп кезігетін болды. Мен бұған өзімнің күнделікті жасап жүрген жұмысымның барысында көз жеткізіп жүрмін.Сондықтан мен ана ретінде де, маман ретінде де қыздардың тұрмысқа шыққанша кездейсоқ қатынастардан аулақ болып, бойын таза ұстағанын қалаймын. Әйел үшін ең бірінші бақыт – бала табу. Қыздарымыз сол бақытының тамырына өз қолдарымен балта шауып, өмірлік өкініште қалмаса екен деймін.
Жастарымыздың ерте жыныстық қатынастарға баруы олардың ертеңгі күні бедеулікке шалдығуына себеп болуы әбден мүмкін екенін мамандар растап отыр. Дәрігерлердің пайымдауынша, алғашқы баланы жасанды түсік арқылы түсірген жағдайда жас қыздың болашақта ана атану мүмкіндігінен айырылу ықтималдығы артады. Сонымен қоса, жастар ерте жыныстық қатынас салдарынан әртүрлі ауру жұқтырып, соның салдарынан бедеулік дертіне шалдығуы мүмкін. Дәрігерлердің мәліметіне қарағанда, еліміздегі бедеулікке шалдығушылардың 56 пайызы әртүрлі жұқпалы ауру жұқтыру салдарынан болған. Сондықтан да бұл мәселеге үстірт қарауға болмас.
Бүгінгі бедеулік ертең-ақ демографияны діңкелететіні хақ. Сол себепті бұл мәселеге мемлекеттік демография тұрғысынан да, ұлт болашағы тұрғысынан да қарауымыз қажет.
Қазақи әдеп, «қырық үйден тыйым» қайда қалды?
Последние статьи автора