Былтырдан бері Алматы базарларының басынан «бұлт» кетпей қойғаны есте. Әкімдіктің базарды жаппай жабу науқаны аясында өрт оқиғаларының жиілеп кеткенін де білеміз. Сосын осыған қатысты біраз тұстан әңгіме айтылып, бәзбіреулер бұны биліктің заңсыз базарларға жасалған күресінің түрі деп атаса, енді біреулері «әкім-қаралар базар жайлаған жерді заңды түре қайтарып алуға кірісті» деді. Әйтеуір базардағы өрт оқиғалары біренен соң бірі тұтанып, ақыр аяғы мұны қасақана жасалды дегендер де көп болды. Шындығын айтқанда, олай ойламауға да болмайтындай еді. Сол тұста «ләм-мим» демегенімен, қазір оны ресми билік те мойындап отырған сыңайлы. Бас прокуратураның өрт қауіпсіздігіне арналған тексерістері біраз мәселенің басын ашып берді. «Алаш айнасы» бұл жайында ой толғаған еді.
Қазақстанда өрт оқиғаларының саны артып келеді. Прокурорлық тексерістерге сәйкес, соңғы үш жылдың (2011-2013) ішінде елімізде 1,5 мыңға жуық адам тілсіз жаудың жалынына шарпылып, ажал құшыпты. Олардың 174-і - сәби.
Өрт демекші, тілсіз жаумен күресте қаладан бұрын ауылдың мәселесі мүшкіл болып тұрған сыңай бар. Себебі бүгінде өрт қауіпсіздігі жүйесімен тек 272 елді мекен ғана қамтылған. Тоқтала кететін жайт, Қазақстандағы ауылдардың ұзын саны 7 мыңға дейін жетеді. Ендеше, 6 мыңнан астам ауыл өрт қауіпсіздігі жүйесіне толық сай емес деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, бетін ары қылсын делік, бүгінде ауыл-ауылды тілсіз жау шарпыса, одан қорғау тиімділігі тым төмен деңгейдще қалып отыр. «Қазіргі кезде ауылдық жерлердің 90 пайызында өртке қарсы қорғанысы жоқ. Оған қоса, өрт сөндіру қызметтеріне тиесілі деполардың 65 пайызын 40 жылдан бері пайдаланып келеді. Соның біршама бөлігі апатты жағдайда тұр», - дейді бас прокурор Асхат Дауылбаев. Бас прокурордың мәлімдемесіне Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко да бас изейді. Дегенмен, Божко мырза 40 жылдық тарихы бар өрт сөндіру деполары әлі де біраз уақыт жұмыс істей алады деп санайды. Себебі ондай нысандарды қолдану мерзімі 50-60 жылға дейін жетеді екен. Алайда министр мырза 21 депоның апаттық жағдайда тұрғанын мойындайды. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ірі қалалар мен елді мекендерді (тек 5 мың тұрғыны бар) өртке қарсы шаралармен толыққанды қамту үшін кем дегенде 177 депо салу қажет.
Сөйтіп, бір сөзбен түйіндесек, ауылдың жағдайы – анау. Ал қаланікі нешік? Мұнда да жағдай мәз емес. Қазір қалаларда өрт қауіпсіздігі ережелері дұрыс сақталмайды. Тіпті кең байтақ Қазақстанның далдиған даласы жетпейтіндей, қалада тұрғын-үйлерді салу жоспары тым жұтаң көрінеді. Өйткені, үй салынғаннан соң оның айналасынан ине шаншар жер қалмайды. Өрт қызметіндегілер «өз жұмысымызды дұрыс атқара алмаймыз» деп осы үшін жиі шағымданатын көрінеді. Базарда да солай. Оны мойындау қажет. Кәсіпкерлер үшін өрт қауіпсізігі деген «түсініксіз» жүйені орнатқанша, ақша беріп, құтылғаны тиімді. Ал оның арты кешегі Алматы «барахолкасында» болған өрт оқиғаларына ұласып отырады. Министр Божконың сөзіне сенсек, Қазақстанның сауда орындарында бір жылда 500-ге жуық өрт оқиғасы тіркеледі. Демек, күн сайын 1-2 сауда нүктесі өртке оранады.
Айтпағымыз, билік ашық айтпаса да Алматы базарларында болған өрт оқиғаларының қасақана жасалғанын мойындайтын тәрізді. Өйткені, қасақана өрт қойғаны үшін жазаны күшейту мәселесі де соңғы уақытта жиі көтеріле бастаған. Ал Ішкі істер вице-министрі Ерлік Кененбаевтың айтуынша, осы шара арқылы өрт оқиғаларының біршама азаюына әсер етуге болады. «Біздіңше, Қылмыстық кодекстің 2-бабы, 187-тармағы – «қасақана өрт қойғаны» үшін бас бостандығынан айыру жазасын 7 жылға дейін қарастыру қажет. Сол кезде аталған әрекеттер ауыр қылмыстар санатына жатқызылып, түбегейлі тергелетін болады», – дейді Е.Кененбаев. Ал Бас прокуратураның бастамасымен әзірленіп, Парламент қарауына енгізілген Қылмыстық кодекстің жаңа нұсқасына сәйкес, қасақана өрт қойғаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бас прокурор Асхат Дауылбаев та вице-министрдің ұсынысын қолдайтын сыңай танытады. «Әсіресе, бұл мәселенің базарларда қасақана өрт қою оқиғалары аясында өзектілігі артып отыр», – дейді Асхат Дауылбаев.
P.S. Былтыр Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Астанада өткізген баспасөз мәслихатында базар төңірегінде біраз жайтты қозғап, «осының артында елімізге белгілі тұлғалар тұр, мұндай «ойынды» қоймаса, олардың атын атап, түсін түстеп беремін, тағы біршама жайтты әшкерелеймін» дегенге саятын мәлімдеме жасап еді. Бұл доқ көрсету болмаса да, бәзбіреулерге жіберілген «дабыл» секілді көрінген. Ал прокуратурадағы кешегі «қасақана өртке қатысты жауапкершілікті күшейту» мәселесі де келесі бір «дабыл» секілді көрінді бізге. Осыны байқайтындар «дабылдың» қатты естіле бастағанын да алға тартады. Бірақ, кім біледі...
Қасақана өрт қою тыйыла ма?
Последние статьи автора