Бүгінгі күні Қазақстанның ішкі миграция мәселесі ақсап келеді. Себебі бізде ішкі көші-қон мәселесімен тікелей айналысатын орган, тіпті арнайы мамандар да жоқ. Бұл саладағы қордаланған мәселелермен бірде қоғамдық ұйымдардың, ал бірде полиция қызметкерлерінің айналысуы сондықтан. Мамандардың сөзіне қарағанда, ішкі миграция мәселесін ретке келтірмей, заңсыздық, құқық бұзушылық сынды теріс әрекеттердің алдын алу әзірге мүмкін емес.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, Кеңес өкіметі кезінде елімізде ішкі мигранттардың жағдайымен айналысатын арнайы органдар болған. Олар мигранттарды тіркеу, құжат беру сынды істермен шұғылданатын. Ал бүгінгі күні мұндай орындардың болмауынан, әсіресе қалалы жерлерде сырттан келетін ағайындардың қолымен жасалатын қылмыс түрлері көбейіп келеді. Ірі қалаларда сырттан келген азаматтар көбіне заңсыз сауда жасау, ұрлыққа түсу, есірткі тасымалдау және сақтау сынды қылмыстар жасайды. Сонымен бірге тіркеулерінің болмағандығы себебінен олардың құқықтары көп жағдайда қорғалмай жатады. Қазіргі таңда Көші-қон комитеті тек шетелден келген азаматтармен ғана жұмыс істейтіндіктен, ішкі миграция мәселесімен айналысу жұмыстары, негізінен, ішкі істер басқармаларына жүктелген. Әрине, бұл бағытта тынбай қызмет етіп келе жатқан басқармалар да жоқ емес. Мәселен, Алматы облысына қарасты Қарасай аудандық ІІБ ақпан айында «Саяжай» атты жедел алдын алу шарасы барысында 2 мыңнан астам саяжайды тексеріп, он күннің ішінде 100-ден астам мигрантты республика аумағынан шығарып, 300-ге жуық заңсыз жүрген азаматты тіркеуге алған. Жақында бұл басқарма «Қауіпсіз ауыл» деген тағы бір жедел қауіпсіздік шарасын бастады. Басқарма мамандарының сөзіне қарағанда, шараның негізгі мақсаты – аудан көлемінде жүрген заңсыз мигранттарды анықтап, оларды есепке алу, қоғамдық тәртіпті күшейту. Шараға полицейлермен бірге аудан халқы, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар да жұмылдырылды. «Бұл мәселені тек полицейлерге жүктеп қойған дұрыс емес, тәртіпті сақтау – барша халықтың ортақ міндеті. Қылмыскерлерді ең алдымен тұрғындардың өздері біліп отырады. Біз олармен бірлесіп, түсіністікпен қимылдаймыз», – дейді аудандық ІІБ-нің полицейлері. Қазіргі күні Қарасай ауданындағы үш ауылдық округке тексеру жүргізілді, енді қыркүйектің соңына дейін қалған ауылдар да түгел тексерістен өтеді.
Жақсылық БУТЕКОВ, Қарасай аудандық ІІБ-нің бастығы, полиция полковнигі:
–Жасыратын не бар, басқа жерлердегі сияқты бізде де заңсыздықтар болып тұрады. Соңғы уақытта, әсіресе, мигранттар мәселесі қиын болып тұр. Қазіргі күні Қарасай ауданында 265 мың халық тұрады. Бірақ тіркеуде тұрмағандарды қосып есептегенде, 300 мыңға жетуі мүмкін. «Қауіпсіз ауыл» шарасын маусым айының ортасында бастағанбыз, осы уақыт ішінде үш ауылдық округті тексердік. Енді, міне, бүгін Үлкен Алматы ауылдық округін тексергелі жатырмыз. Жалпы санақ бойынша бұл жерде 12 мың тұрғын бар деп саналады. Ал әкімшіліктің берген ақпаратына қарағанда, 20 мыңға жуық азамат бар екен. Көрдіңіз бе, заңсыз жүргендердің саны қанша? Бұл шара өзіміздің тікелей бастамамызбен, аудандық әкімшілік пен облыстық басқарманың келісімі арқылы жүргізіліп отыр. Полицейлер екі ауысыммен жұмыс істейді. Барлық техника мен қажетті құралдар тартылды. Менің ойымша, бастама жақсы нәтиже көрсетеді.
Амантай САҒЫНБЕКОВ, Үлкен Алматы ауылдық округінің учаскелік инспекторы:
– Рейд кезінде үйді-үйге кіріп, бұрын сотталған азаматтарды, заңсыз қаруларды, ішімдік ішіп жүргендерді анықтаймыз. Ішіп жүретіндердің арасында бұрын сотталғандар көп кездеседі. Сондай-ақ нашақорлар да кездесіп тұрады. Олардың кейбірінің тіркеуі жоқ болса, енді біреулерінің үй-жайы жоқ болып шығады.
«Қауіпсіз ауыл» қауіпсіздікті күшейтеді
Последние статьи автора