Бүгінде Қазақстанда банкке қарызы жоқ адам кемде-кем. Ақшаны тегін беріп жатқандай алады, ал артынан еселеп қайтаруға қауқары жетпей, өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиілеп барады. Батыстан енген осы бір несиеге өмір сүру үлгісі біздің қоғамда сәнге айналғандай, пайыздық үстемеақысының шарықтап тұрғанына қарамастан, жыл өткен сайын несие алушылар да, қарыздың көлемі де артып келеді. Психологтер «несиеге құштарлық – ауру» десе, экономистер «банк қарапайым халықтың қаржылық сауатының төмендігін пайдаланып, алдап отыр» деген пікірде.
Несие алу – ауру
Павлодарда жас жігіт ипотекалық несиесін төлей алмай, оныншы қабаттан секіріп кеткен. Алматыда қарызға белшесінен батқан әйелдің жүйкесі сыр беріп, жындыханадан бір-ақ шыққан. Шымкентте де борышкер асылып өлген. Бұл – соңғы жылдары орын алған фактілердің елге жария болған бірнешеуі ғана. Өкінішке қарай, банктегі қарыздарын өтей алмай, өз-өзіне қол салу қазақ қоғамында жиілеп кетті. Сонда банктердің мақсаты табысы аз тұрғындарға қол үшін беру ме, әлде оларды ажал апанына итермелеу ме?
Алдағы жылдарды есепке алмай-ақ қояйық, тек биыл ғана ресімделген төрт миллион несиені тұрғындар не мақсатқа алды деген ой көпті мазалары хақ. Мынау сауалнамаға көз жүгіртейік: «Несиеге өмір сүру дегеніміз не?» деген сауалға жауап бергендердің 14 пайызы жұмысына қарқын беріп, алға жылжуына септесетінін айтқан. 32 пайызы қарыз жүйкеге ауыр салмақ салатынын, ал ең көп, яғни 35 пайызы несиеге өмір сүруді үйреншікті жағдайға балайтынын жеткізіпті. Тек қалған 17 пайыз адам ғана барар жер, басар тауы қалмағандықтан қарызға батқанын хабарлаған.
Бұл сауалнама қоғамдағы жағдайды жүз пайыздық дәлдікпен анықтап бере алмас, бірақ көп нәрсені аңғартатындай. Шынымен де, бүгінде адамдардың көбі сәл ақша қажет болса, банкке жүгіретінді шығарды. Соңғы жылдары автокөлік пен баспананы айтпағанда, киім-кешек пен тұрмыстық заттарды несиеге алу сәнге айналды. Келіншегінің үстіндегі құндыз тонды, үйдегі теледидар мен тоңазытқышты да, жатып жүрген төсегін де, былайша айтқанда, бәрін, бәрін несиеге алатын адамдар көбейіп отыр. Тіпті шетелге барып демалу үшін қарыз алу қанат жайып келеді. Сонда адамдар теңіз жағасында бір ай демалғаны үшін бірнеше жыл бойы несие төлеп шаршайтынын неге ойламайтыны таңғалдырады? Психолог мамандар мұны ауруға балап, «кредитомания» деген атау да беріп қойған екен.
Танаш МАЛДЫНОВ, құқық қорғаушы:
– Бізге әртүрлі мәселелермен құқықтық көмек сұраған адамдар көп келеді. Солардың шамамен 20-30 пайызы банктермен арадағы дауды шешу үшін қолдауды қажет етеді. Менің тәжірибемде банктің ұтылғанын көрген емеспін. Демек, банкке несие алуға барардың алдында ойланып алған жөн. Баспанасынан қуып шыққан жағдайларды да көз көрді. Несиеге құмарту, яғни ақшақұмарлық – ауру екенін психологтер айтып отыр. Ол – шындық. Әсіресе әйел адам ақшаға жақын, яғни «кредитомания» ауруына ұшырағыш келеді.
Қаржылық сауатсыздық
Тұрғындар банк ақшаны тегін беріп жатқандай, таласып-тармасып алатынды шығарды. Тіпті пайыздық үстемеақыға назар да аудармайды. Бастысы, сұраған ақшаны қолға берсе – болғаны. Кейбір адамдар бір банктен алған қарызын жабу үшін – екінші банктен, оны жабу үшін келесісінен қарыз алатынды шығарған. Ертеңгі күнді ескермей алып алып, төлеуге келгенде опық жейтінін көбі ойламайды да. Экономистер мұны Қазақстан халқының қаржылық сауаттылығының төмендігінен деп отыр.
Мысалы, құқық қорғаушылардан көмек сұрай келген азаматтардың басындағы мына бір жағдайлар көпке сабақ болса игі: бір азамат бизнесін жандандыру үшін пәтерін кепілдікке қойып, 50 мың АҚШ долларын алған, бірнеше жыл үздіксіз төлеген екен. Банкке барса, қалған қарызы – 57 мың доллар. Екінші жағдай – 2007 жылы доллармен 34 мыңның несиесін алған адам, доллардың құны өсіп кетіп, ақыр соңында негізгі қарызының үстінен тағы 110 мың АҚШ ақшасын артық төлеген. Мұндай жағдайларды тізе берсе, өте көп.
Алтай ҚОЖАХМЕТОВ, экономика ғылымының кандидаты:
– Халық банкке еріккеннен бармайды. Ақша қажет болған соң, барар жері, басар тауы таусылған соң жүгінетіні анық. Бізде халықтың қаржылық сауаты өте төмен. Мұны банктер пайдаланып, ашықтан-ашық алдап отыр. Барған адамға дайын келісімшартқа қол қойдырта салады. Төрт-бес бет келісімшартты кім сол жерде оқып жатады, оқығанның өзінде түсінетіндер аз. Ал шартпен келіспейтін бірен-саран адам табылса, «несиені бермей қоямыз» деп қорқытады. Ал қалай төлейтіні, өтеудің қандай жолдары бар екенін түсіндірмейді. Мысалы, аннуитет деген бар, халық оны білмей қол қоя салады. Сосын ай сайын 100 мың теңге төлесе, соның үш пайызы, яғни 3 мың теңгесі ғана негізгі қарызды жабады, ал қалған 97 мыңы – банктің пайдасы. Нағыз алдау ғой бұл. Кейбір зерттеулер бойынша, несие алған адамдардың 40 пайызы шартты дұрыс түсінбегендіктен алданып қалады екен.
Банктердің халықты қаржылық жағынан қолдаушы емес, қанаушыға айналғанын Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко да мойындап отыр. Еліміздің бас банкирінің пікірінше, тұтынушылар да көз алдын ғана ойлайды екен және «ертең қаржылық жағдайы бүгінгіден жақсарып, несиені өтей саламын» деген алдамшы сенімге бой алдыратын көрінеді. Бұл туралы жақында журналистермен өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Григорий МАРЧЕНКО, ҚР Ұлттық банктің төрағасы:
– Кейбір банктерде жылдық үстемеақы 80 пайызға дейін жеткен, ал шағын несие беру ұйымдарында 150 пайызға дейін жеткен екен. Біздің ойымызша, бұл – тұрғындарды тонау.Сондықтан заң қабылданды, заң бойынша банктер мен қаржылық ұйымдардың пайыздық өсімі 56 пайыздан аспауы керек. Кейбір адамдар ойланбастан несиеге кіреді. Отбасының барлық табысы қарызды өтеуге кетсе, немен өмір сүреді. Сонда не үшін дейсіз ғой, үлкен плазмалық теледидар немесе басқа да бір тұтыну жабдығын алу үшін. Меніңше, оларсыз да өмір сүруге болатын сияқты.
Қазақстан тұрғындарының 70 пайызы мұсылман дінін ұстанатыны белгілі. Пайғамбарымыз Мұхаммед қоштасу құтбасында: «Алла тағаланың бұйрығымен өсімқорлыққа енді тыйым салынды. Надандық дәуірінен қалған бұл жаман әдеттің барлығы аяғымның астында. Алғаш жойылған өсімқорлық – Абдулмүтәлібтің ұлы Аббастың өсімқорлығы» деген болатын. Сонда мұсылман дінінде тыйым салынған өсімқорлық біздің қоғамда азаюдың орнына қанат жайып тұрғаны – түсініксіз.