Қайырымдылық – мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі әрі адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі болып табылады.
Қазіргі қарттар үйі әу баста жасы ұлғайып, қараусыз қалған қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау мақсатымен құрылған мекеме екені белгілі. Бұл мекеме бүгінгі қоғамда өзінің орнын тауып, жалғыз қалған қарттарымыздың паналайтын орнына айналды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған «Еріктілер жылы» аясында 2020 жылдың 20 ақпан күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары Алматы қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған «Мирный Қазақстан» Қарттар үйіндегі қариялар мен соғыс ардагерлеріне қайырымдылық шарасын өткізді.
Тағдырдың талқысына түскен қарттарға мейірімділік танытып, қамқорлық көрсетуге талпынған кафедра оқытушылары аталған мекемедегі қарттардың көңілін, халдерін сұрап, жағдайларымен танысып, олармен әңгімелесіп, апарған арнайы азық-түлік өнімдерін, яғни қайырымдылық көмегін тапсырып қайтты.
«Мирный Қазақстан» Қарттар үйінің басшысы М. М. Мурзалиева: «Кафедра ұжымы әр кез осы мекемеге қарайласып, қол ұшын беріп тұрады. Бүгін де міне, өте бір сауапты іс атқарып отыр. Кафедра ұжымына осындағы қариялар да шексіз риза»,- деп шынайы алғысын білдірді.
Шара соңында кафедра оқытушылары сырқат қариялардың бөлмелеріне арнайы кіріп шықты. Ізгі тілектерін арнап, арнайы әкелген сыйлықарын тарту етті.
Өздері үшін құрақ ұшып, жандары қалмай жанталасып кафедра ұжымының құрмет көрсетіп жүргендеріне орталықтағы қариялар да ризашылықтарын білдіріп, рахмет айтып жатты. Қарттар үйінің қызметкерлері де өз тараптарынан алғыстарын жеткізді.
А. С. Казмағамбетова., М.А. Азнабакиева., М.П. Ешимов
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары